Дәрігер, мұғалім, дәнекерлеушілер қай өңірлерде қажет? Қоныс аударушыларға арналған жаңа сервис іске қосылды
Жаңа цифрлық сервис жұмысын бастады.
Енді ерікті түрде қоныс аударуды жоспарлаған қазақстандықтар қай өңірде жұмыс барын, қандай мамандарға сұраныс жоғары екенін және көшкеннен кейін қандай мемлекеттік қолдау көрсетілетінін алдын ала біле алады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
migration.enbek.kz порталында ерікті қоныс аудару бағдарламасына қатысушыларға арналған жаңа цифрлық сервис іске қосылды.
Жаңа сервис арқылы азаматтар өздерін қызықтырған өңірді таңдап, қажетті ақпараттың барлығын бір жерден ала алады. Атап айтқанда, өңірдегі өзекті бос жұмыс орындарын қарап, еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтармен танысып, сондай-ақ бағдарлама аясында ұсынылатын мемлекеттік қолдау шаралары, тұрғын үй жағдайы және жұмысқа орналасу мүмкіндіктері туралы мәліметке қол жеткізеді.
Қазіргі уақытта жұмыс берушілер ең алдымен медицина қызметкерлерін, мұғалімдерді, инженерлерді, ауыл шаруашылығы саласының мамандарын, жүргізушілерді, механизаторларды, жұмысшы мамандық иелерін, құрылысшыларды, сондай-ақ бухгалтерлерді, экономистерді және әлеуметтік сала мамандарын іздеп отыр. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бұл тізім өңірлік еңбек нарығының сұранысына қарай үнемі жаңартылып отыратынын атап өтті.
Сонымен қатар порталда елді мекендер, әлеуметтік инфрақұрылым және кеңес алуға болатын байланыс мәліметтері көрсетілген интерактивті карта қолжетімді. Бұл болашақ қоныс аударушыларға тұрмыс жағдайын алдын ала бағалап, көшу туралы саналы шешім қабылдауға мүмкіндік береді.
Еске салайық, 2026 жылы ерікті қоныс аудару бағдарламасына қатысушыларды қабылдайтын өңірлер ретінде Абай, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстары және Ұлытау облысы белгіленген.