Дәрігер: Ядролық медицинаның онкологиямен күресте маңызы зор

Ядролық медицина – онкологиялық аурулармен күресте маңызды рөлге ие, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Елордадағы ҚР ПІБ МО ауруханасында 2022 жылдан бері өндірістік кешені бар Ядролық медицина орталығы жұмыс істейді. Мамандардың айтуынша, мұнда әзірге 7 түрлі радиофармацевтикалық препарат шығарылады.

Аурухананың Ядролық медицина орталығының жетекшісі Айгүл Сәдуақасовамен сұхбаттасып, ядролық медицинаның өткені мен бүгіні, болашағы туралы сөз қозғаған болатынбыз.

- Айгүл Болатқызы, алдымен ядролық медицина деген не? Қарапайым сөзбен түсіндіріп беріңізші...

- Ядролық медицина дегеніміз – емдеу және диагностика жасау үшін радиофармацевтикалық препараттарды пайдаланатын медицина саласы. Мұнда гибридті құрылғылар қолданылады, яғни бір құрылғыда екі аппарат тұрады. Біреуі – ПЭТ-КТ болса, екіншісі – ОФЭКТ-КТ.

ҚР ПІБ МО Ауруханасында онкологияны анықтау үшін фтор, көміртек және галийге негізделген 7 түрлі радиофармпрепарат қолданылады. Радиофармпрепараттардың алуантүрлілігі қатерлі ісіктерді дәл диагностикалау үшін қажет.

Ядролық медицинада диагностика жасау үшін қолданылатын екінші аппарат – компьютерлік томографиямен біріктірілген позитронды-эмиссиялық томография. Бұл аппарат онкологиялық ауруларды диагностикалап қана қоймай, кез келген орган мен жүйенің функционалдық қабілет деңгейін анықтай алады. Сәулелік немесе ультрадыбыстық диагностиканың ешбірі мұндай ақпарат бере алмайды.

Мәселен, біз бауырдың қалай жұмыс істеп тұрғанын, зәрдің қалай түзілетінін, қалай бөлінетінін секундына дейін көреміз. Жүректің дәл қазіргі уақыттағы қызметіне баға береміз. Бауырда қанша тірі жасуша бар екенін де қарай аламыз. Яғни бұл жерде айтқым келгені – ядролық медицина қамтитын салалар өте ауқымды.

- Қазақстанға ядролық медицинаның келу тарихы туралы айтып берсеңіз.

- Жалпы Қазақстандағы ядролық медицинаның тарихы 2008 жылы басталды деп айтамыз. Сол жылы Республикалық диагностикалық орталық жанынан алғашқы Ядролық медицина орталығы ашылған еді. Бірақ шындап келгенде, ядролық медицина Қазақстанда кеңес кезінен бар. Әрбір облыстық аурухана базасында гамма-камера аппараты тұратын. Ол Ташкент қаласындағы Ядролық физика орталығынан әкелінетін. Кеңес одағы ыдырағаннан кейін оны жеткізу мүмкін болмай қалды. Себебі тіркеуден өту, өнімнің сапасын бекіту секілді қиындықтар туындады. Сол себепті бұл тәсілдер 2008 жылға дейін пайдаланылмай кетті.

- Басқа зерттеу тәсілдеріне қарағанда ядролық медицинаның қандай артықшылықтары бар?

- Ядролық медицинаның бірінші артықшылығы – радиофармпрепараттар қолданылатынында. Біз ісіктің өзін немесе метастаздың басқа органдарды қаншалықты зақымдағанын ғана емес, процестің қаншалықты белсенді жүріп жатқанын көре аламыз. Бұл өте маңызды. Мәселен зерттеудің басқа сәулелік тәсілдері ағзадағы ісік туралы ақпарат бергенімен, оның адам ағзасын қалай зақымдап жатқанын дәл айта алмайды.

Екіншісі – науқас ем ала бастағаннан кейін қысқа мерзім ішінде оның пайдасы тиіп жатыр ма, қатерлі ісігі бар пациенттің жағдайы жақсарды ма, әлде нашарлады ма деген сұраққа жауап береміз.

Тағы бір артықшылығы, жоғарыда айтып өткенімдей – гамма-камера. Біз онкологиялық процестің белсенділігін позитронды-эмиссиялық компьютерлік томографта көреміз.

- Еліміздегі ядролық медицинаның болашағын қалай елестетесіз?

- Қазір Қазақстанда 9 ядролық медицина орталығы, 12 ПЭТ/КТ аппараты бар. Бұл – Қазақстан үшін жақсы нәтиже. Десе де, негізі 1 млн тұрғынға 1 ПЭТ/КТ аппараты қажет, яғни халық саны 20 млн екенін ескерсек, мұндай аппарат кемінде 20 болуы керек. Сондай-ақ дәл осы зерттеу түріне ұзын-сонар кезек болмауы үшін Қазақстанда кем дегенде 3 ядролық медицина орталығы ашылса керемет болар еді. Қазір Қазақстанның батысында орталық жоқ, орталық бөлігіне де қажет және шығыста кемінде тағы бір ПЭТ/КТ аппараты болуы керек.

Ядролық медицинаның дамуы радиофармацевтикалық препараттардың саны мен әртүрлілігіне байланысты да бағаланады. Себебі қолданысқа жаңа радиофармпрепарат енгізілген сайын қатерлі ісікті диагностикалаудың тиімділігі де артады.

Сонымен қатар ядролық медицинаның мүмкіндіктері бізде емдеу кезінде кең қолданылмайды деуге болады. Изотоптармен емдейтін, яғни тераностика орталығы елімізде әзірге біреу ғана – Семей қаласындағы ядролық медицина орталығы. Болашақта осының бәрі қолға алынады деп үміттенемін.

- ҚР ПІБ МО ауруханасының Ядролық медицина орталығының жұмысы қалай жүргізілуде?

- Біздің орталықтың тарихы 2015 жылдан басталады. Ол кезде біз радиофармацевтикалық препараттарды Республикалық диагностикалық орталықтан сатып алатынбыз. Бірақ олардың өндірістік кешені жиі бұзылатындықтан, радиофармпрепараттар ауруханаға тұрақты жеткізілмейтін.

Айта кететін жайт, бұл препараттар тез ыдырап кететіндіктен, оны шетелден немесе басқа қаладан, облыстан әкелу мүмкін емес. Мәселен фтор негізіндегі препараттардың өмір сүру ұзақтығы 19 минут болса, көміртек негізіндегілер 20 минутта ыдырап кетеді.

Сол себепті өндірістік кешені бар ядролық медицина орталығын құру туралы шешім қабылданып, 2022 жылы орталық ашылды. Мұнда радиофармацевтикалық препараттар шығарылады да бірден диагностикалық бөлімге, кабинеттерге жеткізіледі. Осылайша, біз тәуелділіктен арылып, өзімізге қажет препараттарды қазір өзіміз шығаратын деңгейге жеттік. Соның арқасында пациенттерді жыл бойы үздіксіз қабылдаймыз.

Қазір біз елдегі жетекші Ядролық медицина орталығы саналамыз. Себебі ешбір орталық 7 түрлі радиофармпрепарат шығармайды. Бұл үлкен жетістік деп санаймын.

- Әңгімеңізге рахмет!

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Арман Мухатов -архив
Өзгелердің жаңалығы