Дәрігер: Артық салмақ - бауырдың хас жауы
Адам организмінің өміршеңдігіне жауап беретін күрделі ағзалардың бірі – бауыр екені белгілі, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Әлемде 2 млрд адам гепатитке шалдықса, бір ғана Қазақстанның өзінде 50 мыңға жуық жан созылмалы вирусты гепатитпен ауырады. Біздің медицина аталған дерттің алдында қаншалықты қауқарлы? Оның алдын алудың жолдары қандай? Осы және өзге де өзекті сұрақтарға жауап алу үшін Германия елінде тұрып, еуропалық медицинаны тәжірибесіне сіңіріп жатқан білікті маман, гастроэнтеролог, гепатолог дәрігер Қаһарман Есмембетовпен сұхбаттасқан болатынбыз.
- Қаһарман Ізбасарұлы, Германияға қоныс аударғаныңызға көп болды ма?
- Германияға жұмыс бабымен қоныс аударғаныма үш жыл болды. Ахен қаласындағы Ахен университетіне қарасты гастроэнтеролог-гепатолог болып жұмыс істеймін.
- Бауыр дертінің көбейіп кеткенін әлем дәрігерлері де дабыл қағып айтуда...
- Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының статистикасы бойынша бауырдың созылмалы аурулары, оның ішінде бауырдың созылмалы вирусты гепатиті бүкіл әлемді алаңдатып отыр. Жер бетінде 500 млн-ға жуық адам созылмалы гепатитке шалдыққан. Бұл аурудың қауіптілігі – бауыр циррозына және бауырдың қатерлі ісігіне алып келеді. Жалпы адамзат үшін, қай мемлекетті алсақ та, сол елдің денсаулық сақтау саласы үшін бұл үлкен проблема болып отыр.
- Германияда бұл ауруды қалай емдейді?
- Ауруды емдеу тәсілдері өте көп. Созылмалы ауру болғандықтан, бауыр циррозы мен қатерлі ісікке айналып кету қаупі жоғары. Оған көбінесе 20, 30, 40 жастағы адамдар шалдығады. Бауыр ауруларының бір ерекшелігі, тіпті қауіптілігі – адам өзінің бауыры ауырып тұрғанын бірден біле бермейді. Жүйке симптомдары болмағандықтан бауырда ауырсыну сезімі жоқ. Сол себепті бауыр циррозы немесе ісігі әбден асқынып, аурудың соңғы сатысына жеткенде ғана дертке шалдыққаны анықталып жатады. Бірінші кезекте біз аурудың себебімен күресуге тырысамыз. Созылмалы вирус гепатитіне қолданылатын көптеген заманауи дәрілер бар. Олар Қазақстанда да қолжетімді. Елдегі денсаулық сақтау жүйесінің бір жақсы тұсы – бұл дәрілер тегін беріледі. Әлемнің көптеген мемлекеттерінде ондай тәжірибе жоқтың қасы деп айтар едім. Дәрілер пациенттерге толықтай тегін берілетін жүйе дүние жүзінің санаулы елдерінде ғана бар. Мысалы, Германияның өзінде ол тегін деп саналғанымен, барлығы сақтандыру жүйесінің есебінен беріледі. Оны біздің елдегідей толықтай тегін деп айтуға келмейді.
Бірінші кезекте әр түрлі дәрілермен емдейміз. Ол мүмкін болмаса, бауырдың созылмалы ауруы – цирроз асқынып кетсе, онда ота жасалып, бауыр ауыстырылуы мүмкін.
- Еліміздегі бауыр трансплантациялауға қандай баға берер едіңіз?
- Бауыр трансплантациясы Қазақстанда ең алғаш 2001 жылдан бастап жасала бастады. Астанадағы Ұлттық онкология ғылыми орталығында сол жылы ең бірінші пациенттің бауыры ауыстырылды. Бұл саланың біздің елдегі (Қазақстандағы – ред.) аяқ алысы жақсы.
- Неге Германияны таңдадыңыз?
- Өзім жұмыс істейтін Ахон университетіне қарасты аурухана – 100 төсек-орындық үлкен емхана. Ол медициналық мекемеде гастроэнтерология және гепатология бойынша әлемде қолданылатын бүкіл озық технология мен емдеу тәсілдері енгізілген. Дәрі-дәрмек қоры да мол, түрлі операциялар да осы емханада жақсы жетілген. Германияға кеткенге дейін Ұлттық онкология орталығында жұмыс істегенмін. Тәжірибемді, біліктілігімді әрі қарай жетілдіру үшін Германияны таңдадым. Қазақстанда да, Германияда да жұмыс істеу тәжірибем жеткілікті. Екі елдегі денсаулық сақтау жүйесі қалай, онкологиялық ауруларды қалай емдейді, олармен қалай жұмыс істейді, қандай мүмкіндіктер бар, әрі қарай ол жұмысты қалай жүргізуге болады деген сияқты мәселелерді тыңғылықты зерттегім келді.
- Қазақстанда гепатологияның қай тұстарын дамыту керек деп есептейсіз? Мысалы, бауыр алмастыру бізде аса қатты дамыған деп айта алмаймыз...
- Кез келген мәселені шешу үшін, ол мәселені жүйені құрастыру жолында біраз уақыт керек. Қазақстан егемендік алғалы енді ғана 30 жылдан асты. Әлі де көптеген өзгерістер жүргізіліп жатыр. Мысалы, медициналық сақтандыру жүйесі 2 жыл бұрын ғана енгізілді. Ал Германияда бұл жүйе жүз жылдан астам уақыттан бері жұмыс істеп келеді. Денсаулық сақтаудағы сақтандыру жүйесінің іске қосылғанына небәрі екі жыл ғана болған ел мен бұл салада жүз жылдан астам тәжірибесі бар елді өзара салыстыруға мүлдем келмейді. Біздің еліміз де басқа мемлекетердің тәжірибесін қолдана отырып, олардың жасаған концепциясын пайдаланып, тек қана оң жағынан өзгерістерді қабылдап, осы жүйені тезірек жетілдіру үшін көп өзгерістер жасалып жатыр деп айтуға болады. Қаржыландыру жағынан өз көзқарасымды айтсам: Қазақстанда жағдай жақсы. Астананың клиникалары құрылысы бойынша, жұмыс істеу жүйесі жағынан, орнатылған құрылғыларының деңгейі Германияның емханаларынан қалыс қалмаған.
Елордада бірнеше жыл жұмыс істеген маман ретінде айтарым, дәрігерлердің білімі мен жүйе салыстырмалы түрде біраз айырмашылықтар бар. Сондықтан олқы тұстарын тезірек жою үшін, Қазақстандағы дәрігерлердің деңгейін әлемдік жақындату үшін Еуропаның дамыған елдерінің жаңалықтарын қабылдап, тәжірибе алмасу өте маңызды.
- Бауыр ауруларының алдын алу үшін кеңесіңізді айтсаңыз...
- Бауыр ауруларының пайда болуының көп себебі бар. Олардың біріншісі – вирусты гепатит. Вирусты гепатиттің жұғуын болдырмау үшін гигиеналық тазалықты сақтап, жылына кем дегенде өмір бойы бір рет В және С гепатитіне тексеріліп отырған абзал. Екіншіден, бауыр ауруларын көп жағдайда ішімдік ішу тудырады. Мүмкіндігінше ішімдік ішпеген немесе мөлшермен ғана қолданған дұрыс. Үшіншіден, бауыр ауруларының жиі орын алуына артық салмақ себеп болады. Артық салмақ кезінде адамның организмінде майдың үлесі едәуір жоғары келеді. Май ішке ғана емес, адамның ішкі құрылысына: жүрекке, бауырға жиналады. Бауырға жиналған май қабыну процесін тудырып, ол өз кезегінде циррозға айналып кетуі ықтимал. Салмақты қадағалап, артық салмақ жинамай, дене шынықтырумен айналысуға кеңес беремін.
- Әңгімеңізге рахмет!