Дәрігер бала иммунитетінің төмендеуіне не әсер ететінін айтты

Отбасылық дәрігер Гаухар Жұматқызы бала иммунитетінің төмендеуіне әсер ететін бірнеше факторды атады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Оның сөзінше, иммунитеті төмендеп кеткен бала жиі ауырады, инфекцияларды тез жұқтырып, ұзақ уақыт бойы жазылмайды. 

Баланың құнарлы тамақтанбауы

Баланы зиянды заттармен тамақтандыру, тамақтану рационы, режимі, қосымша тамақ қосу уақыты дұрыс болмауы, жеткілікті мөлшерде су ішпеуі иммунитеттің төмендеуіне септесетін негізгі фактор.

Антибиотикті өз бетінше көп қолдану

Балаға дәрігердің тағайындауынсыз антибиотик беруге болмайды.

Үйдегі ұрыс-керіс

Баланың үнемі стрессте болуы, балаға себепсіз ұрысу, жазалау, үй ішіндегі ұрыс - керіс

Баланың ұйқысының дұрыс болмауы

Әр баланың күн тәртібі, ұйықтау режимі болуы керек. Уақытылы ұйықтаған баланың бойында мелатонин гормоны бөлінеді. Ол оның өсіп-дамуына көмектеседі.

Баланың гигиенасының жеткіліксіздігі

Қарапайым гигиеналық шараларды сақтамау (қол жуу, шаң сурту) немесе шектен тыс тазалық (үнемі хлор, антисептик қолдану).

Ауруды уақытылы емдемеу

Созылмалы инфекцияларды уақытында емдеу қажет: кариес, гайморит, іш қату т.б.

Таза ауа тапшылығы

Таза ауаға шықпау бала денсаулығына кері әсер етеді. 

Үй температурасының оңтайлы болмауы

Көптеген ата-ана үй ішіндегі ауаға мән бермейді. Үйдің іші құрғақ әрі ыстық болады. Салдарынан балалардың тыныс жолдары қажет деңгейде ылғалданбайды.

Қозғалыстың аздығы

Қазір балалардың басым бөлігінде қозғалыс аз, үнемі теледидар алдында отырады. Салдарынан артық салмақ жиналады. Жүгіріп ойнамаған баланың бұлшықеті шынықпайды.

Күн тәртібінің дұрыс ұйымдастырылмауы

Демалыс режимі дұрыс ұйымдастырылмаған: мектеп жасындағы баланың үзіліссіз сабақ оқуы, дем алмай түрлі үйірмелерге баруы.

Ата-анасының зиянды әдеттері

Пассивті темекі шегу: үнемі темекі түтінін жұту.

Баланы шектен тыс қымтау

Салқынға үйретпеу, салқыннан қорқу, үнемі қалың киіндіріп, суды жылытып беру.

Ана сүтімен емізбеу.

Ана сүтінің маңыздылығы ежелден бері айтылып келеді. Кемінде алты айына дейін ана сүтін емген бала көптеген инфекцияға төтеп береді. ⠀

Баланы шынықтыру үшін, денсаулығын жақсарту үшін ата-ана көп күш салуы керек. Оп-оңай, бір дәрімен көтере қоямын деу қате! Иммунитет көтеруге арналған препараттар жоқ. Қанша витамин, дәрі беріңіз жоғарыдағы себептердің 1-2 еуі болса да, еш препарат әсер етпейді!, - деді Гаухар Жұматқызы.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Бауыржан ЖУАСБАЕВ - архив
Өзгелердің жаңалығы