Дәрігер: Елімізде балалар гинекологиясы жандана бастады

Бұл туралы ҚР ДСМ штаттан тыс балалар бас гинекологы Елена Лущаева мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Үш жыл бұрын Денсаулық сақтау министрлігінің бастамасымен елімізде балалар гинекологиясы қызметі жандана бастады. Өңірлерде арнайы қабылдаулар ұйымдастырылды. Осы тұрғыда бір айтарым, аналар қыз балаларын 15 жастан бастап жыл сайын гинеколог-дәрігердің тексерісінен өткізіп тұруды дағдыға айналдырғандары жөн. Ал 15 жасқа дейін белгілі бір жас кезеңінде, атап айтқанда, 3 айында, бір жасында, 6-7 және 13-14 жасында қыз баланы гинеколог тексеруі қажет. Бұл бізге жыныстық дамудың, етеккір циклінің бұзылуымен байланысты жағдайларды анықтауға немесе алдын алуға көмектеседі. Бірақ бұл тақырыпты біз әлі "сыбырлап" айтамыз, - деді дәрігер.

Айтуынша, гинекологтың алдына баруды, қыз балалармен олардың денсаулық жағдайы туралы сөйлесуді ұят санайтын аналар бар.

Жасөспірімдер жүктілігіне қатысты айтар болсам. Соңғы 5 жылға көз жүгіртсек, мәселен, 2019 жылдан бері жасөспірімдер жүктілігі екі есеге азайған. Жасөспірімнің жүкті болуының өзі көңіл көншітерлік жайт дей алмаймыз. Дегенмен бұл – әлемде бар жайт. Дүние жүзінде жүктіліктің 12 пайызы 18 жасқа толмаған қыз балаларға тиесілі. Аналардың сауатын арттыру керек. Қызымен де, ұлымен де сөйлесіп, жыныстық жетілудің қалыпты жағдай екенін түсіндіру маңызды, - деп түсіндірді дәрігер.

Елімізде 12 мамырдан бастап Репродуктивті денсаулық апталығы өтіп жатыр. Апталық Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның бастамасымен өткізіліп отыр.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы