Кеше 2026, 20:15 Фото: ҚР ПІБ Медицина орталығының баспасөз қызметі

Дәрігер 45 жастан кейін қандай тексеруден өту керектігін айтты

Дәрігер бірнеше жылдық тәжірибесімен бөлісті.

Урология – адамның несеп жүйесі мен қуықасты безіне қатысты мәселелерді қамтитын, күнделікті өмір сапасына тікелей әсер ететін медицина саласы. Бұл бағытта дер кезінде тексерілу көптеген асқынудың алдын алуға көмектеседі.

Президент Іс басқармасы ауруханасының №4 хирургиялық бөлімшесінің меңгерушісі, жоғары санатты дәрігер-уролог Бахтияр Қасымов BAQ.KZ тілшісіне берген сұхбатында қазіргі таңда урология саласында ең жиі жасалатын операциялар, лапароскопия мен роботтандырылған хирургияның мүмкіндіктері, сондай-ақ науқастардың тез сауығып кетуіне әсер ететін заманауи тәсілдер туралы айтып берді.

- Бахтияр Ғалыұлы, алдымен ауруханаңызда урология бойынша қандай операциялар жиі жасалатынын айтып өтсеңіз. Науқастар көбіне қандай шағыммен келеді?

- Біздің бөлімде ең жиі жасалатын операциялар несеп-тас ауруына байланысты. Яғни, бүйрек пен несепағардағы тастарды алып тастау. Бұл – адамды қатты мазалайтын, ауырсынумен өтетін дерт. Жалпы алғанда, несеп шығару жолдарының барлық деңгейіндегі патологиялар осы топқа жатады. Барлық хирургиялық араласудың шамамен 70–80 пайызы осы диагнозбен байланысты. Көбіне адамдар бүйрек тұсының қатты ауырсынуы, шаншу, тұрақты жайсыздық сезімімен жүгінеді.

- Қазіргі медицинада технологиялар қарқынды дамып жатыр. Сіздің клиникада қандай заманауи тәсілдер қолданылады? Лапароскопиялық немесе роботтық операциялар жасала ма?

- Қазір бізде операцияның барлық түрі орындалады: классикалық ашық әдістер, эндоскопиялық, яғни табиғи несеп жолдары арқылы жасалатын араласулар, сондай-ақ лапароскопиялық операциялар. Бұл кезде 3–4 кішкентай тілік арқылы қажетті манипуляция жасалады. Ал бүгінгі күндегі ең озық бағыт – роботтандырылған хирургия. Робот көмегімен төменгі несеп жолдарына, бүйрекке, қуықасты безіне, қуыққа операция жасаймыз. Мұндай тәсілдердің басты артықшылығы – науқас тез қалпына келеді әрі операциядан кейін сыртқы тыртық та аз қалады.

жеткілікті, мүмкіндігіміз де кең.

- Цистит пен простатит сияқты жиі кездесетін аурулар бойынша жағдай қалай? Мұндай науқастар көп келе ме?

- Бізде тәжірибелі, білікті мамандар жеткілікті. Олар поликлиникада бастапқы қабылдаудан бастап, стационарда операция жасауға дейінгі барлық кезеңде жұмыс істейді. Цистит пен простатит көбіне емхана деңгейінде емделетін аурулар. Дегенмен біздің клиникада бұл бағытта да заманауи диагностика мен емдеу әдістері бар. Сондықтан мұндай науқастар өте көп – поликлиникаға күн сайын келетіндердің шамамен үштен бірі осы мәселемен жүгінеді.

- Бұл аурулардың пайда болуына қандай факторлар әсер етеді деп ойлайсыз? Өмір салты, тамақтану, стресс қаншалықты рөл атқарады?

- Бұл сұраққа біржақты жауап беру қиын. Мысалы, стресс көбіне тікелей қабыну ауруларын емес, зәр шығару жиілігі сияқты функционалдық бұзылыстарды тудырады. Кейде бұл жағдайлар неврологиялық мәселелермен де байланысты болуы мүмкін. Ал тамақтанудың әсері аса үлкен емес. Бірақ өмір салтының маңызы зор. Біз әрдайым дұрыс тамақтануға, қозғалысты көбейтуге кеңес береміз. Несеп жүйесі үшін ең маңыздысы – жеткілікті мөлшерде су ішу. Дене салмағына қарай күніне орта есеппен 1,5–2 литр таза су тұтыну – көптеген аурудың алдын алудың ең қарапайым жолы.

- Цистит пен простатиттің алдын алу үшін қандай кеңес берер едіңіз?

- Циститтің алдын алу үшін ең алдымен суықтан сақтану керек. Белді, аяқ-қолды жылы ұстау, белсенді қозғалу, спортпен айналысу, тіпті күнделікті серуеннің өзі пайдалы. Дұрыс тамақтану, жеткілікті су ішу және несеп жүйесіне артық салмақ түсірмеу де маңызды.

Ал простата үшін жаяу жүру, велотренажер, атқа міну жақсы әсер етеді. Ең бастысы – тұрақты жыныстық өмір. Әрине, бір ғана тұрақты серіктес болғаны дұрыс, кездейсоқ қатынастан аулақ болған жөн. Сонда қуықасты безінің қабыну қаупі айтарлықтай төмендейді.

- Қай жастан бастап урологқа профилактикалық тексеруден өту керек деп есептейсіз?

- Әйелдерге жыныстық жетілу жасынан бастап гинекологпен қатар урологқа да көрініп тұрған дұрыс. Себебі бүйрек пен қуық тек ер адамдарға ғана тән емес. Көп әйел урологты «ерлердің дәрігері» деп ойлап, барудан қысылады. Бұл дұрыс түсінік емес. Профилактикалық тексеруден жылына кемінде бір рет өту қажет.

Ал ер адамдарға келсек, жас кезінде шағым болмаса, тек көрсеткіш бойынша қаралады. Бірақ 45 жастан кейін урологқа жыл сайын бару міндетті. Себебі қуықасты безінің аурулары қазір ерте жаста кездесіп жатыр. Қатерлі ісік қаупі де бар. Сондықтан 45–50 жастан асқан ерлерге простатаға тексеру жүргізу керек: онкомаркерлер тапсыру, ультрадыбыстық зерттеу жасау.

- Бұрын күрделі саналатын, ал қазір қалыпты тәжірибеге айналған операциялар бар ма?

- Бұрын елімізде көптеген операция түрін жасау мүмкін емес еді, себебі қажетті техника болмады. Қазір біздің клиникада әлемдік деңгейде қолданылатын барлық операция түрі жасалады. Сондықтан тәжірибеміз де

- Неге бұл саланы таңдадыңыз және бұл мамандықтың несі сізге ұнайды?

- Мен урология саласында 15 жылдан астам уақыт жұмыс істеп келемін. Бұл мамандықты шын жүректен жақсы көремін. Себебі урология – өте нәзік, адаммен ашық сөйлесуді талап ететін сала. Әр науқас бірден өз мәселесін айтып бермейді. Ал сенім орнағанда ғана шынайы әңгіме басталады. Науқастың саған сеніп, сырын ашқаны – дәрігер үшін ең үлкен жауапкершілік.

Меніңше, урологияда тек кәсіби білім ғана емес, адаммен тіл табысу, түсіне білу, кейде әзілмен жағдайды жеңілдету де маңызды. Сондықтан бұл саланы ең қызықты, ең қажетті хирургиялық мамандықтардың бірі деп санаймын.

Өз кәсібіммен мақтанамын. Осы мереке қарсаңында барлық әріптестерімді – Қазақстандағы және әлемдегі урологтарды шын жүректен құттықтаймын. Баршаңызға денсаулық, мамандыққа адалдық, еңбектеріңіз арқылы адамдарға өмір сапасын сыйлай беруіңізді тілеймін. Ең бастысы – дәрігер мен науқастың арасында әрдайым сенім мен түсіністік болсын.

- Әңгімеңізге рахмет!