Дәрігер адамның бет-әлпетіне қарап анықтауға болатын 5 түрлі дертті атады
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Дәрігерлер кейбір ауруды адамның бетіне үңіліп-ақ анықтауға болады дейді.
«Вечерняя Москваның» хабарлауынша, соның бірі - акромегалия. Негізінен акромегалия дерті «гигантизм» атауымен көбірек танымал.
Терапевт-дәрігер, иммунолог Ирина Ярцеваның айтуынша, акромегалия – эндокриндік ауытқу. Бұл дертке шалдыққан адамның ағзасында өсу гормоны шектен тыс бөлінеді. Салдарынан науқастың құлақтары мен жақсүйегі үлкейе бастайды, көбінесе ауру бассүйектің бет жақ бөлігін зақымдайды.
Мамандар қалқанша безінде ақауы бар адамдарды да түрінен анықтауға болады дейді. Сырқаттың соңғы сатысына тән белгілердің бірі - көздердің бадырайып, шарасынан шығып тұруы. Ал маңдайдың жиі терлеуі аурудың енді басталып жатқанын білдіруі мүмкін.
Сондай-ақ бет терісінің сарғайып кетуі бауыр немесе өттің сырқаттанғанын айғақтайды. Бұдан бөлек бет терісі түсінің өзгеруі вирустық және онкологиялық ауруларға шалдыққанның белгісі болуы да мүмкін.
Жүрек-қантамыр жүйесіндегі дертті де адамның бетіне қарап анықтауға болады. Мамандардың сөзінше, егер адамның мұрын-ерін орналасқан үшбұрышы көгеретін болса, ағзаның жүрек жеткіліксіздігіне ұшырағанын байқатады. Бұл, әсіресе, адам жылаған кезде қатты білінеді екен.