Дәрігер: Көздің көру қабілеті компьютерден нашарламайды
ҚР ПІБ МО ауруханасының Лазерлік офтальмологиялық кабинеті көз ауруларының терең диагностикасымен қатар, оны емдеу және лазерлік операция жасау қызметтерін ұсынады. Ақылы қызмет көрсету бөлімінің лазерлік офтальмолог дәрігері Айгерім Дербісалиева лазермен емдеу шаралары туралы BAQ.KZ тілшісіне берген сұхбатында кеңірек айтып берді.
– Лазерлік офтальмологиялық кабинет қандай ауруларды емдейді?
– Көз іші ауруының мыңдаған түрі бар, оның ішінде жиі кездесетіндеріне тоқталайық. Біріншіден, көздің ішкі тор қабығының (сетчатка) жұқаруы. Бұл көбінде миопия, яғни көздің алыстан көру қабілетінің төмендеуі кезінде сыр береді. Көздің қалыпты мөлшері 24 миллиметр болса, көру қабілеті төмендегенде алдыңғы және артқы жағынан 26-30 миллиметрге дейін үлкейеді. Бұл дегеніміз, көздің тіні созылып, жұқарады деген сөз. Біз үзілейін деп тұрған көз торын лазерлік құрылғымен күйдіріп, бекітеміз. Екіншіден, қант диабеті кезінде көздің қанталаған тамырларын шектеп, әрі қарай жайылмауын тоқтатамыз. Үшіншіден, екінші рет катаракта болған науқастарда көз жанарын жапқан қабықшаны лазермен тазалаймыз. Төртіншіден, жабық және тар бұрышты глаукома кезінде көз ішілік қысымды түсіреміз. Мұның бәрі лазерлік операция кезінде атқарылатын емдеу шаралары. Операциядан бұрын науқасты диагностикалау шараларын жүргізетінімізді атап өткен жөн.
– Кабинет қандай лазерлік құрылғылармен жабдықталған?
– Тек ауруды анықтау емес, шағын операция жасауға мүмкіндік беретін лазерлік құрылғылар жоғары сапасымен дараланады. Бұл лазерлік аппараттар офтальмология және микрохирургия саласында көш бастап тұр. Сондықтан заманауи диагностика мен емдеуде айқын нәтиже бере алады. Лазерлік қызметті өзге емдеу мекемелерімен салыстырғанда қолжетімді бағада ұсынатымызды да түртіп өтуге болады.
– Шағын операция жасауға қандай дайындық керек және операциядан кейінгі күтім қандай?
– Операция алдында көздің қарашығын дәрі тамызып, үлкейтіп аламыз. Сонда көздің ішкі тор қабығы кеңінен көрінеді. Лазерлік иридотомия кезінде керісінше, көз қарашығын тарылтып, нұрлы қабықты ашу арқылы көз қысымын төмендетеміз. Дәрі тамызған соң 15-20 минут күту қажет болса, операция да сонша уақытты алады. Лазерлік операциядан кейін бір ай ұшаққа мінуге, ауыр көтеруге, ыстық монша қабылдауға тыйым салынады. Жалпы қалыпты өмірден алшақтайтындай асқан шектеулер жоқ, сондықтан науқастың операциядан кейінгі өміріне де қиындық туа қоймайды.
– Көздің ішкі тор қабығы жұқарғанын қалай білуге болады?
– Көздің алдында көптеген ұсақ шіркейлер ұшып жүргендей көрінуі және көздің бір қапталында найзағайдай жарқылдар пайда болады. Кей жағдайда ешқандай белісіз профилактикалық тексеріс кезінде көз торының жұқарғаны анықталып жатады. Лазерлік диагностикаға офтальмолог дәрігер қажет деп тапқан жағдайда және жүктіліктің 20 аптасынан бастап науқастар тексерілуге келеді. Егер жүкті әйелдің көз түбіріндегі торы жұқарған болса, өздігінен босануына рұқсат етілмейді. Көз торы жыртылып, толықтай ажырап қалған жағдайда көздің көру функциясы қатты төмендейді. Сол себепті біз оны лазердің көмегімен жамап, уақытында алдын алуға көмектесеміз.
– Көз торы жұқаруының алдын алу үшін қандай дәрігерлік кеңес бересіз?
– Көз түбірінен ішкі тор қабығының ажырап, жұқарып кетпеуі үшін адам ағзасында минералды дәрумендер жеткілікті болуы керек. Мысалы, кальций, коллаген, ақуыз – бәрі толық болса, көздің жалпы қабаттары жұмсармайды. Күн сәулесінен қуат алу да өте маңызды. Компьютерде көп отырғаннан емес, көзіміз күндізгі сәуледен қоректенбей, ғимараттың ішінен шықпай, бір орында отырудың салдарынан көздің көру қабілеті нашарлайды. Сонымен қатар спорт пен дұрыс тамақтану да көз ауруларының алдын алады. Қоршаған ортаға және айналамыздағы адамдарға махаббатпен қараудың да мәні бар. Сонда көздің жанары әркез нұрланып, көз ауруларын алыстатады.
Әңгімеңізге рахмет!