Дәрігер балалардың иммунитеті қай кезде түсіп кететінін айтты
Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Талдықорған қаласындағы көпсалалы облыстық балалар ауруханасы директорының ұйымдастыру-әдістемелік жұмысы жөніндегі орынбасары Арайлым Смағұлова балалар арасында болатын респираторлы аурулар жайлы айтты.
Оның айтуынша, күз мезгілінде балалар арасында тұмау, пневмония, ЖРВИ, бронхит сияқты аурулар көп кездеседі. Жоғары тыныс жолдарының респираторлық ауруы тұмаудан басталатын көрінеді. Балалардың иммунитеті төмен болғандықтан осы ауруларға тез шалдығады. Балабақша, мектепке барғанда бала айналасынан тұмауды тез жұқтырады.
Дәрігер сондай-ақ балалардың иммунитеті қандай жағдайда төмендеп кететінін түсіндірді.
Дұрыс тамақтанбау, күн суықта жылы киінбеу немесе күн жылыда баланы қалың киіндіріп, терлетіп қояды, оның арты бала температурасының түсуіне әкеледі. Сонымен қатар шаршау, стрес, белсенді қозғалыстың болмауы, қазір балалар үнемі гаджет, телефонда отыратын болды. Мұның барлығы бала иммунитетінің төмендеуіне әкеледі,-деді Смағұлова.
Тұмаудың белгісі ол мұрыннан су ағу, тамағының қабынуы, дене қызуының көтерілуі және буындарының сырқырап, бұлшықеттерінің ауырсынуы. Адамдар бұл белгілердің жай тұмау деп қабылдап, үйде ем жүргізеді екен. Дәрігер бұл дұрыс емес дейді, өйткені тұмаудан кейін болатын асқынулардан сақтанған жөн.
Мәселен, пневмония немесе ішкі ағзадаларда қан ұйюы сияқты салдары болады, содан қорқу керек. Бас ауырып, дене қызуы көтерілуі тек тұмауда болмайды, пневмония болуы мүмкін екен. Сондықтан уақыт өткізбей баланы дәрігерге көрсеткен жөн.
Пневмония кезінде бала дұрыс демала алмай, тынысы жиілейді. Мәселен, 2 айға дейінгі сәбилерде өз жасына сәйкес тыныс алу жиілігі жоғары болады, яғни 60-қа дейін болады. Одан асса пневмонияның белгісі деген сөз. Ата-аналар бала бұған дейін осылай ауырған деп сол кездегі емді үйден жасайды. Иә, бұған дейін баланың бронхасы ауырса, ал осы жолы пневмония болуы мүмкін. Сондықтан үйден ем жасамай, бірден дәрігерге әкелген дұрыс,-дейді Арайлым Смағұлова.