Дәрігер: Балаға күнде тәтті сусын беру – болашақ денсаулығына салынған қауіп
Неліктен балалар арасында семіздік көбейіп барады және оны қалай тоқтатуға болады?
Қазақстанда балалар арасындағы артық салмақ пен семіздік жылдан-жылға көбейіп келеді. Дәрігерлер мұны тек қозғалыстың азаюымен емес, ең алдымен тамақтану мәдениетінің өзгеруімен байланыстырады. Баланың денсаулығына ең үлкен қауіп неден төнеді? Тәтті сусындардың зияны қандай? Баланы дұрыс тамақтануға қалай үйретуге болады? Осы және өзге де сауалдарға Астана медицина университеті жанындағы академик Е.Д.Даленов атындағы ғылыми-зерттеу институтының СӨС орталығының басшысы, жетекші ғылыми қызметкер, диетолог Жанна Нұрберген BAQ.KZ тілшісіне берген сұхбатында жауап берді.
- Соңғы жылдары балалар арасындағы семіздік жиілеп барады. Бұған не себеп?
- Бұл бір ғана себеппен түсіндірілмейді. Баланың денсаулығына оның күнделікті тамақтану дағдысы, отбасының өмір салты, қимыл-қозғалысы, ұйқысы – бәрі әсер етеді.
Өкінішке қарай, қазіргі балалардың көпшілігі табиғи тағамнан гөрі өңделген өнімдерді жиі тұтынады. Газдалған тәтті сусындар, тәтті шырындар, фастфуд, чипсы, түрлі тәттілер күнделікті рационның бір бөлігіне айналып барады. Мұның салдары бірнеше жылдан кейін ғана байқалады.
Қазақта «Ауру – астан» деген сөз бекер айтылмаған. Бүгін баланың аузына салған тағам – оның 10-15 жылдан кейінгі денсаулығын айқындайды.
- Сіз профилактикалық медицина туралы жиі айтасыз. Неге бұл бағыт маңызды?
- Бүгінгі медицина көбіне ауруды емдеуге бағытталған.
Медициналық университеттерде дәрігерді алдымен ауруды анықтауға және емдеуге үйретеді. Ал аурудың алдын алу мәселесіне әлі де жеткілікті көңіл бөлінбей келеді.
Сондықтан профилактикалық медицинаны дамыту өте маңызды.
Менің ойымша, денсаулық мәдениетін балаға мектептен емес, балабақшадан бастап үйрету керек.
Баланың дұрыс тамақтану дағдысы дәл сол кезеңде қалыптасады.
- Балалар үшін ең қауіпті тағамдардың бірі қайсы?
- Мен үшін ең үлкен алаңдаушылық тудыратын мәселенің бірі – тәтті сусындар.
Мектептердің жанындағы дүкендерде немесе қоғамдық орындарда балалардың газдалған тәтті сусындарды, түрлі бояғыштар мен тәттілендіргіштері бар өнімдерді емін-еркін сатып алып жүргенін көргенде қатты алаңдаймын.
Ата-аналардың көбі оны жай ғана сусын деп қабылдайды.
Ал шын мәнінде оның құрамындағы қант мөлшері өте жоғары.
Бұған дейін берген сұхбатымда да айтқанмын: жарты литр тәтті сусынның құрамында шамамен 100–120 граммға дейін қант болуы мүмкін. Сонымен қатар оның құрамында түрлі хош иістендіргіштер, синтетикалық қоспалар мен тәттілендіргіштер кездеседі.
Осындай өнімдерді тұрақты тұтыну баланың зат алмасуына, артық салмақтың қалыптасуына, тіпті жыныстық жетілу үдерісіне де кері әсер етуі мүмкін.
- Демек, мәселе тек семіздік емес қой?
- Әрине.
Артық салмақ – жалғыз проблема емес.
Балалардағы семіздік кейін қант диабетіне, артериялық қысымның жоғарылауына, бауырдың майлануына, жүрек-қан тамырлары ауруларына әкелуі мүмкін.
Біз көбіне осы аурулар пайда болған кезде ғана дәрігерге жүгіреміз.
Ал оның алдын бірнеше жыл бұрын дұрыс тамақтану арқылы алуға болатын еді.
- Кей ата-аналар: «Бір бөтелке сусыннан ештеңе болмайды» деп ойлайды...
- Бір рет ішкеннен ештеңе болмауы мүмкін.
Бірақ мәселе бір ретте емес.
Егер бала күн сайын тәтті сусын ішіп, тәтті тоқаш жеп, кешке дейін телефон ұстап отырса, мұның бәрі жинақталып, бірнеше жылдан кейін денсаулығына әсер етеді.
Баланың тамақтану мәдениеті күн сайын қалыптасады.
- Бұл мәселеде жауапкершілік кімде?
- Ең алдымен ата-анада.
Бала дүкенге өзі барып тамақ сатып алмайды.
Үйде қандай тағам дайындалса, ата-анасы не сатып әкелсе, соны жейді.
Сондықтан ең алдымен аналардың, жалпы ата-аналардың тамақтану жөніндегі сауатын көтеру керек.
Балаларға ненің пайдалы, ненің зиян екенін күн сайын айтып, түсіндіріп отырған дұрыс.
- Балалар семіздігін азайту үшін мемлекет қандай бағытқа басымдық беруі керек?
- Меніңше, негізгі басымдық емдеуге емес, алдын алуға берілуі қажет.
Балабақшадан бастап дұрыс тамақтану мәдениетін қалыптастыру, мектептерде пайдалы тағамды насихаттау, тәтті сусындардың қолжетімділігін азайту және ата-аналарды оқыту – ең тиімді жолдардың бірі.
Егер біз бүгін осыған көңіл бөлсек, ертең созылмалы аурулармен күресуге кететін шығын да азаяды.
- Әңгімеңізге рахмет!