Қазақстандықтардың қай дәрілерге жағымсыз әсері жиі байқалады?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Фармакологияның заманауи дамуы және жаңа дәрілік препараттарды кеңінен қолдану емдеу мүмкіндіктерін арттырып қана қоймай, сонымен қатар науқастарда дәрі-дәрмектерге деген жағымсыз реакциялардың пайда болу қаупін арттырды.

 Мәселен, Қазақстанда 2020 жылдың 8 айында дәрілік препараттардың жанама әсері туралы 943 хабарлама тіркелген. Шағымдардың басым көпшілігі Алматы қаласынан – 14,2%, Павлодар облысынан – 13,7%, Ақтөбе қаласынан - 10% және Шымкент қаласынан – 9,1% келіп түсті. 

Айта кетейік, ҚР ДСМ Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің (ТКҚСҚБК) Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығы (ДЗМБСҰО) медициналық өнімдерді сараптаудан өткізумен қатар, нарықтағы дәрілердің жанама әсерлерін қадағалаумен айналысады.

Халықтан және медициналық ұйымдардан келген барлық хабарлама мұқият талданады. Күрделі жағымсыз реакция туғызған факторларға тексеру жүргізіледі, дәрілік заттардың үлгілері алынады. Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығының мамандандырылған орталықтарында зертханалық сынақтар жүргізіледі. Сараптама қорытындысы бойынша Орталық препараттың тіркеу куәлігінің қолданылуын тоқтата тұру немесе тоқтату туралы әрі қарай шешім қабылдау үшін ҚР ДСМ тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетіне қорытынды береді. Мониторинг барлық өңірді қамтиды және халықаралық стандарттарға сәйкес жүргізіледі. 

Хабарламаларды талдау нәтижесі көрсеткендей, негізінен антибактериялық препараттардан (42,1%), вирусқа қарсы дәрілерден (13,7%) жағымсыз әсер болатыны анықталды. Бұдан кейін иммуномодуляциялаушы препараттар (4,6%), қанның ұюына әсер ететін және/немесе кедергі келтіретін дәрілер (4,6%) тұр. Пандемия басталған кезде көптеген азамат дәрігерлердің кеңесінсіз, бақылаусыз өздері де, балалары да дәрі-дәрмек қабылдаған. Бұл олардың препараттарға деген сезімталдығының төмендеуіне әсер етуі мүмкін екенін бәрі бірдей біле бермейді. Биыл 8 айда жағымсыз реакциялар туралы келіп түскен шағымдардың саны өткен жылдың сәйкес осы кезеңімен салыстырғанда аз, былтыр 1,5 мыңға жуық өтініш түсті. Бұл азаматтар дәрілерді аз қабылдай бастады деген сөз емес. Қатаң карантин шаралары енгізілген кезеңде емханаларға баруға шектеу қойылғаны белгілі, мұнда әдетте науқастар емдеуші дәрігермен бірге Орталықтың сайтында «сары» картаны толтырады. Егер сізде қандай да бір препаратқа шағымдарыңыз болса, өз емханаңызға хабарласып, препаратқа деген жағымсыз реакция туралы хабарлауға кеңес береміз, - деді ДЗМБСҰО бас директорының дәрілік заттар жөніндегі орынбасары Баян Молдахметова. 

Еске сала кетейік, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығының www.ndda.kz сайтында дәрі-дәрмек қолданған соң жағымсыз реакция пайда болған азаматтар емдеуші дәрігермен бірге толтыратын карта-хабарлама орналастырылған. Картада дәрілік препараттың барлық жағымсыз әсерін, сондай-ақ медициналық қолдану жөніндегі нұсқаулықта көрсетілмеген әсерлерін, төмен тиімділігін немесе емдік әсерінің болмауын, дәрінің мөлшерден тыс берілуіне күдік туғанын көрсету қажет.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы