Дәрігер: Іссапар кезінде 9 сағатта жүзден астам науқасты қабылдаған кездер болды

Аритмология – медицинадағы күрделі салалардың бірі саналады. Жүрек ырғағының дұрыс болмауынан тромбоз, миокард инфарктісі, инсульт, жүрек жеткіліксіздігі сияқты ауыр асқынулар дамуы мүмкін. Аритмия неден пайда болады, ол туралы нені білген маңызды деген мәселелерге жауап іздеп көрдік, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

ҚР ПІБ Медициналық орталығы ауруханасының дәрігері, аритмолог Ринат Қамиевпен жүрек ырғағына қатысты бірқатар өзекті мәселені алға тартты.

- Ринат Тоқтажанұлы, жақында Батыс Қазақстан облысына іссапармен барғаныңызды білеміз. Сапардың мақсаты қандай болғанын, өңір тұрғындарының жағдайы туралы айтып беріңізші.

- ҚР ПІБ Медициналық орталығы ауруханасының бір топ дәрігері Батыс Қазақстан облысына тәжірибе алмасуға барып, медицинадағы үздік заманауи әдістерін бөлісіп қайтты. Батыс Қазақстан облысына барғандағы мақсатымыз – жүрек ырғағы бұзылған, созылмалы жүрек жеткіліксіздігі бар науқастарды қабылдап, кеңес беру еді. Біз екіжақты келісім аясында бардық, себебі бұл облыста аритмология саласы мамандары жетіспейді.

Науқастарға дертіне қатысты түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, ем-домына түзетулер енгізілді. Мысалы кейбіріне дәрі-дәрмекті алмастыру керек екені айтылды. Сонымен қатар, операция, оның ішінде жүректің электрркардиостимулятор имплантациясы, жасанды кардиовертер-дефибриллятор имплантациясы, радиожиілікті абляция, криоабляция жасау қажет науқастарға ҚР ПІБ МО ауруханасына жолдама бердік. Сапар барысында облыста жүрек ырғағы бұзылған науқас көп екені анықталды.

- Сапар кезінде қанша пациент қабылдап, қанша операция жасадыңыз?

- Іссапар кезінде 102 пациентке консультация жүргіздік, операция жасамадым. Тек тұрғындарды қабылдап, қарап-тексердім. 18 науқасқа біздің клиникада аритмология бойынша ем алуға жолдама беріп, өңірдегі 20 кардиолог пен терапевке дәріс өткіздім.

Сондай-ақ «Жүрек ырғағының бұзылуы: науқастардың емін жүргізу тәсілдері» тақырыбында презентация жасадым.

- Аритмия неден туындайды? Оның алдын алуға бола ма?

- Аритмияны тудыратын себеп өте көп. Олардың қатарында – гипертония ауруы, жүректің ишемиялық ауруы, электролитті бұзылыстар, бұған дейін өкпеге, жүрекке немесе т.б. жасалған хирургиялық оталар, түрлі медикаменттерден, газ бен металдардан улану бар. Сонымен қатар тұқымқуалаушылық та осы қатарға жатады.

Әлемдік статистика бойынша, жүрек сырқаты бар адамдардың 10-15%-ы аритмияға шалдыққан. Мұны ел тұрғындары санына, яғни 20 млн адамға шағамыз. Сонда шамамен 200-300 мың тұрғынның жүрек ырғағы бұзылған болып шығады.

- Орталықтарыңызда аритмия қандай тәсілдермен емделеді?

- Ауруханада біз аритмологиялық көмектің барлық түрін көрсете аламыз. Атап өтсек, жүрек ырғағының бұзылуы түрлерінде навигациямен радиожиілікті абляция жүргізу, жүрекшелер фибрилляциясы кезінде өкпе веналарының криоабляциясын жүргізу, кардиовертер-дефибриллятор имплантациясы, кардио-ресинхрондау құрылғыларын имплантациялау, жүректі электрофизиологиялық зерттеу, сол жақ жүрекшеге окклюдерлерді имплантациялау және т.б.

Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапары барысында ҚР Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығы мен облыс әкімдігі арасында өзара ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды

Меморандум аясында Орал қаласының кардиоорталығымен, қалалық көпбейінді ауруханалармен серіктестікті нығайтып, ары қарай кардиологтарды, алдыңғы қатарлы дәрігерлерді тарта отырып, кеңес беру, жүрек ырғағының бұзылуы туралы дәріс оқу жоспарда бар. Сонымен қатар Батыс Қазақстан облысына дәрігерлерді жіберіп, жаңа операцияларды енгізу, жасау жоспарланып отыр.

- Әңгімеңізге рахмет!

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: ҚР ПІБ Медицина орталығының баспасөз қызметі
Өзгелердің жаңалығы