Дәрігер Ауғанстан сапары туралы: "Күніне 50-60 науқас қабылдадық, жағдай өте ауыр"
Бүгін Ауғанстандағы қақтығысқан жойқын жер сілкінісінен кейін шұғыл медициналық жәрдем көрсетуге аттанған қазақстандық дәрігерлер елге оралды. Дәрігерлер бригадасының құрамында болған академик Н.Д. Батпенов атындағы Ұлттық ғылыми травматология және ортопедия орталығының директоры Олжас Бекарысов BAQ.KZ тілшісіне гуманитарлық миссия мен көмектің қалай жүргізілгені туралы баяндап берді.
- Ауғанстанға барған соң медициналық көмек көрсету қалай жүзеге асты?
- Президенттің тапсырмасымен 13 сағаттың ішінде Ауғанстанның Кабул қаласына гуманитарлық көмек жөнелтілді. Сонымен бірге еліміздің үш ұлттық орталығынан келген үлкен дәрігерлер тобы да сапарға аттанды. Олардың қатарында Ұлттық ғылыми травматология және ортопедия орталығының мамандары, Ұлттық нейрохирургия орталығынан бес нейрохирург және Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығының бес дәрігері болды. Бізді үш ірі госпитальға бөліп орналастырды, әрқайсысы өз бағытындағы науқастарды қарады. Сол жерде біз жергілікті дәрігерлерге практикалық та, теориялық та қолдау көрсетіп, бірге жұмыс жүргіздік. Ауруханаларда бірге тексеріс жасап, өзіміздің әдістемелік материалдарымызды бөлістік, операциялар жасадық, консилиумдар мен талдауларға қатыстық.
Ауғанстандағы жағдайдың өте ауыр екені байқалады. Елу жылдан астам соғыс аяқталғанымен, елде әлі де қиындық көп. Медициналық құрал-жабдықтар қатты тапшы. Бізге Қазақстанда үйреншікті саналатын ең қарапайым құралдардың өзі жетіспейді. Жарақат кезінде қажет болатын қан тоқтататын препараттар да жоқтың қасы, үйренген аппараттарымыз да жоқ. Сол себепті біз жоғары технологияларды пайдалану мүмкін болмады. Қолда бар мүмкіндіктермен, негізінен, жаппай жарақат алған адамдарға көмек көрсетуге тура келді.
- Миссия барысында барлығы қанша операция жасадыңыздар?
- Бұл кезеңде 43–44 операция жасалды. Оның басым бөлігі – жарақаттар. Жер сілкінісінен кейін зардап шеккендердің саны өте көп болды, арасында атыс қаруынан жараланғандар да бар. Нейрохирург дәрігерлер оннан астам күрделі операция жасады. Біздің орталықтың мамандары да шұғыл көмек көрсетті. Тіпті ең жас дәрігерлеріміздің бірі ауыр жағдайдағы науқасқа нефрэктомия (зақымдалған бүйректі алып тастау операциясы – ред.) жасауға мәжбүр болды. Науқастың өмірін сақтап қалу үшін ол отадан бас тарту мүмкін емес еді. Сондықтан кімнің қолынан не келеді, соны жасадық.
- Негізінен қандай науқастар көп түсті?
- Көбіне ауыр жарақаттар. Көптеген пациентте политравма болды, яғни бірден бірнеше мүшеге зақым келген. Науқастардың жағдайы өте ауыр, ал негізгі қиындық – бізде кейбір қажетті құралдардың болмауы.
- Сіздер арнайы лагерьлерге де бардыңыздар ма?
- Иә, біз елшіліктің өкілдерімен бірге босқындар лагеріне бардық. Ауғанстан азаматтарының көбі жылдар бойы Пәкістан мен Иранда тұрып келген, бірақ түрлі себептермен елдеріне қайтарылған. Қазір олар осындай лагерьлерде өте қиын жағдайда өмір сүріп жатыр. Қазақстан жіберген гуманитарлық көмектің – шатырлар, көрпелер, дәрі-дәрмектердің дәл осы лагерлерге жеткені бізді қуантты. Жергілікті халық оны көріп, алғысын айтып жатыр.
- Қазақстаннан арнайы құрал-жабдық алып бардыңыздар ма?
- Иә, біз өзіміздің ең қажетті құралдарымыздың бірі – Илизаров аппаратын алдық. Осы аппараттың көмегімен көптеген жарақаттың салдарын емдеуге мүмкіндік туды. Сонымен қатар жергілікті дәрігерлерге осы аппаратпен жұмыс істеуді де үйреттік. Қазір оларды Қазақстанға шақырып, өздеріне қажет технологиялар бойынша білім алуға мүмкіндік беруді жоспарлап отырмыз. Бұл бірінші сапар ғана, соңғысы емес. Ауғанстанға мұндай көмекті әрі қарай да жалғастыру керек.
- Барлығы қанша науқас қабылдадыңыздар?
- Дәл санын айту қиын. Күніне шамамен 50–60 науқас түсіп отырды. Біз оларды қарап, тексеріп, диагнозын талдап, ауған дәрігерлерімен бірге ота жасадық. Әр күн тынымсыз өтті.
- Жергілікті жағдай қаншалықты қиын?
- Біз жер сілкінісі болған аймаққа тікелей бармағанымызбен, госпитальдарда өте ауыр науқастар жатты. Жарақаттар күрделі, мерзімі өтіп кеткен, асқынған. Көптеген пациентте бірнеше жүйенің зақымдануы байқалды. Ең қиын мәселе – медициналық құралдардың жоқтығы. Дәрігерлер тәжірибелі, бірақ техника жеткіліксіз.
- Бұл сапар сіздер үшін қандай тәжірибе берді?
- Бұл – біз үшін өте үлкен тәжірибе. Ауған дәрігерлерінің жедел көмек көрсету тәжірибесі өте жоғары. Олар ондаған жылдар бойы соғыс жағдайында жұмыс істеп келеді. Бірақ жоғары технологиялық жабдықтардың болмауы олардың мүмкіндігін шектейді.
- Бұл алғаш барған миссияңыз ба?
- Иә, Қазақстан дәрігерлерінің Ауғанстанға барған алғашқы гуманитарлық миссиясы. Бірақ соңғысы емес деп ойлаймын. Өйткені бұл елге көмек ауадай қажет. Босанатын әйелдердің жартысы тиісті медициналық көмек ала алмай көз жұмады. Жаңа туған сәбилердің жартысы өмірінің алғашқы кезеңінде шетінейді. Медициналық инфрақұрылым өте әлсіз. Сол себепті мұнда мультидисциплинарлық командалар: инфекционистер, педиатрлар, эпидемиологтар, акушер-гинекологтар жиі барып тұруы керек.
- Басқа елдерден де барған дәрігерлерді көрдіңіздер ме?
- TМД елдерінен келген дәрігерлерді көрмедік. Бірақ Германия мен Францияның қайырымдылық ұйымдары ашқан госпитальдары бар, олар жеке клиника ретінде жұмыс істейді.
- Дипломаттар қандай қолдау көрсетті?
- Дипломаттар тарапынан өте үлкен қолдау болды. Олар жылдар бойы сол жерде жұмыс істеп келе жатыр, сондықтан бізге барлық ұйымдастыру жағынан көмектесті.
- Әңгімеңізге рахмет!