Дәрігер: Көз саулығын сақтауда жеңіл әрі жылдам жасалатын төрт жаттығу бар

ҚР ПІБ МО ауруханасының ақылы бөлімшесінде көз дәрігерлері күнделікті қабылдау жүргізеді. Емделушілер түрлі шағымдарының диагнозын анықтап, емдеу шараларын қабылдай алады. Көздің көру қабілеті не себепті нашарлайды, көз саулығын сақтау және арнайы дайындалған жаттығулар туралы ақылы бөлімшенің жоғары санатты офтальмолог дәрігері Ырзық Жарылғасынова BAQ.KZ тілшісіне сұхбат барысында айтып берді.

– ҚР ПІБ МО ауруханасының ақылы бөлімшесі қандай көз ауруларын емдейді?

– Біздің аурухананың ақылы бөлімшесінде көз ауруларының барлық түріне диагностика жасалады. Мәселен, қабыну, дегенеративті көз аурулары, аномалия, көз рефракциясы, миопия, пресбиопия, астигматизм, сондай-ақ сирек кездесетін кератоконус ауруын атауға болады. Емделушілердің шағымын тыңдап, тексеру жүргіземіз. Диагнозын анықтаған соң қажетті емдеу шараларын ұсынамыз. Глаукома секілді емдеуге келмейтін ауру жағдайында қан қысымын өлшеп, көру қабілетін ұзаққа сақтау үшін көз тамырларын қоректендіру шараларын жүргіземіз. Операцияны қажет ететін көз ауруларын аурухананың хирургиялық бөлімшесіне жібереміз.

– Аурухананың ақылы бөлімшесінде офтальмологтің қабылдауы мен өзге қызметтері қанша тұрады, басқа ауруханалардан артықшылығы қандай?

– Астана қаласындағы өзге де клиникалармен баға жағынан айтарлықтай айырмашылық жоқ. Ал медициналық жабдықтау жағынан замануи әрі қымбат құрылғылармен ерекшеленетінін атап өтуге болады. Мысалы, оптикалық когерентті томографияның көмегімен көздің әр қабатын мұқият әрі анық көруге, көз жанарындағы бастапқы өзгерістерді анықтауға, көздің динамикасын бақылауға болады. Уқалау тәсілімен көздің құрғауын қалыпқа келтіретін емдеу шарасы да ұсынылады. Емделушілерді біліктілігі жоғары дәрігерлер, яғни 35 жылдық тәжірибесі бар Шолпан Ескендірова, 9 жылдық еңбек өтілімен Ильзира Талипова және күннің екінші жартысында 25 жылға жуық еңбек өтілі бар бас офтальмолог Мадина Құрманғалиева мен 10 жылға жуық тәжірибесімен Наталья Блок қабылдау жүргізеді.

Көздің көру қабілеті неден нашарлайды?

– Бұл офтальмологке келетін негізгі шағым. Көздің көру қабілеті әртүрлі себеппен нашарлауы мүмкін. Мысалы, заманауи гаджеттер мен компьютерді көп қолданатын жастарда көзге салмақ түсіп, көз рефракциясы бұзылады. Яғни экраннан тарқайтын көгілдір сәуле көз жанарына қарсы шағылысып, кері әсерін береді. Ал жасы егде тартқан кісілерде қанның қоюлануы, қант диабеті, гипертония сияқты қосалқы аурулармен байланысты болып келеді. Соның нәтижесінде, катаракта, глаукома, макулодистрофия сынды көздің көру қабілеті нашарлайтын түрлі ауруларға әкеліп соғады. Кейде көздің нашар көруі тұқым қуалаушылықтан да болады. Дегенмен қай жағдайда болмасын, дәрігерге ерте бастан көрініп, асқындырып алмаған жөн.

– Бүгінде дамыған техниканың көмегімен көру қабілетін 100% қалыпқа келтіретін операциялар жасалып жатыр. Бұл келешекте кері әсерін бермейді ме?

– Көздің көру қабілетін лазерлік түзету тәсілімен қалыпқа келтіру бүгінде көпке танымал операция. Кез келген операцияның артықшылығы мен кемшілігі қатар жүреді. Дәрігер оны алдын ала ескертуі қажет, ал емделуші таңдауды өзі жасайды. Мұндай операциядан кейін көзге күтім анағұрлым көбейеді, жыл сайын дәрігерге көрініп тұру маңызды. Сондай-ақ лазерлік түзетуді 40-45 жасқа дейін жасау ұсынылады.

– Көзілдірік, линза тағу көз жанарына қаншалықты қорғаныш бола алады және екеуінің қайсысы құпталады?

– Екеуі де көз жанарының көру қабілетін жақсартып немесе нашарлатуға сеп бола алмайды, яғни емдемейді. Бұл алыстан немесе жақыннан көру қабілетін түзетудің балама құралы ғана. Ал көзілдірік немесе линза тағу әркімнің өз қалауында. Салыстырмалы түрде қарасақ, линза белсенді өмір қозғалысына ыңғайлы болғанымен,көп күтімді қажет етеді. Егер ол бір реттік болса, 12 сағаттан артық пайдалануға болмайды. Тұмау, конъюнктивит кезінде тағуға болмайды. Ал көру қабілеті бұзылған жандар екеуін де тағудан бас тартқан жағдайда, көз жалқау бола бастайды.

– Сіз жоғары санатты офтальмолог дәрігерсіз, еңбек жолыңыздың баспалдағы туралы айтып берсеңіз.

– Менің офтальмология саласындағы дәрігерілік қызметіме 33 жылдан асыпты. Қарағанды мемлекеттік медицина институтын 1989 жылы тәмамдап, алғашқы еңбек жолымды Оңтүстік Қазақстан облысындағы клиникада бастадым. Ол жерде мол тәжірибемен шыңдалдым. Мәскеу, Киев, Санкт-Петербург және өзге де шет елдерде мамандандым. Ғылыми жұмыстармен айналыстым және өз бетіммен білім мен ізденісімді арттыра отырып жоғары санатты дәрігер атандым. ҚР ПІБ МО ауруханасында ашылған уақыттан бері жұмыс істеймін.

– Көз саулығы мен көздің көру қабілетін сақтауда қандай дәрігерлік кеңес ұсынасыз?

– Адамның кез келген дене мүшесі тынымсыз циклде жұмыс істейді. Көз де дәл солай: салмақ түсіреміз және босаңсытамыз. Әсіресе кітап оқығанда, гаджетте отырғанда біздің көз жанарымыз бір нүктеден қимылдамайды. Мұндай жағдайда көзіміз ұзақ уақыт жыпылықтамайды. Әр 4 секунд сайын көзіміздің жыпылықтауы заңдылық. Бұл заңдылық бұзылғанда көз жайлап құрғай бастайды. Көздің шырышты қабаты су, май, шырыштан тұрады. Үшеуі көз жанарын ылғалдандырмаған соң кешке қарай көру қабілетіміз нашарлап, шаршаңқы күйге түсеміз. Сондықтан көз жаттығуларын жасап, тынықтырып тұру қажет. Өзімнің тәжірибемнен құрастырған жеңіл әрі жылдам жасалатын төрт жаттығуды алдыма келген әр емделушіге ұсынамын. Біріншісі, көзді ауырлық сезілгенше қатты қысып, жұмып-ашамыз. Бұл жаттығуда көзден шырыш бөлінеді. Екінші, көзді тез-тез жыпылықтатамыз. Осылайша алдыңғы жаттығуда шыққан сұйықтықты көздің ішіне тарқатамыз. Үшінші, алақанды бір-біріне ысығанша үйкеп, көзімізге басу арқылы энергия таратамыз. Төртінші, қасымызды саусақпен шымшылап шығамыз. Сол арқылы майда тамырлардың қозғалысын жақсартамыз әрі қабақтың түсіп кетуінің алдын аламыз. Осы жаттығуларды күніне 3-4 рет қайталауға кеңес беремін.

– Әңгімеңізге рахмет!

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: ҚР ПІБ МО ауруханасы
Өзгелердің жаңалығы