Дәрігер үнемі шаршап жүретін адамдарға құнды кеңес берді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстандық дәрігер, терапевт Меруерт Бақыт адамның үнемі шаршап жүру себебін атап, оның қай кезде қалыпты екенін, ал қай кезде патологиялық жағдай екенін түсіндіріп өтті.
Бұл туралы ол әлеуметтік желісіндегі тікелей эфир кезінде хабарлады.Қазір жиі кездесетін шағымдардың бірі - шаршағыштық. Егер сіз тек будильнигіңіздің 6-7-рет соққанынан кейін ғана оянсаңыз, ұйқыңыз қанбай, шаршап тұратын болсаңыз, түскі уақытқа дейін қатты шаршағыштық, ұйқышылдық басып тұратын болса, оның себептерін анықтау керек. Ең алдымен адамға дұрыс ұйқы қажет. Негізінен адам 23.00-ге дейін ұйықтап кетуі абзал. Есте сақтаңыз, қанша сағат ұйықтағаныңыз емес, қай уақыт аралығында ұйықтағаныңыз маңызды. Түнгі 11, 12, 1-де істейтін жұмыстарыңызды ерте таңғы уақытқа қалдырсаңыз болады. Сонда әрі ұйқыңыз да қанық болады, әрі шаруаңыз да бітеді, - дейді дәрігер.
Айтуынша, сергек жүруге тамақтану рационы да өте қатты әсер етеді.
Сондықтан таңғы асқа жеңіл сіңетін көмірсуларды (жеміс, ботқа, смузи, тәттілер) қолданбай, майлы, белокты тағамдар мен салат, жасұнық қабылдаған дұрыс. Көмірсуларды көп қолдану ағзамыздың сергектігі мен ұйқышылдығына жауапты орексин деп аталатын гормонның көп бөлініп, сіздің ұйқышыл болып жүруіңізді одан әрі күшейтеді. Сондықтан да каншалықты көмірсу қабылдайсыз, сонша белок пен май қабылдау арқылы күндізгі шаршағыштықты азайта аласыз, - дейді ол.
Меруерт Бақыт жоғарыдағы себептерді түзеткеннен кейін жағдай реттелмесе, гормондарды тексеру қажет екенін айтты.
Үнемі шаршағыштық гормондарды тексеруді талап етеді. Ең бірінші кезекте, әрине, қалқанша безі гормондары жетіспеуі (гипотиреоз), созылмалы шаршағыштық, салмақ қосу, тоңып жүру, шаш түсу, ісіну сияқты белгілермен білінуі мүмкін. Бұл кезде міндетті түрде ТТГ, бос Т4, Т3, антиТПО гормондарына анализ тапсырған дұрыс, - деп түсіндірді ол.
Сонымен қатар ол ағзада темір тапшылығы болса, адамды шаршағыштық басатынын атап өтті.⠀
Біздің ағзамыздағы темір энергияны реттеуге жиі қатысады, ал оның жетіспеуінен адам үнемі тоңып жүреді, жиі шаршап қала береді. Жүрек кейде қатты соғып кетсе, шаш түссе, тері бозғылт болып, топырақ жегіңіз келсе, бас айналу белгілері болса, сізде темір тапшылықты анемия болуы мүмкін. Бұл кезде гемоглобин, темірмен қоса міндетті түрде ферритинге анализ тапсыру керек. Жиі, жасырын темір тапшылықты анемия да кездеседі, - дейді маман.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Алдыңғы жаңалық
Алматыда екі метро станциясы іске қосылады
Келесі жаңалық
Жетісуда жабайы сауда көбейген
Өзгелердің жаңалығы