Дәрігер: Хирургтің басты қаруы – төзім мен сенім
Әрбір операция – хирургтің шеберлігі мен төзімін сынайтын сәт. Ал қантамыр хирургиясы – екеуін қатар талап ететін ең күрделі бағыттардың бірі, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
ҚР ПІБ МО ауруханасының қантамыр хирургиясы бөлімшесінің меңгерушісі, "Диабеттік табан" орталығының басшысы Абылай Сейітқалиев – осы салада мол тәжірибе жинаған білікті маман. Ол бізге мамандыққа келу жолы, қантамыр ауруларын емдеудегі жаңашыл тәсілдер, диабеттік табанмен күрестегі заманауи әдістер және дәрігер мен науқас арасындағы сенімнің маңызы туралы әңгімелеп берді.
- Абылай Абулқаир, медицинаға қалай келдіңіз және не себепті қантамыр хирургиясы бағытын таңдадыңыз?
- Мен дәрігерлер отбасында тәрбиелендім, мамандық таңдауыма сол орта ерекше ықпал етті деп айтуға болады. Медицинаға деген қызығушылығым мектеп кезінде-ақ оянды, ақ халатты киіп, адамдарға көмектесуді армандадым. Осылайша, қай бағытта даму керегін айқын түсініп, саналы түрде шешім қабылдадым. Кейінірек университеттің жоғары курсында оқып жүргенде хирургияға деген ынтам арта түсті.
Еңбек жолымды қалалық ауруханадан бастадым, онда тәулік бойы жедел медициналық қызмет көрсететін ек. Сол кезең мен үшін нағыз тәжірибе жинап, кәсіби тұрғыда шыңдалған уақыт болды деп сеніммен айта аламын. Екі жылдан соң аға әріптесім маған қантамыр хирургиясымен айналысу туралы ұсыныс айтты, мен оны қуана қабылдадым. Қазір таңдаған мамандығымды шын жүректен жақсы көрем.
- Қантамыр хирургтері жұмыс кезінде көбіне қандай қиындықтарға тап болады?
- Қантамыр хирургиясы – хирургияның ішіндегі ең қиын саланың бірі. Біздің науқастарымыздың негізгі бөлігі – егде жастағы адамдар, олардың көбінде жүрек, тыныс алу, жүйке жүйесі, бүйрек жеткіліксіздігі секілді қосымша аурулар бар. Біз қантамыр ауруларын емдеп қана қоймай, пациенттің жалпы соматикалық жағдайын ескере отырып кешенді ем жүргіземіз. Тамырға жасалатын операциялар – өте нәзік әрі шеберлікті талап ететін жұмыс. Әдетте операциялар 5-6 сағатқа, тіпті одан да көп уақытқа созылады. Яғни хирургке шеберлікпен қатар, физикалық және эмоционалдық төзім де ауадай қажет.
- Қантамыр ауруларына шалдыққан жастар саны артып келе ме? Оған не себеп болып отыр?
- «Ауру жасарып кетті» деп нақты айтуға келмейді. Менің кәсіби тәжірибеме сүйенсек, жастар арасында қазір варикоз ауруы жиірек кездеседі. Әсіресе, ұзақ уақыт қозғалыссыз отыратын немесе тұрып жұмыс істейтін жастарда бұл дерттің белгілері ерте пайда болады. Десе де, кейінгі жылдары аталған сырқатұа шалдыққан жастар саны күрт көбейді деп айту қиын – олардың саны шамамен бір деңгейде, айтарлықтай өзгеріс жоқ.
- Өзіңіз жұмыс істейтін ауруханада қантамыр ауруларын емдеуде қандай тәсілдер қолданылады?
- Біз қантамыр хирургиясында кең ауқымды емдеу әдістерін, яғни классикалық ашық реконструктивті операциялардан бастап, қазіргі заманғы аз инвазиялы эндоваскулярлық процедураларға дейін ұсынамыз. Ашық операциялар күрделі жағдайларда, әсіресе тамырлардың айтарлықтай зақымданған бөліктерін қалпына келтіру қажет болғанда қолданылады. Ал эндоваскулярлық, яғни «жабық» әдіс – теріні үлкен етіп кеспей, арнайы катетерлер мен микрокамералар арқылы жүзеге асатын заманауи тәсіл. Оның артықшылығы – кесілген жер кішкентай болғандықтан тігілген орын тез жазылады және асқынып кету қаупі төмен.
Мұндай әдістер бізге әр науқастың жасын, жалпы денсаулығын, қосымша ауруларын және тамыр патологиясының сипатын ескере отырып, барынша тиімді әрі қауіпсіз ем жоспарын жасауға мүмкіндік береді. Яғни біз стандарт емес, нақты жағдайға сай жеке тәсіл ұсынамыз.
- Бөлімше жанында «Диабеттік табан» орталығы жұмыс істейтінін білеміз. Оның басқа бағыттардан айырмашылығы қандай? Орталықта қандай ерекше және жоғары технологиялы операциялар жасалады?
- Иә, Диабеттік табан орталығы – өте маңызды әрі сұранысқа ие бағыт. Біз физиотерапия, трофикалық жаралардың ультрадыбыстық кавитациясы, диабеттік ангиопатия кезіндегі реваскуляризациялық операциялар сынды түрлі емдеу әдістерін қолданамыз. Сонымен қатар, тарап, жайылып кеткен трофикалық жараларды жазу үшін қазіргі жоғары технологиялық әдіс – фибробласттар аллотрансплантациясын жүзеге асырамыз. Мұның бәрі бізге күрделі клиникалық жағдайларда да жақсы нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік береді.
- Неліктен диабеттік табан ауруының асқынып кетуі жиі кездеседі?
- Оған көп жағдай себеп болады. Бұл сырқаттың өзі де аса қауіпті екенін айта кеткен жөн. Диабеттік невропатия кезінде пациент табанын дұрыс сезбейді немесе мүлдем сезбеуі мүмкін. Сол себепті, әдетте, пациент табанында пайда болған кішкентай жараларды байқамай қалады. Мұндай жағдайда табан гигиенасын сақтап, оны үнемі тексеріп тұруды ұмытпау қажет. Бірақ көбіне пациенттер оған мән бермейтіндіктен, амбулаториялық кезеңде қант диабеті бар пациенттерге табан гигиенасының маңызы туралы түсіндіріп айту аса маңызды. Мұнда білікті амбулаториялық мамандардың жетіспеуі де маңызды рөл атқарады.
- Сіз үшін күрделі операция жасаған қиын ба, әлде пациентті дер кезінде емделуге көндіру ме?
- Бұл – өте қиын және жан-жақты талдауды қажет ететін сұрақ. Әрине, ең дұрыс ем – алдын алу екені белгілі. Бірақ ол үшін дәрігердің біліктілігімен қатар пациенттің өзіне деген саналы қамқорлығы да қажет. Өкінішке қарай, көбіне емдеу кезінде дәрігер ғана жұмыс істейді. Ал жақсы нәтижеге жету үшін дәрігер мен пациент бірлесе отырып жұмыс істеуі керек. Сол себепті кейде пациентті уақтылы емделуге көндіру – күрделі операцияны жасаудан кем түспейді.
- Әңгімеңізге рахмет!