Дәрігер: Денсаулықтың 70 пайызы жеген тағамға байланысты

«Ауру – астан» дейді халық даналығы. Кез келген дерттің ішкен-жеген асымызға тікелей байланысты екендігін дәрігерлер де растайды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ас қорыту ағзаларының аурулары қандай? Асқазанға бауыр мен өт жолдарының патологиясы қалай әсер етеді? Оны қалай емдеуге болады? Сақтану жолдары бар ма? Асқазанды құртатын Helicobacter pylori инфекциясын жұқтырып алмас үшін не істеу керек? Гастроэнтерологиялық ауру түрлері мен оларды емдеу тәсілдері туралы ҚР ПІБ Медициналық орталығының ауруханасындағы Гастроэнтерология және гепатология орталығының басшысы, аурухананың бас гастроэнтеролог дәрігері Бақытжан Биімбетовтен сұраған едік.

- Осы салада 40 жылға жуық еңбек етіп келесіз. Асқазанды құртатын, тіпті созылмалы жара, қатерлі ісікке шалдықтыратын Хеликобактер пилори (Helicobacter pylori) инфекциясының белгілерін қалай байқауға болады?

- Жоғарыда айтқанымдай, ол негізінен симптомсыз басталады. Көбінде ауыз қуысындағы жағымсыз иістен басталуы мүмкін. Екіншіден, гастрит түрінде, яғни ас ішкен соң асқазанның ауырсынуы, асқазан жарасы, 12 елі ішек жарасы, тамақтан кейін немесе түнгі мезгілде ауырсынумен ояну белгілерінде бірден гастроэнтологке көріну қажет.

- Гастроэнтерология және гепатология орталығы қандай ауруларды емдейді?

- Біздің орталық асқазан-ішек ауруларымен қатар, бауыр мен өт жолдарының негізгі ауруларын емдеуге бағытталған. Соның ішінде, өңеш аурулары, созылмалы гастрит, Hр инфекциясы, асқазан мен ұлтабар ойықжарасы, созылмалы панкреатиттер, ұйқыбездің басқа аурулары, өт қабының және Одди сфинктерінің дисфункциясы, ішектің қабыну аурулары, әртүрлі генездегі созылмалы гепатиттер, бауырдың метаболизммен байланысты май ауруы, әртүрлі генездегі сарыауру, бауыр фиброзы және циррозы, өт-тастық және өзге де гастроэнтерологиялық және гепатологиялық ауруларды емдейді.

- Гастроэнтерология мен гепатология салаларын біріктірудің мақсаты қандай?

- Гастроэнтерология – «асқазан, қарын, ішек» деген мағынаны білдіретін медицинаның бір саласы. Ал гепатология «бауыр» деген сөзден шыққан. Оның қызметі өте кең. Бауыр асқорыту жүйесіне ғана емес, зат алмасу процесіне де қатысады, организмге түскен заттардың залалсыздандыру міндетін атқарады, иммунитетке тікелей әсер етеді. Бауырсыз адам өмір сүре алмайтынын ескере отырып, оның бір өзін үлкен зертхана деп атауға болады. Орталықты құрғанда екі саланы біріктіруіміздің де басты себебі осы. Бүгінде организмдегі артық май, семіздік, токсикалық гепатит, вирусты гепатит, аутоиммундық гепатиттер, метаболизмдік бұзылыстардың әсерінен пайда болған аурулар, цирроз және онкологиялық процестерге дейін бауыр аурулары көбейіп кетті. Бұл үлкен проблема. Осы проблемаға көңіл бөлу үшін Гастроэнтерология мен гепатология орталығын аштық.

- Орталық қандай емдеу тәсілдерін қолданады?

- Бізге науқастың көбі гастритпен, өт жолдарының бұзылысы шағымдарымен келеді. Көп жағдайда асқазанның шырышты қабатында өмір сүретін хеликобактер пилори (Helicobacter pylori) инфекциясы анықталып жатады. Ол адамға назар аудартатындай белгі бермеуі мүмкін. Бірақ асқазанды зақымдай бастайды. Бұл инфекцияны анықтаған соң міндетті түрде тек антибиотикпен емдейміз. Адамдар стандартты антибиотиктерді рецептсіз қолданғаннан әртүрлі инфекцияға сезімталдығы төмендейді. Сондықтан орталықтың бір бағыты біз осы бактерияны арнайы ортада егіп, өсіріп, қандай антибиотик әсер ететінін зерттеумен айналысамыз. Анықталған актибиотикпен емдеу арқылы науқасқа көмектесеміз. Сонымен қатар біздің орталық мультидисциплинарлық командадан тұрады. Яғни аурухананың консультациялық-диагностикалық, эндоскопия және ультрадыбыстық диагностика бөлімшелері, клиникалық-диагностикалық зертхана, сонымен қатар диетолог, эндокринолог, кардиолог, дерматолог, гематолог, невропатолог, психотерапевт, онколог, хирург, морфолог сияқты дәрігерлермен ортақ мәмілеге келе отырып, науқасқа көмек көрсетеміз. Асқазан-ішек, бауыр ауруларын орталық ретінде емдеудің арқасында оңды нәтижеге қол жеткізуге болады. Біздің диагностика мен емдеу шаралары бойынша клиникалық және ғылыми бағыттарымыз, бағдарламаларымыз бар.

- Орталық ашылғалы қанша науқас емделіп шықты?

- Бүгінгі уақытқа дейін стационарда 500-ге жуық науқас нәтижелі ем қабылдап шықты. Ауруханада 10-15 күн ем қабылдаған соң әрі қарай науқасқа үй жағдайында емді жалғастыру кеңесін береміз. Себебі жылдап тапқан ауруды он күннің ішінде толыққанды жазу мүмкін емес. Оған да уақыт керек.

- Гастроэнтерология мен гепатологиялық аурулардың алдын алуда қандай дәрігерлік кеңес бересіз?

- Денсаулықтың 70 пайызы жеген тағамға байланысты. Ал қалған 30 пайыз ол генетика, қоршаған ортаның әсері және зиянды әдеттер болуы мүмкін. Сонда жейтін тағамымыз қандай болуы керек? Табиғи болуы қажет. Ешқандай фаст-фуд емес, газдалған және энергетикалық сусын емес, ұн мен қантты тамақ емес, қоспасыз, табиғи болғаны дұрыс. Сондай-ақ ұлттық ерекшелікке сай етті, сүтті тағамдарды, жеміс-жидек, көкөністі көп тұтынған жөн. Медицинада мынандай сөз бар: «Дәріні өз мөлшерінде тұтынбаса, ол уға айналады». Сол үшін тамақты да шамадан тыс асырып ішуге болмайды. Физикалық белсенділікті арттыру да аса маңызды. Себебі мұның бәрі орындалмаған жағдайда семіздік пайда болады. Ал ол түрлі аурулардың тууына әкеледі. Сонда денсаулықты сақтауда дәрігердің үлесі 10% ғана. Денсаулық сақтаудың орасан зор бөлігі әр адамның өз қолында екенін ұмытпайық.

- Әңгімеңізге рахмет!

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: ПІБ Медицина орталығы
Өзгелердің жаңалығы