Дәрігер: Оп-оңай, бір дәрімен баланың иммунитетін көтере қоямын деу қате
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстанның отбасылық дәрігері Гаухар Жұматқызы бала иммунитет жүйесі жұмысының төмендеуіне, жиі ауруға, баланың ұзақ уақыт бойы инфекциялардан жазылмауына алып келетін негізгі себептерді атады.
Бұл туралы ол әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады.
Құнарлы тамақтанбау, баланы зиянды заттармен тамақтандыру, тамақтану рационы, режимі, қосымша тамақ қосу уақытының дұрыс болмауы, баланың жеткілікті мөлшерде су ішпеуі иммунитеттің төмендеуіне әкеліп соғады. Сонымен қатар антибиотикті өз бетінше көп қолдану салдарынан да бала ауруға жиі ұшырайтын болады. Баланың үнемі стрессте болуы, балаға себепсіз ұрсу, жазалау, үй ішіндегі ұрыс - керіс те баланың денсаулық жағдайына кері әсер етеді, - дейді ол.
Дәрігердің айтуынша, бала ұйқысының дұрыс болмауы иммунитеттің төмендеуіне әкеледі.
Сондай-ақ қарапайым гигиеналық шараларды сақтамау (қол жуу, шаң сурту) немесе шектен тыс тазалық (үнемі хлор, антисептик қолдану) да шегі болады. Тым әсерілеп кетпеу керек. Бұдан бөлек созылмалы инфекцияларды уақытында емдеу қажет: кариес, гайморит, іш қату т.б. Таза ауаға шықпау, үй ішіндегі ауаның ыстық, өте құрғақ болуы, қозғалыстың аздығы, баланың үнемі теледидар алдында отыруы осының барлығы жиі ауруға септесетін факторлар, - дейді дәрігер.
Бұдан бөлек баланың демалыс режимін дұрыс ұйымдастыру қажет. Мектеп жасындағы баланың үзіліссіз сабақ оқуы, дем алмай түрлі үйірмелерге баруы денсаулығына әсер етпей қоймайды.
Сонымен қатар ана сүтімен емізбеу, баланың жанында темекі шегу, яғни баланың үнемі темекі түтінін жұтуы, баланы салқынға үйретпеу, салқыннан қорқуы, үнемі қалың киіндіріп, суды жылытып беру де иммунитетті төмендеуіне ұшыратады.
Баланы шынықтыру үшін, денсаулығын жақсарту үшін біраз жұмыс істеу керек. Оп-оңай, бір дәрімен көтере қоямын деу қате! Қанша айтамын, иммунитет көтеруге арналған препараттар жоқ. Қанша витамин, дәрі беріңіз жоғарыдағы себептердің 1-2 еуі болса да, еш препарат әсер етпейді!, - деп түйіндеді Гаухар Жұматқызы.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Алдыңғы жаңалық
ИИДМ Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы тағайындалды
Келесі жаңалық
Атырау тұрғынынан сібір жарасының белгісі анықталды
Өзгелердің жаңалығы