Дәрігер: Бауыр циррозында дұрыс тамақтану – пациентті қолдаудың маңызды компоненті
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Цирроз ауруы кезінде бауыр тіндері бұзылады, бауырдың қалыпты тіндері тыртық тіндермен ауыстырылады, бауыр құрылымы бұзылады. Ағза өзінің функцияларын еңсере алмай қалады. Осыған байланысты, бауыр циррозында дұрыс тамақтану, диетаны сақтау пациентті қолдаудың маңызды компоненті болып табылады. Ол науқастың өмір сүру сапасын жақсартуға және асқынулардың дамуын тоқтатуға мүмкіндік береді.
Бұл туралы гастроэнтеролог дәрігер, жоғары санатты гепатолог, медицина ғылымдарының докторы, Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ ішкі аурулар кафедрасының профессоры Александр Нерсесов айтып берді.
Бауыр циррозы кезінде дұрыс тамақтану келесідей қағидаларға негізделген:
- алкоголь ішімдігін ішуге қатаң тыйым салынады. Алкоголь - бауырдың басты жауы;
- өсімдік ақуызы жеңіл сіңеді, сондықтан үрме бұршақ, бұршақ және т.б. өсімдік ақуыздарын, сүт, құс, балық өнімдерін тұтынған дұрыс;
- адамның иммундық жүйесін нығайтатын жемістер мен көкөністерді пайдалану ұсынылады. Егер бұл ретте іш кеуіп кететін болса, онда диетаны түзету қажет;
- төзімділігі қанағаттанарлықтай болған жағдайда, сонымен қатар тәулігіне 2-3 кесеге дейін кофе ішуге болады;
- тамақтану арасындағы үзілістерді қысқарта отырып, бөлшек тамаққа көшкен дұрыс, негізгі 3 реттік тамақты қабылдау (таңғы, түскі, кешкі ас) және арасында 3 рет жеңіл тамақтану (екінші таңғы ас, бесін ас, кеш ішілетін кешкі ас) дұрыс, өйткені жиі тамақтану асқазан-ішек жолдарына артық салмақ түсірмейді, бауыр мен өтке қоректік заттардың бөлінуіне жол беріп, олардың функциялары қалыпқа келеді.
- тұтынатын сұйықтықтың жеткілікті жалпы көлемі (тәулігіне 2-3 литрге дейін) қажет;
- тым майлы тамақтарды жеуге болмайды. Буға, суға пісірілген тамақтарды, бұқтырылған тағамдарды пайдаланған жөн;
- өнімдерді жылы күйінде ішу қажет, ас қорыту процесін бұзатын суық және ыстық тағамдарды тұтынбау керек. Көкөніс сорпасына пісірілген жарма сорпаларын ішу;
- майсыз және сіңірлі емес еттерді (жас сиыр, бұзау еті, майы аз қой еті, қоян немесе тауықтың ақ еті); қайнатылған, буға пісірілген немесе пісірілген майсыз балықты; усымалы және жартылай пісірілген ботқаларды (күріш, қарақұмық, сұлы жармасы) жеу;
- майлылығы төмен және қышқыл емес сүт өнімдерін тұтыну ұсынылады.
Цирроз – өте ауыр сырқат, ал дұрыс тамақтану ережелерін орындамау бауыр энцефалопатия (кома), өңеш пен асқазанның кеңейтілген тамырларынан қан кету; асцит, көк бауырдың өсуі және оның қызметінің жойылуы секілді асқынуларға әкеледі.