Дариға Назарбаева үкіметтік емес ұйымдардың маңызы туралы айтты
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Нұрсұлтан Назарбаев қорының директоры Дариға Назарбаева әлеуметтік жобалар форумында үкіметтік емес ұйымдардың маңызы туралы айтты.
Бүгін ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасының музейінде «Мемлекет, бизнес және КЕҰ: тұрақты даму мақсатындағы бірлік пен серіктестіктің 30 жылдығы» атты бірінші әлеуметтік жобалар форумы өтіп жатыр.
Нұрсұлтан Назарбаев қоры ұйымдастырған іс-шара қоғамдық маңызы бар айрықша өткір мәселелерді талқылау мақсатында әр бағыттағы ұйымдардың басын қосуға арналған.
Нұрсұлтан Назарбаев қорының директоры Дариға Назарбаева 30 жыл ішінде үкіметтік емес ұйымдар жүйесі құрылғанына тоқталды.
Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында өтіп жатқан форум еліміздің толымды табыстары мен ұлттық құндылықтарын паш етеді әрі болашағы зор жаңа бағыттарға бастайды. Осы жылдар аралығында өте орнықты және қарқынды үкіметтік емес ұйымдар жүйесі құрылды. Қазіргі күні үкіметтік емес ұйымдар көптеген маңызды іс-шараларды жүзеге асырып келеді. Сондай-ақ әлеуметтік мәселелерді қарастыруда 30 жылдың ішінде үкіметтік емес ұйым немесе үшінші сектор орасан зор жолдан өтті, - деп айтты ол.
Назарбаеваның сөзінше, үкіметтік емес сектордың дамуы жаңа ғасырда басталды.
Соңғы кезде өте сапалы өзгерістер бар. Сонымен қоса үкіметтік емес ұйым мен мемлекеттің өзара қарым-қатынасы дамып келеді. Қазіргі кезде үкіметтік емес ұйымдардың ең өзекті әлеуметтік проблемаларды шешуге арналған іс-шараларын көріп отырмыз. Сондай-ақ бүгінгі күні үкіметтік емес ұйымдардың кемелденген жүйесі қалыптасты. Оның өзіндік құрылымы, мамандануы және қызмет түрі бар, - деп атап өтті қор директоры форумда.
Айта кетсек, 2015 жылы «Үкіметтік емес ұйым туралы» заң қабылданған.
Көріп отырғанымыздай, үшінші сектордың жұмысы жетілдіруді талап етеді. Бұл жерде республикалық және жергілікті атқарушы органдармен өзара қарым-қатынас, бизнеспен байланыс және сол сектордың ішіндегі жүйелі жұмыс мәселесі өте өзекті. Сол себепті Қазақстанның үшінші секторы зерттеуді, зерделеуді қажет етеді, - дейді Дариға Назарбаева.
Сонымен бірге кадрларды даярлау және осы үшінші секторда жұмыс істегісі келетін адамдарға тренингтер өткізу маңызды. Сондықтан әлеуметтік жобалар форумы мемлекет, бизнес және үкіметтік емес ұйым арасында жұмыстарды, қарым-қатынасты дамытуға мүмкіндік береді.
Нұрсұлтан Назарбаев қоры маңызды жұмысты қолдайды. Қор әлеуметтік идеялар жобалары жәрмеңкесін өткізіп келеді. Бұл жоба Елбасының бастамасымен 2008 жылы басталды. Осы уақыт аралығында 15 мыңдай ұйым осы жобаға қатысты. 303 жоба қаржыландырылды. Конкурсқа әлеуметтік бейімдеу және оңалту (мүмкіндігі шектеулі жандарды), әлеуметтік құқықтық тұрғыдан халықты қорғау, денсаулықты сақтау және қоршаған ортаны қорғау бойынша жобалар қатысты, - деп түсіндірді Дариға Назарбаева.
Айта кетейік, форум онлайн форматта екі күн бойы (22-23 сәуір) өтеді. Онлайн-трансляция www.fsp-fnn.kz сайтында жүргізіліп жатыр.