Дариға Назарбаева ұстаздарды кәсіби мерекесімен құттықтады
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының төрағасы Дариға Назарбаева еліміздегі ұстаздарды кәсіби мерекесімен құттықтады.
"Сіздерді Ұстаздар күні – кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын!
Бұл әрқайсымызға өте жақын, мейірім мен ізгілік шуағы төгілетін мереке. Өйткені ұстаз – бұл жай ғана мамандық иесі емес, адам жан-жүрегімен таңдаған аса жауапты, өте қадірлі қызмет. Мұғалімнің мақсаты – білімді әрі зердесі ояу, қазіргі заманға лайық саналы ұрпақ тәрбиелеу. Біздің балаларымыздың бойына жақсы дағды мен қатар білімге деген құштарлық пен өз-өзіне сенімділікті, іс-әрекетіне жауапкершілікпен қарау қасиетін сіңіру бүгінгі күнде маңызды болып отыр.
Біз қазақстандық ұстаздарды шын жүректен мақтан тұтамыз. Бүгінгі мереке – бұл барлық оқушыларға, қазір оқып жатқан оқушыларға да, мектеп түлектеріне де өз ұстаздарына ризашылығын жеткізудің тамаша мүмкіндігі.
Сіздерге зор денсаулық, бақ-береке және жаңа табыстар тілеймін! Оқушылар өз жеңістерімен және жетістіктерімен қуантсын!" - деп тіледі Сенат төрағасы.