Дәрігер: Қызылша баланың миы мен жүрегіне де әсер етеді
Бұл туралы ОКҚ-да өткен жиында «Астана медицина университеті» КЕАҚ балалар жұқпалы аурулар кафедрасының меңгерушісі, медицина ғылымдарының докторы, жоғары біліктілік санатындағы инфекционист-дәрігер Динагүл Баешева айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бүгінде өкінішке қарай, екпе алмағандықтан бізде елде қызылша өсіп кетті. 1960 жылы екпе шыққанға дейін де балалар қайтыс болған. ДДСҰ-ның өлімнің көбінесе қызылшадан болатынына дәлелі бар. Сондықтан егер баланың денсаулығын сақтап қаламыз десек, онда алдымен балаға көп көңіл бөлу керек. Неге десеңіз? Қызылша тек тыныс жолдарына ғана емес, сонымен қатар баланың миына, жүрегіне, өкпесіне, бауырына, бүйрегіне – бүкіл ағзасына әсер етеді. Оның ауырғанын былай қояйық, ол асқынып кетеді, - дейді дәрігер.
Сөзінше, бұл вирус баланың иммунитетін жойып жібереді. Бала қызылшамен ауырғаннан кейін тұмау және бактериялармен ауырса, онда ол өте ауыр дәрежеде өтеді.
Қызылшаның тағы бір қауіпті жағдайы – ол адамның миының зақымдануы (панэнцефалит). Ол екі айдан бастап 20 жылға дейін созылуы мүмкін. Мысалы, бала екпе алмай, 5 жасында қызылшамен ауырса, 15 жасында ауру өршуі мүмкін. Панэнцефалиттен ешкім сақталмаған. Сол себепті қызылша өте қауіпті ауру. Бұл ауруды бәріміз қосылып жоймасақ болмайды, екпе алмай, қауіпке ұрынып қалмайық, - деп айтты Динагүл Баешева.
Дәрігер ата-аналарға баланың денсаулығына бей-жай қарамауға шақырды.
Елде қызылшаның өршуіне не себеп болғаны туралы жазған болатынбыз.