Дәрігер: Аутоиммундық ауруларға 5 жыл бұрынғы ем қазір жарамайды

Иммунитеттің әлсіреуі – қазіргі таңда медицинадағы аса өзекті проблемалардың бірі. Осы орайда, елордадағы ПІБ Медорталығы ауруханасында жыл басында Аутоиммундық аурулар орталығы ашылған болатын, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Жалпы, аутоиммундық ауру дегеніміз не? Одан сақтану жолдары қандай? Ревматологиялық және нефрологиялық ауруларға шалдыққан пациенттерге мамандандырылған көмек көрсететін орталыққа қалай жүгінуге болады? Аутоиммундық ауру түрлері мен оларды емдеу тәсілдері жайлы осы орталықтың жоғары санатты ревматолог дәрігері Эльмира Тұрдышевамен сұхбаттасқан болатынбыз.

- Алдымен аутоиммундық ауру дегеніміз не деген сұраққа жауап беріп өтейікші.

- Бұл – иммунитеттің әлсіреуінен адам ағзасының белгілі бір бөлігі жұмыс жүйесінен шығып, адамның өмір сүру сапасының нашарлауы, сөйтіп ерте мүгедектікке ұшырау. Аутоиммундық аурулардың 100-ден аса түрі бар, соның ең көп тарағандарының ішінде жүйелі қызыл жегі (SLE), жүйелі склеродермия, Шегрен синдромы, ревматоидты артрит, Такаясу, Жүйелік васкулиттер, Бехчета, Вегенера ауруларын атауға болады.

Біздің орталық жыл басында сирек кездесетін иммундық жүйенің патологиясына шалдыққан науқастарды емдеу мақсатында ашылды. Аутоиммундық аурулар эндокринолог, невропатологтерде де бар, дегенмен біздің орталық ревматологиялық және нефрологиялық ауруларға шалдыққан пациенттерге мамандандырылған көмек көрсетеді.

- Бұл аурулардың пайда болу себебі қандай?

- Пайда болу себебі әлі нақтыланбаған. Дегенмен, әсер етуші факторларға стрестің көптігі, вирустық аурулар, қыз балалар бойжеткенде, аяғы ауыр кезде немесе босанғаннан кейінгі гормоналды өзгерістер мен тұқымқуалаушылықтан пайда болуы мүмкін. Кейде бірнеше себеп қатар келуі ықтимал.

- Оның белгілері қандай болады?

- Аутоиммундық аурулардың ерекшелігі, әдеттегідей егде адамдар емес, 40 жасқа дейінгі жас адамдар жиі ауырады. Бізге келетін науқастардың көбінде буындары ауырып, ісіп, әсіресе таңертеңгі уақытта құрысып, жүре алмай қалады. Буын қозғалысының шектелуімен қатар, денеге бөртпе, дақтардың шығуы, қызару, көгеру, саусақтардың тоңуы, терінің қатаюы, дене қызуының үздіксіз жоғарылауы, қатты жөтел, лимфа бездерінің үлкеюі, мойында, қолтық пен шатта және мұрынның ішінде жара шығуы, ауыздың ойылуы, стоматиттің жиілеуі, жыныс мүшелерінде жаралар пайда болып, ұзаққа дейін жазылмауы және өзге де көптеген шағымдармен ревматолог дәрігерге келетіндер көп.

- Уақытында емдемеген жағдайда салдары қандай болуы мүмкін?

- Аутоиммундық аурудың диагнозы ерте қойылған сайын болжамы да жақсы болады. Яғни дертті ертерек анықтап, ем тағайындаудың арқасында қалпына келмейтін өзгерістерден алып қалып, мүгедектікке жеткізбей, өмір сүру сапасын сақтап қалу мүмкіндігі басым.

- Науқастар сіздерге қалай қарала алады? Емдеу тәсілдеріңіз қандай?

- Мен жаңа айтқан шағымдарды байқаса, ПІБ Медорталығының ауруханасының Call орталығына хабарласып, дәрігер қабылдауына жазыла алады. Бізде орталық басшысы Айжан Сәрсенбаева және жоғары санатты 4 ревматолог, 1 нефролог дәрігер жұмыс істейді. Дәрігер кеңесін алып, диагнозын анықтап, амбулаторлық немесе қажет жағдайда стационарлық ем тағайындаймыз. Көп жағдайда науқастардың үйіне барып-келу қуаты аз болғандықтан, осында жатып емделеді. Емдеу дүниежүзілік стандартқа сәйкес ревматологиялық және нефрологиялық ауруларды емдеу хаттамасына сай жүргізіледі.

- Емдеу тәсілдері дүниежүзілік стандартқа сай деп отырсыз...

- Иә, ол өте маңызды. Он жыл түгілі, осыдан бес жыл бұрынғы емдеу тәсілі қазір мүлде өзгеріп кеткен. Сондықтан біз жыл сайын халықаралық конференцияларға қатысып, емдеу тәсілдерін жаңартып отырамыз. Аутоиммундық ауруларды дәрі-дәрмексіз емдеу мүмкін емес. Күрделі ауру болғандықтан дәрілер де соған сай жеңіл емес, үнемі қолданатын дәрілер бар. Дерттің асқынуын басқан соң ауруханамыздың Қалпына келтіру емі және оңалту орталығында емді қатар жүргіземіз.

Аутоиммундық аурудан көп жағдайда толық жазылу мүмкін болмайды, біздің мақсатымыз – ауруды ремиссия сатысына жеткізу. Бұл дегеніміз – жағдайды тұрақтандырып алу керек. Сонымен қатар біздің дәрігерлер Check-up орталығында да науқастарды толық тексерістен өткізуге қатысады.

- Аутоиммундық аурулардан сақтануда қандай кеңес бересіз?

- Аутоиммундық аурулардың толыққанды профилактикасы жоқ. Стрестік жағдайдан алыс болып, салауатты өмір салтын ұстану және вирустық аурулардан сақтанып жүруді ғана насихаттай аламын. Ал дерт пайда болған жағдайда, емді көп күттірмей бастау керек.

- Әңгімеңізге көп рахмет!

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: ПІБ баспасөз қызметі
Өзгелердің жаңалығы