Дәрігер: неврологияның өзектілігі күн санап артып келеді
Жалпы неврология – жүйке жүйесін зерттейтін медицина саласы деп білеміз. Біздің елде ғана емес, әлем бойынша соңғы кезде неврологиялық ауру түрлері артып келеді. Мамандар түрлі сипатта өршіп келе жатқан симптомдық белгілерге баса назар аудару керектігін айтып дабыл қағуда. Осы орайда неврология саласына қатысты бірнеше сауалды терапевт, невропатолог дәрігер Жансая Қайратбекқызына жолдадық. Он жылдан аса еңбек өтілі бар дәрігер жүйке жүйесіне қатысты аурулар белең алып келе жатқандығын айтты.
– Жансая Қайратбекқызы, сіздің жалпы мамандығыңыз – терапевт-дәрігер. Сонымен қатар сіз невролог мамансыз. Сізге алғашқы сауал, негізі невролог қандай ауру түрлерін емдейді?
– Бүгін ғана емес, жалпы неврология – медицинаның түп негізі, барлық сырқаттылықтың жоғары көрсеткіші осы салаға тікелей тәуелді. Адамның жүйкесі – оның, яғни адамның тұтас өзі.
Неврология, дәрігер ретінде медицина терминімен айтайын, жалпы, жүйке тамырларының шеткі жүйесі аурулары (остеохондроз, жүйкенің қабынуы, плексопатия);
Жүйке тамырларының орталық жүйесі аурулары (ми қан айналымының бұзылуы – инсульт, өткінші ишемиялық өршу; сондай-ақ, ми қан айналымының созылмалы бұзылулары – дисциркуляторлы ми дерті, болған инсульттердің салдары);
Демиелинизирлеуші аурулар (жайылған беріш (склероз), асқынған ми мен жұлынның қабынуы (энцефаломиелит, бүйірлі амиотрофиялық беріш және т.б.);
Болған бас сүйек-ми және омыртқа-жұлын зақымдарының салдары;
Бас ауруларының әртүрлі түрлері (бас сақинасы, күш түсірудің бас ауруы және т.б.);
Тұқым қуалаушы аурулар (миопатия, атаксия);
Талмалы ауру және қалшылдаған синдром;
Жүйке жүйесінің экстрапирамидалық зақымдануы (Паркинсон ауруы, эссенциалды тремор және т.б.);
Шығу тегі әртүрлі моно және поли жүйкелік дерттер;
Вегетативтік жүйке жүйесінің ауруларын емдейді. Бұл салаға қатысты әлемде күн сайын ерекше жағдайлар орын алады. Адам жаны қазақша мағынады айтқанда, қалай жұмбақ, қалтарысы көп болса, жүйке жүйесіне қатысты барлық ауру түрі де сондай тылсым, тосыннан шығар құпиясы мол тақырып.
– Жалпы невроз, неврология десе, қазақтың ұғымында жүйкесі тозған, ашушаң әйелдер көз алдымызға келеді. Соңғы кездері невролог-дәрігерге жүгінген балалар, жасөспірімдерді ерткен ата-ана көп. Неврология жас балаларда, сәбилерде қалай көрініс береді? Ата-ана ең бірінші қандай белгілерге мән беру керек?
– Балалардың жасына сәйкес неврологиялық аурулардың белгілері болады. Бұлшықеттердің тонусы қалыпты, норма бойынша болғаны маңызды. Дауыс, дыбыстарға реакция беру, яғни дыбыс шыққанда қарап немесе жауап қатуы керек. Яғни, рефлекстерге жауап қайтару керек.
Баланы жатқызғанда немесе отырғызғанда бос жата берсе, ол – қауіпті белгі. Баланың екі аяқ, екі қолдары бірдей симметриялы қимыл қозғалыста, яғни физиологиялық тонуста болу керек. Егер тек бір жағы ғана қозғалса, ол да қауіпті белгі. Баланың алақанына қолды қойғанда, бала қолыңызды қысып алу керек. Олай жасамаса, ол да қауіпті белгілердің бірі. Бала басын, мойнын бір-екі айдан асқан уақытта ұзақ болмаса да, белгілі бір сәт ұстай білу керек. Егер басын ұстай алмай шалқасына кете беретін болса қауіпті белгі. Егер баланы ішімен жатқызған кезде, қалай жатқызды солай жата берсе – ол да дұрыс емес. Сау бала автоматты түрде басын бір жағына бұрып алады. Бұл – қорғаныс рефлексі. Баланы веертикальді қалыпты тұрғызғанда басында аяғынның ұшымен сосын толықтай тұрады. Бұл нормадағы жағдай. Егер тұра алмаса, "Х" тәрізді қалыпты тұрса, аяғын толық баспаса. Құр салбырап қана, бос тұрса ата-ана дереу дәрігер көмегіне жүгінуі керек.
Ал енді ауқымды тақырыптың бірі – жасөспірімдердегі неврологиялық хал-ахуалы.
Жасөспірімдер арасындағы созылмалы аурулар арасында неврологиялық бұзылулар екінші орында тұрған дерт.
Жасөспірімдердегі невроз – жоғары жүйке қызметінің бұзылуынан болатын, белгілі бір белгілермен (мазасыздық, қорқыныш, тұрақсыз эмоция, көңіл күйдің өзгеруі, депрессия және тағы басқалар) көрінетін толық қайтымды психикалық бұзылыс.
Мысалы жас кезіндегі невроз – қорқыныш пен жауапкершіліктің тым көп олуынан да болады. Мектеп жасындағы балаларда болатын невроздың физиологиялық белгілері:
• Жүйке әлсіреуі.
• Тәбеттің төмендеуі.
• Ұйқының бұзылуы: күндіз ұйқышылдық, түнде ұйқысыздық. Көбінесе ішкі уаым, қорқынышпен бірге жүреді.
• Бас айналу, тұрақты бас ауруы.
• Спазматикалық ауырсыну.
• Асқазан-ішек жолдарының бұзылуы: іш қату, диарея.
• Шаршаудың күшеюі, бұлшықет әлсіздігі.
• Сабақ алдында алақан терлейді, жүрек соғысы жиілейді және бала ойын жинақтай алмайды.
Мектеп кезіндегі невроз дертінің психологиялық көріністері:
• Көңіл күйдің кенеттен, аяқ асты өзгеруі.
• Тітіркену және агрессивті мінез-құлық.
• осалдық, яғни, барлы нәрсеен ас тарту, ренжу.
• Депрессия күйі.
• Истерикалық күйге жиі түсу.
Егер осындай белгілердің кем дегенде бесеуін өз баласынан байқаған ата-ана өтпелі кезең деп көз жұмып қарап отырмай, дереу тиісті шараларды қабылдап, арнайы маманмен кеңесу керек.
Мектеп кезінде неврозға бейім балаларды айта кетейік. Олар:
• әсерлі, сезімтал балалар;
• өзін-өзі бақылай алмайтын студенттер;
• интроверт жасөспірімдер.
Жасөспірімдік невроздың қалыптасуына ықпал ететін белгілі бір психологиялық және физиологиялық жағдайлар бар: генетикалық: әртүрлі ұрпақ өкілдерінде тән жеке қасиеттер байқалады; церебральды-органикалық: жүктілік және босану патологиясы нәтижесіндегі ми қызметінің кейбір шамалы бұзылыстары; психоәлеуметтік жағдаяттар: шиеленісті отбасылық қарым-қатынастар, белгілі бір тәрбие, психоэмоционалдық стресс; сәйкес емес білім беру жүйесі: мамандандырылған мектептердегі жүктеменің артуы, қосымша сабақтардың шамадан тыс көп болуы.
Балалық шақта тұрақты қыңырлық, қорқыныш, мазасыздық, агрессивті мінез-құлық және сол сияқтылар да балаларда невроздардың болуын көрсетеді.
Жасөспірімдік шақта (12-16 жас) невроздардың пайда болуына үнемі көңіл-күйдің өзгеруімен организмдегі гормондық өзгерістер ықпал етеді.
Көбінесе ата-аналармен дұрыс емес қарым-қатынас өсіп келе жатқан балада неврозды қоздырады. Тым қатаң жазалар, қақтығыстар қарым-қатынастар, шамадан тыс талаптар, ата-ана тәрбиесінің тұрақсыздығы, тәуелсіздік пен жауапкершілікті шектеу. Оқушының психоэмоционалдық жағдайына мектептегі атмосфера мен мұғалімнің мінез-құлқы да әсер етеді. Психологтар ақпараттың тыныш және өлшенген интонациямен айтылса, әлдеқайда тез және оңай сіңетінін дәлелдеді. Үнемі айғайлау және бұйрық беру үні, ақпараттың шамадан тыс жүктелуі, мұғалімнің жүйкесі сыныптағы микроклиматты нашарлатып, оқушыларда жағымсыз эмоция мен шектен тыс психологиялық қысым сезімін тудырады.
Жасөспірім кездегі неврозды емдеу және алдын алу
Ең алдымен, ата-аналар жасөспірімнің күн тәртібін, жұмыс жүктемесінің сәйкестігін, демалыс пен дене тәрбиесінің болуын талдауы керек. Сондай-ақ жасөспірімнің жақындарына келесі тармақтарға назар аудару ұсынылады:
1. Жасөспіріммен эмоционалды байланыста болу.
2. Ата-аналардың күтулері мен өз баласының нақты мүмкіндіктерінің салыстырмалылығы.
3. Тәрбие үлгісін талдау, мүмкін, ол шектен тыс беделді және принциптерді ұстануды немесе шектен тыс қорғауды немесе рұқсат беруді қамтиды;
Егер мектеп неврозы үйлесімді отбасылық қарым-қатынастардың фонында пайда болса, церебральды-органикалық факторларды болдырмау және жүйке жүйесінің жұмысын қолдау үшін невропатологпен кеңесу керек. Психологпен кеңесу кезінде сіз психосоматикалық релаксация техникасын үйрене аласыз және психикалық релаксацияға арналған еркін және бағытталған визуализация әдісін меңгере аласыз, бұл жоғары сынып оқушысына өздігінен көмек көрсету дағдыларын меңгеруге, стресске төзімділікті арттыруға және мектептегі стрессті жақсы жеңуге көмектеседі.
Сонымен қатар, біздің халықта психологке тек науқас адам баруы керек деген ұғым бар. Бұл ойдан арылуымыз керек. Психолог – жан емдеуші маман. Сондықтан оған барудан, өзіңді танудан, кеңес алудан қысылып, ауру санап, ұялудың қажеттілігі жоқ. Ақыл-есі бүтін, сау адам да психолог кеңесін алып тұрса артықтық етпейді.
– Дәрігер ретінде болжамды түрде айтып өтіңізші, неврологиялық сырқаты бар адам түбегейлі жазыла ала ма? Ол үшін не істеу керек?
– Толық сауығу деген – ол неврологиялық аурулардың түріне, дәрежесінің ауырлығына, ауыру ұзақтығына, алған еміне байланысты әртүрлі болады. Толық емделетін неврологиялық ауру түрлері де бар. Кез келген дәрігер сырқатты емдеуде аянып қалмайды: халық осыны түсінуі тиісті, дәрігер барлық нұсқаулықты береді, көмектеседі. Ал, науқастың өзінде емделуге, толық жазылуға ниет болу керек, сенім болуы тиіс. «Мені емдеп жаз» деген түсінікпен дәрігерге жүк артып қоюға болмайды неврологиялық ауру түрлерін емдеу кезінде. Ол үшін ең алдымен сырқат жазылуға талпыну керек, айнала туыс, дос-жаран соған аз да болса жағдай жасап, жазылып шығуына ыңғай білдіріп, былайша айқанда, көмектесуі қажет. Дәрігер медициналық тұрғыдан демеу білдірсе, пациенттің өзінде, жалпақ тілмен айтқанда, өмірге деген құлшыныс, құштарлық болса, ауру әлсірейді. Біз, дәрігерлер қашанда қасаң қағидада қатып қалмаймыз. «Дәрігердің үш қаруы бар: Бірі – пышақ, екіншісі – дәрі-дәрмек, үшіншісі – жылы сөз». Иә, бұл кез келген адам үшін қарапайым сөз шығар, дегенмен, бұл жай ғана аксиома емес, дәлелді дүние, тереңдеп түсінгенге. Сонымен қатар, "Науқас адам дерт пен дәрігердің ортасында тұрады. Егер ол дәрігерді жақтаса, екеулеп дертті жеңеді. Ал егер науқас дерт жаққа шықса, ол екеуі бірігіп дәрігерді жеңеді" деген ғұлама Ибн Сина сөзі санамызда тұрады. Жалпы дүниежүзінде неврологияның өзектілігі күн санап артып келеді. Бұл еш жасыра алмайтын шындық.
– Неврологтың науқасты тексеру процесі қалай жүргізіледі? Арнайы сұрақтарыңыз бар ма, болмаса сырт келбеті, анализдері арқылы ма? Қалай диагноз қояды мұндай сырқаттарға?
– Ең алдымен алдымызға келген науқастың шағымы сұралады. Аурудың басталған уақыты, ауыру жиілігі, дерттің неден қалай басталғаны, не себеп болғаны анықталынады. Науқасты неврологиялық қарау визуальды болады. Қосымша инструментальды тексеру де жүргізіледі. Ал егер де керек болса, ауру түріне байланысты диагностикалық тексеруге жібереміз. Клиникалық анализдерін де мұқият қараймыз. Бұл бір дегенде қойыла қалар диагноз да емес. Сан түрлі себеп, сан түрлі зерттеуден соң саналы түрде дәрігердің қоятын диагнозы. Қандай диагноз болса да, адам тағдырына тікелей жауаптылық керек екенін ешбір дәрігер ұмытпайды мұндай жағдайда.
– Тағы бір өзекті сауал: балаға, жалпы адамның неврологиялық ауруға шалдығуына ең жиі әсер етеін не? Әлеуметтік желі немесе күнделікті ас-ауқатты дұрыс қолданбағанның салдары бар ма?
– Неврологиялық аурулар әртүрлі себептерге байланысты туындайды. Адам дүниеге келгеннен бастап, қартайғанға дейін біздің ағзаға сыртқы ортаның факторлары өз әсерін береді. Сонымен қатар қазіргі таңда қимыл қозғалыстың аз болуы салдарынан омыртқа бойларында ауырсыну кездеседі. Осылайша, салауатты өмір салтын ұстанбау, стресс, және қоршаған орта бұның барлығы айналып келгенде адамға тек зиянын келтіреді. Әлеуметтік желінің салдары бар. Әлеуметтік желіде, Әсіресе түнгі уақыттарда ұзақ отырса ол ұйқының бұзылуына әкеледі. Созылмалы ұйқысыздық жүйке жүйесінің ауруын тудырады. Күнделікті ас ауқатты дұрыс қолданбау, жиі майлы, ұнды, қуырылған тағамдар, газды сусындарды жиі тұтыну ми қан тамыр ауруларының жиі себебі болып табылады.
Неврологиялық аурулардың тууына көптеген нәрсе себеп болуы мүмкін. Адамның жүйкесі, қазақша айтқанда, қылдан да нәзік. Дегенмен, жүйкеге жүк салып, болмашы нәрседен кері факторлар жинай береміз. Бұл өз кезегінде күйгелектік, ашушаңдық, сенімсіздік, яғни, барлық дерттің бастауы болар жүйкенің тозуына әкеп соғады.
Адам ашуланады, ренжиді – ол табиғи құбылыс деп қабылдаймыз. Өкпе-ерніш, ашу, ыза – өтпелі сәттік құбыылс та болуы мүмкін. Бірақ, тұңғиыққа түсетін, сарыуайымға салынатын, күйзеліске түсіп кетсеңіз, неврологиялық ауруларды қолдан жасап аласыз. Сондықтан, ертеден келе жатқан тәмсіл: «ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздеген» ең дұрыс шешім.
Сонымен қатар, «ауру – астан» деген де ұғым бар бізде. Бұл да жанды сөз. Не ішесің, не жейсің – денсаулығыңнан, әсіресе, жүйке жэүйесінің орнықты немесе тұрақсыздығы соның айғағы. Қазіргі түрлі газды сусын, энергетикалық сусын, алкогольді сусындар – түкке тұрғысыз зиянды заттар. Мұның барлығы жүректің бұзылысына, мидың ретсіз жұмысына, жалпы бүкіл организмге кері зардабын тигізеді.
– Жалпы дәрігер, ана, қоғам жанашыры ретінде нендей кеңес бересіз?
– Салауатты өмір салтын қалыптастыру маңызды әрбір адам үшін. Зиянды заттардан, зиянды әдеттерден аулақ болу керек. Дұрыс тамақтануды ұстану – ең негізгі дұрыс өмірдің кепілі. Спортпен айналысу, үнемі үздіксіз жаяу жүру де – неврологиялық аурулар ғана емес, жалпы денсаулықтың жақсы болуына негіз болады. Сонымен қатар, неврологиялық аурулардың алдын алу немесе оны емдеу барысында да ерте ұйықтап, ерте тұру, ұйқы режимін қалыптастыру өте маңызды.
– Рахмет, жұмысыңызға табыс тілейміз!
Қазақстанда неврологиялық көмекті жақсарту мәселелеріне көп көңіл бөлінеді.
Қазақстанда неврологиялық көмек көрсету стандарты қабылданды, ол қазір жаңартылуда, негізгі неврологиялық аурулар бойынша КХ әзірленді, инсульт бағдарламасы, эпилепсия, нейро-бұлшықет аурулары бойынша Жол карталары сияқты жобалар жалғасуда.
2020 жылы міндетті медициналық сақтандыру жүйесі іске қосылды, онда жедел және созылмалы неврологиялық аурулары бар пациенттерге шығыстарды жабуға көп көңіл бөлінеді, - деп жазылған Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінде.
Денсаулық сақтау министрлігі өткен жылы неврологиялық көмек көрсетуді жақсартудың жаңа стандартын қабылдаған болатын.
Әлемде желтоқсанның бірінші күні Халықаралық невропатолог күні - жүйке жүйесі ауруларының профилактикасы және емдеу үшін жұмыс істейтін дәрігерлердің, мамандардың және ғалымдардың кәсіби мерекесі болып табылады.
Елімізде 2023 жылғы статистика бойынша денсаулық сақтау жүйесінде күн сайын 1500-ден астам ересек невропатолог және 500-ден астам балалар невропатологы жұмыс істейді.
Түрлі қалалардағы - Алматы, Астана, Шымкент, Қарағанды, Семей, Ақтөбе және басқа да университеттерде белсенді зерттеулер жүргізілуде.
Неврологиялық көмекті жақсарту бүгінгі таңда барлық аймақта өзекті. Өтке жылғы Денсаулық сақтау министрілігінің ақпаратына сәйкес, Қазақстанда шамамен 363 754 бала және неврологиялық аурулары бар 440 254 ересек пациент тіркелген, оның ішінде 6,5 мыңнан астам миастения грависі бар пациенттер 2,5 мыңнан астам, эпилепсисі бар пациенттер 92 000-нан астам.
Жыл сайын елімізде қырық мыңнан астам адам инсультпен ауырады, сырқаттанушылық, өлім-жітім және жоғары мүгедектік жағдайы да көбейіп келеді.
Мысалға, өткен жылы Жамбыл облыстық психикалық денсаулық орталығының ақпараты бойынша Жамбыл облысы бойынша психиатриялық есепте барлығы 9307 адам тұр, оның ішінде әйелдер – 3801, 14 жасқа дейінгі балалар – 1004 адам, сондай-ақ 383 жасөспірім. 100 мың тұрғынға шаққанда бастапқы сырқаттанушылық - 25,2, балалар – 32,5, жасөспірімдер – 11,4 құрайды, деп жазылған ведомство ақпаратныда.
Ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында тәулік бойы стационарда 1566 науқас емделіп шықса, оның ішінде аутизм спектрі бұзылған балалар саны – 82 болған.
Жалпы, Жамбыл облыстық психикалық денсаулық орталығында бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп, аурудың алдын-алу мен емдеуге қатысты іс-шаралардың барлығы тиісінше орындалуда. Дегенмен, жауапкершілік - адамдардың өзінде де болғандықтан, сақтанған сақ болатынын білген жөн.
Жүйке ауруларының алдын алу жөнінде нені білген дұрыс
Кез келген ауру алдын алу шараларын қажет ететіндей, психикалық бұзылулар да сақтануды керек етеді. Адамның психикалық денсаулығын жақсарту үшін дененің әр түрлі соматикалық бұзылыстарын бақылап, түрлі жұқпалы аурулардан сақтанып, уақытылы ем-домдар жасап, тексерулерден өтіп тұру керек.
Түрлі жарақаттардың алдын алып, жолда жүріс-тұрыс ережелерді сақтап, экстремалды спорт түрлерімен шұғылдану кезінде қорғаныс құралдарын дұрыс пайдаланып, денсаулыққа зиянын тигізетін әрекеттер мен тәуелділіктен де сақтанған абзал. (ішімдік ішу, нашақорлық).
Жақын адамдармен үнемі қарым-қатынаста болу керек. Тек осылай ғана бастапқы кезеңде ауытқулар мен бұзылуларды байқауға болады. Жанжал және стресстік жағдайлардан бойды неғұрлым аулақ ұстаған жөн. Ең бастысы, салауатты өмір салтын сақтап, жаман әдеттерден бас тартып, ұйқы режимін бұзбаған абзал.
Министрлік, тиісті сала мамандары неврологиялық аурулардың артуы жағдайында бұл жағдайда қарап қалып отырған жоқ. Әлемдік зерттеулерді алдыға тартып, аурудың алдын алу бойынша шаралар қабылдап келеді.