Дәрігер: Гастриттің негізгі емі – дұрыс тамақтану
«Ауру – астан» дейді қазақ ежелден бері. Бірақ осы сөздің мағынасын жете ұға қойған жоқпыз. Бүгінгі таңда әлем ғана емес, елімізде де дұрыс тамақтанбаудың салдарынан зиян артып келеді.
Біз сөзге тартқан терапевт-профпатолог Гүлназ Бақытжанқызы өз тәжірибесінде науқастардың 80 пайызында дұрыс тамақтанбағанның зардабы анық көрінетіндігін айтты.
Гастрит – асқазанның шырышты қабығының, асқазанның ішкі қабатының қабынуымен көрініс беретін аурудың түрі. «Гастрит – қарапайым және кең таралған асқазан ауруының бір түрі, қазір екінің бірінде гастрит» деген сөздерді санадан мүлдеп сызып тастау керек. Себебі, денсаулық, ең алдымен әр адамның – баға жетпес байлығы. Медицинада ешқандай ауру қарапайым болып есептелмейді. Кез келген дерттің кішкентай себебі орны толмайтын өкінішке әкеп соғуы мүмкін.
Дәрігердің айтуынша, адамдар «асқазаным ауырып тұр» деп күнделікті өмірін сүріп жүре береді. Әбден асқынған кезде ғана дәрігер көмегіне жүгінуге келеді.
Сонымен қатар дәрігер ауру ұзақ уақыт бойы денеде жүре беретінін, яғни жазылмайтынын, одан әрі қарай неге асқынып кете беретінін түсіндірді.
Гастритпен бір ауырған адамға, мейлі бастапқы кезең болсын, мейлі ем алып жүрген кезде болсын, дәрігер бекіткен тамақтану кестесінен ауытқуына қатаң тыйым салынады. Өз пациентінің жағдайы жақсару үшін дәрігер арнайы зерттеу жасап, науқастың жай-күйіне орай тамақтану режимін, сонымен қоса, дәрі ішу кестелерін жасап береді. Ал бізден кеткен соң науқастардың оннан екісі ғана талапты ұстанады. Бұл тағайындалған ем-шараның далаға кеткені, ең біріншіден адам өзі өзіне зиян келтіреді, - дейді маман.
"Біздің емделушілер өз-өзіне қастандық жасап жүреді"
Сондай-ақ дәрігердің сөзінше өз бетінше емделу мен халық емін жасау да асқазан-ішек жолдарының ауыр зардаптарына әкелуі мүмкін екен.
Тұтынуға болмайтын тағамдар тізбесін жасап берді ме, болды, соны қатаң ұстанған жөн. Бұл дегеніміз өмір бойы қатаң диета ұстап жүресің дегенді білдірмейді, тек уақытша, ауруды асқындармау шаралары, адам организмі асты жеңіл қабылдап, жеңіл жүру дегенді білдіреді, – дейді терапевт кеңесінде.
Сонымен дәрігер емдеу процесінде және ауру белгілері анықталған тұстан бастап-ақ қышқыл жемістерді (цитрус) және көкөністерді (пияз, сарымсақ) тұтынуды; алкоголь, ішімдік (тіпті өте аз процентте болса да) өнімдерін ішуді; шоколад өнімдерін, кофе және қою қара шай түрлерін тұтынуды шектеу керектігін ескертеді. Сондай-ақ сүт өнімдері, газдалған сусындар, энергетикалық сусындар, майлы әрі қуырылған тағамдар, фастфуд өнімдерін пайдаланбаған абзал.
Жастар мен балалардағы гастрит дерті
Дәрігер тағы бір ерекше көңіл бөліп, алаңдап отырған жайт – жастар мен жасөспірімдердегі гастриттің артуына назар аудару қажеттігін алға тартты. Тіпті дәрігер өз алдына тек балаларды қабылдайтын жеке сағат арнаған.
Қазір экологиялық ахуал, салауатты өмір салтын ұстанбау, тиімді тамақтанбау және қимыл-қозғалыстың аздығы – барлық ауру түрін жасартып жібергені жасырын емес. Қалай десек те, медицинада аурудың жаңа түрінен гөрі, жасарған түрі артып келеді. Әлем медицинасы барынша тиімді ұсыныстар мен жобалар жасап жатқанымен, тағы да айтамын, әрбір адам өзіне жаны ашымаса, нәтиже аз болады.
Сонымен, балалардағы гастрит неге өршіп барады? Әрине, тағы да дұрыс тамақтанбау. Бүгінгі кезеңде бәріміз асығыспыз, жұмысбастымыз, дайын тамақ түрлерін тұтынамыз. Ал осының ең негізгі көбі – қытырлақ чипсы мен газдалған сусындар. Тіпті күнделікті су орнына толық газды, тәтті су тұтынатын отбасы мүшелері келді. Әрине, ата-анасының жүгінгені – балаларда тамаққа тәбет жоқ, әлсіздік, жатып қалу, бас айну, жүрек тарсылдау, орынсыз құсу. Ал отбасылық жейтін астарына үңіліп, шолу жасасақ, негізгі сусын – газды (кола, пепси, фанта және тағы басқа бояулы тәтті сусын түрлері), ал тағамнан – донер, чипсы, қақталған шұжық, тауық, торт және қуырылған тамақтар. Түрлі қоспалар асқазанның, қазақша айтқанда, бүрін жойып жіберген. Ең сорақысы, бұл сәби жастағы балалардың асқазан-ішек жолдарын өте тез зақымдайды және тиісінше, емдеу шарасы тиімсіз, ұзақ жүреді, – деді дәрігер өз сөзінде.
Балалардағы гастриттің белең алып бар жатқаны қоғам үшін алаңдарлық жағдай. Дәрігердің айтуынша, балада іш ауруы болды ма, ата-ана себеп-салдарын іздеп жүгіру керек. Қазақбайшылыққа салынып, ертеңді күту керек емес дейді.
Балалар арасындағы ас қорыту жүйесінің ең көп таралған ауруы асқазанның шырышты қабығында қабыну аймағының пайда болуы десек те, бұл жеңіл-желпі қарай салатын ауру түрі емес екендігін айтады дәрігер. Көбінесе асқазанның шырышты қабатының бұзылысы, гастрит 5-6 және 10-15 жастағы балаларда анықталады. Аурудың бұл жас кезеңдері балалардың өсуі және дамып келе джатқан организмімен байланысты екен.
Тәжірибе көрсеткендай, қалыпты ас қорытудың бұзылуына және тәбеттің төмендеуіне байланысты бала бірте-бірте тамақты аз іше бастайды немесе ақырын ыстық тамақ ішуді қоя бастайды. Витаминдер мен минералдардың жетіспеушілігі байқалады: мұны – терінің бозаруы, шашы пен тырнағының түсі өзгеріп бастағанынан аңғаруға болады. Белгілі бір уақытта ұзақ уақыт бойы дұрыс тамақтанбаған кезде бала салмағын біртіндеп жоғалта бастайды, анемия (қан аздық) жедел артады, қан қысымы төмендейді, жүрек соғу жиілігі (ЖЖ) жоғарылайды. Организмде бактериялық инфекциялар қаптаған кезде (флегмонозды гастрит) кішкентай науқастың жағдайының айтарлықтай нашарлап, тіпті дене температурасы (39-40°C дейін) пайда болады. Мұндай кезде науқастарды жедел ауруханаға жатқызу қажеттілігі туындайды.
Гастриттің балалардағы да ең көп тараған себебі – тамақтанудағы қателіктер. Тым ащы, майлы, ыстық тағамды пайдалану баланың асқазанның шырышты қабығының механикалық және химиялық тітіркенуіне әкеледі. Яғни асқазанның қалыпты жұмысын бұзады.
Гастрит этиологиясында біз алиментарлы (тамақтану) аспектіден басқа патогендік микроорганизмдер маңызды рөл атқаратынын анық білеміз. Бұл жегенміз көбінесе аурудың себебі – баланың асқазанына сапасыз тағаммен бірге (тағамдық улану) түсетін бактериялар.
Балалардағы гастриттің маңызды эндогендік себебі – Helicobacter Pylori бактериясы екені анық. Қоздырғыш әдетте асқазанның пилорикалық бөлігінде өмір сүреді және оның көбеюі үшін сәл бір жағдайлар болған кезде, ол сап етіп ағзаның шырышты қабығының бүкіл бетіне шығып, әсер етеді. Бактерия асқазанның ішкі қабатын тітіркендіретін және тұз қышқылының жеткіліксіз секрециясын тудыратын агрессивті токсиндерді шығарады. Ал бұл құбылыстың нәтижесі – гастриттің дамуы, – дейді терапевт дәрігер өз кеңесінде.
Дәрігер өз сөзінде балалар тағамына мұқият болу керектігін, көше тамағын, жедел тағайындалатын тағамдарды шектеу керектігін ескертті.
«Ауру – астан» дейді халық даналығы. Статистикалық деректерге көз жүгіртсек, бүгінде ауру-сырқаудың – 70 пайызы, ал өлім-жітім көрсеткішінің 60 пайызы дұрыс тамақтанбаумен байланысты екен. Сонымен қатар еліміздегі әрбір екінші тұрғын асқазан ауруынан зардап шегеді.
Ендеше, аузымызға түскен астың асқазанды толтыруын ғана емес, әкелер пайдасы мен зиянын да қатар ойлайық.