Дәрі-дәрмек құжаттарын қазақ тіліне аудару қалай жүзеге асырылады? Маман айтып берді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Отандық дәрілік нарық айналымында жүрген фармацевтикалық өнімдердің құжаттамалары міндетті түрде мемлекеттік заңнама талаптарына сәйкестік тұрғысынан сараптамалық бағалаудан өтеді.
Бұл - Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығы атқаратын негізгі міндеті.
Осы Ұлттық орталықтағы тіркеу-сараптау сатыларынан соң республиканың ауруханалары мен дәріханаларына жол тартатын дәрі-дәрмектердің негізгі құжаттарын мемлекеттік тілге аударумен айналысатын Аударма және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Гүлмира Зәуірбековамен сұхбатымызды назарларыңызға ұсынамыз.
-Гүлмира Жақсылыққызы, Аударма және тілдерді дамыту басқармасының аудармашы мамандары аударып, сарапшыларының сараптауынан өтетін медициналық нұсқаулықтардың маңызына бірінші кезекте тоқталып өтсеңіз. Медициналық аударманың сипаты, қағидалары, заңдылықтары басқа салалық аудармалардан қалай өзгешеленеді?
- Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақ құрамына әлемнің экономикалық қуатты бес әлеуетті мемлекетінің бірі ретінде ынтымақтас ел болып енгелі медициналық халықаралық стандарттар бойынша біздің Орталықта тіркелетін дәрі-дәрмектердің құжаттамасы екі түрлі мазмұнда келіп түседі. Бірі - Дәрілік препаратты медициналық қолдану жөніндегі нұсқаулық, екіншісі - дәрілік препараттың жалпы сипаттамасы. Бірі әр алуан аурулардан, дімкәстардан пациенттің жеке пайдалануы, танысуы мақсатында жазылған. Ал екіншісі емдеуші дәрігер ауруды емдеу барысында жетекшілікке алатын ауқымды медициналық ғылыми-зерттеу құжаты. Дүниежүзіндегі көптеген мемлекеттің заңнамасында өз елдерінің аумағында дәрілік заттарды медициналық қолдану жөніндегі нұсқаулықсыз пайдалануға рұқсат етілмейді. Дәрілік затты дәрігердің тағайындауынсыз, нұсқаулықпен толық танысып алмай үстірт пайдалану пациенттің денсаулығына ғана емес, өміріне зор қатер төндіреді. Тап осы мәселе елде де өзекті. Ұлттық орталыққа нарықтағы дәрілік өнімдердің заңдастырылған дерекнамалары ұшы-қиырсыз көлемде келіп түседі. Біздің аудармашыларымыз штат құрамына, еңбек төлеміне келіп тірелетін өзекті мәселелердің күн тәртібінен түспейтініне қарамастан ұшан-теңіз жүктемені игеруге күш салып, сапалы нұсқаулықтар аудармасын жылдар бойы қамтамасыз етіп келеді.
Қазақстанда медициналық қолдану жөніндегі нұсқаулықтарды және елде тіркеуге ұсынылған дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың қаптама-макеттерін орыс тілінен қазақ тіліне аударуды, сондай-ақ дәрілік заттардың, медициналық бұйымдардың барлық нұсқаулығының, қаптама мәтіндерінің және жарнамалық материалдар аудармаларының түпнұсқалығына салыстырмалы сараптама жүргізуді белгіленген қағидаларға сәйкес Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығының Аударма және тілдерді дамыту басқармасы жүзеге асырады.
Жоғарыдағы баяндаудан басқа, басқарма дәрілер мен медициналық бұйымдар дерекнамасында көрсетілген барлық мәліметті, мысалы, анатомиялық-терапиялық-химиялық жіктеуін, халықаралық патенттелмеген атауын, дәрілік түрін, дәрілік препараттың құрамын, медициналық бұйым жиынтығын, қысқаша техникалық сипаттамасын, медициналық бұйымдар номенклатурасының кодтарын және дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдарды сараптау барысында қолданылатын басқа деректерді тексерумен айналысады.
-Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойын салтанатты атап өтетін жылы мемлекетіміздің өзінде мемлекеттік тілді дамыту саласында қол жеткізген ілгерілеу көрсеткіштері аса көрнекті емес. Ал осындайда медициналық нұсқаулықтардың мәтіндерін сапалы аудару неліктен маңызды деген сауал туындайды?Тап осы аудармаға қандай жоғары талаптар қойылады?
-Бірінші кезекте қосымша парақтардың және дәрілік препараттардың жалпы сипаттамасының мәтіндерін аудару кезінде құжаттар құрылымына тиісті ресми бұйрықтармен регламенттелген талаптар қойылады, сондай-ақ қазақ тіліндегі медициналық терминологияны біріздендіру мақсатында дәрілік заттар мен бұйымдарды медициналық қолдану жөніндегі нұсқаулықтарда қолданылатын терминдердің барынша кең ауқымда және сауатты қолданылуына көңіл бөлінеді. Мысалы, терминдер негізінен белгілі бір ұлт тілінің негізінде жасалады немесе өзге тілдерден дайын қалпында қабылданады. Медицинада қалыптасқан терминдерді үш топқа бөлуге болады: біріншісі – қазақ тілінде қолданылуы талас тудырмайтын атаулар, мысалы, омыртқа, жауырын, мойын сүйегі, бауыр, бүйрек, жүрек, ми, жұлын, тамыр және т. б. Екінші топқа бір заттың бірнеше баламалы атауы бар сөздер жатады, біздің жағдайда қазақ тілінде адам ағзалары, мысалы, асықты жілік немесе үлкен жіліншік (большеберцовая кость); төбе сүйек немесе шеке сүйек (теменная кость); асқазан немесе қарын (желудок); жіңішке ішек немесе аш ішек (тонкая кишка); аш ішек немесе ащы ішек (тощая кишка); жуан ішек немесе тоқ ішек (толстая кишка); жиекті ішек немесе тоқ ішек (ободочная кишка). Үшінші топқа латын, грек тілдерінен өзгертусіз алынған атаулар кіреді, мысалы, апоневроз, диафиз, эпифиз, метафиз, остеон, менискус, вена, артерия, гипофиз, нейрон, аксон, дендрит және басқа шектеусіз атау-аталымдар.
Халықаралық анатомиялық терминологияда басқа тілдердегі терминдер тізімін қалыптастыру үшін латын атаулары негізге алыну керек. Терминдердің ағылшын тіліндегі баламасы көптеген елдерде ағылшын тілінің кеңінен қолданылуына байланысты беріледі, бірақ олар басқа тілдерде терминология негізі бола алмайды.
Мысалы, біздің тәжірибеде өтінім берушілермен талас тудырып отыратын пациент, профилактика, экстракт, шприц, диета, анамнез, инфекция, функция, анафилаксия, некроз, метаболизм, блокатор, пробирка сияқты терминдер – латын-грек-неміс тілдерінен енген сөздер, сондықтан олар өзгеріссіз қалады. Витамин сөзінің «дәрумен» деген тамаша аудармасын сақтап қалу үшін қанша шаш ағартқанымыз өзімізге мәлім.
Нұсқаулықтарды аудару сатысында медициналық терминологияны қолдану үшін сауаттылық пен нақтылық және дұрыстық маңызды екенін атап өту керек, өйткені бұл дәрігерлерге арналған ақпаратты қамтитын құжат, осы орайда оның мағынасы сипатталған дәріні қабылдайтын қарапайым азаматтарға да түсінікті болуы тиіс. Осы заңды құжат арқылы өндіруші науқасқа белгіленген нормаларды сақтай отырып, препараттың оның өмірі мен денсаулығы үшін қауіпсіз екенін және белгілі бір әсерін көрсететінін, қандай шипасы болатынын кепілдеп, жағымсыз әсерінің болуы мүмкін екенін ескертіп, сақтану амалдарымен қарулануға кепілдік береді. Нұсқаулық - пациент үшін препаратты дұрыс қабылдай білудің жадынамасы және кепілі.
Ал егемендік алғалы, тәуелсіздік туы желбірегелі Конституциямызға «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі» деп жазылды, сондықтан да Атазаңымыз бойынша біз медициналық нұсқаулықтарды қазақша аудармасымен құжаттауға, айналымға қосуға міндеттіміз. Медициналық нұсқаулықтардың қазақша мәтіндерінің пациенттер тарапынан сұранымға ие екенін, яғни пайдаланушылары барын, еңбегіміздің кәдеге жарап жатқанын, жалпы қазіргі замандық медициналық аударманың жоғары сапа деңгейіне көтерілгенін, оған біздің мамандарымыздың ұланғайыр үлес қосып отырғанын мақтанышпен айта аламын.
-Ұлттық орталықтың аудармашы мамандары атқаратын жұмыс көлеміне есептік сипатта тоқталып өтсек. Соңғы жылдар жүзіндегі сандарды сөйлетсеңіз.
- Аударма және тілдерді дамыту басқармасының мамандары 2021 жылдың бірінші жартыжылдығында 17 510 медициналық нұсқаулықты аударып, тексеріп, айналымға қосты, оның ішінде: 645-і дәрілік заттар, 207-сі медициналық бұйымдар. 48 134 бет ДЗ мен МБ нұсқаулықтарының дайын аудармаларының қазақша-орысша мәтіндерінің сәйкестігі тексеруден өткізіліп, қайта қаралды. 6 109 бет ДЗ және МБ қаптама макеттерінің мәтіні даярланды. 11970 бет бұрын аударылған ДЗ және МБ нұсқаулықтарының мазмұны қайта жетілдірілді. 7 638 бет ДЗ және МБ қауіпсіздігі туралы қорытындылар берілді. 500 бетке жуық жарнамалық материалдар аудармасы жасалды. Ұлттық орталық жыл сайын, орта есеппен, 100 мыңнан астам бетті мемлекеттік тілге аударып, дәрілер мен медициналық бұйымдар нұсқаулықтарын, қаптама макеттерін, жарнамасын іске қосып, тұтынушыларына дейін жеткізеді.
-Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың өндірушілері/дистрибьюторлары және сарапшылар мен аудармашылар арасындағы ынтымақтастық желісінде көңіліңіз толмайтын тұстар қандай? Аудармашылар медициналық құжаттамаларды аударғанда қандай ережелерді қадағалау керек?
- Мемлекеттік тілдегі аударманың дұрыстығын тексеру кезінде бізге көбінесе машиналық аударма, яғни аудармаға арналған белгілі интернет-ресурстар арқылы орындалған бұралқы нұсқалар кездесіп, тұңғыш тәжірибе жинақтаушыларды аударма соқпағында адасуға жетелейді. Мысалы, интернет деген керемет «стерильность» сөзін «бедеулік» (бедеулік - бесплодие) деп, «прямой посев питательной среды для культур» - «мәдинет құралдарын тікелей себу» деп көрінеу оспадар аударма ұсынады. Медициналық бұйымдарда «проводник» термині өте жиі кездеседі, ал оны «жолсерік» деп аударып қояды, дұрыс аудармасы - «өткізгіш», «разведенный» сөзін «ажырасқан» деп басқа ауанға ауып кетеді, ал дұрыс аудармасы - «сұйылтылған», «емкость для отходов» - «демалуға арналған сыйымдылық» деп сорақы сипатта жүр, ал ол «қалдықтарға арналған ыдыс». Ұлттық орталықтан тыс жерлерде құжаттамаларын аударып өткізетін фирма-компаниялар жүгінетін тікелей аударма әдістемесінде осындай өрескел қателіктерге, соның төңірегінде туындайтын пікірталастар, дау-дамайларға жол берілетіні бар.
Біздің жұмысымызда мамандардың кәсіби біліктілік дәрежесі маңызды рөл атқарады. Аударманың күрделілігіне қарай 2-ші топқа жататын ерекшелігін ескере отырып, медициналық аудармада белгілі бір дағдыларды меңгерген, білімді, білікті және дайындықтан өткен мамандарсыз динамика болуы мүмкін емес. Мысалы, дәрілік препараттың жалпы сипаттамасында қосымша парақта жоқ «Фармакологиялық қасиеттері», «Фармакокинетикалық әсерлері», «Фармакодинамикалық әсерлері», «Клиникаға дейінгі қауіпсіздік деректері» атты тараулар бар. Бұл препараттың жалпы сипаттамасының ең күрделі тараулары, олар осы препараттың барлық қасиет-сапа ерекшеліктерін ғылыми тұрғыда жүргізілген клиникалық зерттеулер нәтижелерімен дәлелдейді.
Аудармаға берілген мәтіндердің лексикалық, стилистикалық құрамы және семантикалық мазмұны қолда бар сөздік-анықтамалық әдебиеттерді қолданумен қатар, қосымша материалдармен білім жетілдіріп отыруды талап етеді, спецификалық терминдерді түсіндіруді және мамандардың кеңесуді қажет етеді. Сондықтан біздің Басқармада орындалған аударманы қайта тексеруден өткізетін дәрігер-мамандар да сарапшылық қызмет атқарады.
- Ғаламшарды мекендейтін адамзатқа 2020 жылы ғасырлық жаңа апат болып келген коронавирус пандемиясынан зардап шегіп, мезгілсіз құрбандыққа ұшырағандар біздің елімізде де әлемдегі рекордтық көрсеткіштермен тайталаспаса да, жетерлік болды. Осы орайда медициналық нұсқаулықтардың сапалы аудармасын Ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңызды факторларының бірі деп санай аламыз ба?
-Коронавирус пандемиясы мемлекеттер шекараларынан басқыншылықпен аттап өтіп, шапқыншылықпен талай адамдардың денсаулығын кемітіп, ғұмырын жалмап үлгерген екі жылдан бергі көлемде Ұлттық Орталық мамандары, соның ішінде біздің басқарма аудармашылары ауысымсыз кезекпен жұмыс істеуде. Осы вирустық аурудың өршуі кезінде тыныс алу ағзаларының, өкпенің көптеген алуан сипатты ауруларын, үлкен-кішіні шеңгелдеген пневмонияны емдеу мақсатында қолданылатын көптеген дәрілік препараттар, тіпті медициналық бетперделер, спрейлер, ингаляторлар, оттегімен қамтамасыз ететін күрделі құрылғылар, тағы басқа көптеген медициналық бұйымдарды тұтынушыларға тез жеткізу міндеті күн тәртібіне шыққанда оларды жасап шығарғандар, құжаттамаларын әзірлегендер мен аудармасын жасағандардың жарғақ құлағы жастыққа тимей жұмыс істеді, жұмыс 24 сағат бойы жалғасты. Қазақстандағы COVID-19 экспресс-тест, вакцинациялар құжаттамаларын, нұсқаулықтарын жиынтық даярлау ісіне де зор үлес қостық. Дамыған елдер, дамушы елдер болып бөлінетін әлем халықтарының арасында Қазақстан Республикасы біршама даму деңгейіне жеткен, дүниежүзіне мойындалған, әлемнің үздік 50 елінің, тіпті озық 30 елінің қатарынан табылуға ресурсы мен потенциалы мол мемлекеттердің бірі болып саналады. Сондықтан тұрғылықты халықтың денсаулығы мен қауіпсіздігі – әрқашан мемлекетіміздің басты назарында, бұл тақырып байырғы Елбасымыздың, қазіргі Президентіміздің халыққа Жолдауларында басым екпінмен айтылады, денсаулық саласындағы жетекші тұлғаларға, жауапты басшыларға, дәрігерлерге және осындай қосалқы зерттеуші, сарапшы, аудармашы мамандарға тегеурінді талаптар қойылады. «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының кодексіне сәйкес, денсаулық саласының сөзсіз ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету факторларына жатқызылуы - заңдылық. Жер Планетасында адамнан құнды ресурс жоқ, адам денсаулығынан зор байлық жоқ. Медициналық нұсқаулықтардың бүкіл мазмұнында кез келген аурудың алдын алу және емдеу кезінде адам денсаулығына пайда келтіру, зиян келтірмеу мақсаты көзделеді.
Дәрінің аннотациясында көп ақпарат бар: босатылу түрі мен құрамы, фармакологиялық әсері, қолданылуы, дозалау жөніндегі ұсынымдар, емдеу курсының ұзақтығы, жағымсыз әсерлері, қолдану ерекшеліктері, басқа препараттармен өзара әрекеттесуі, сақтау шарттары мен жарамдылық мерзімі. Ал, осы баяндаулардың бірінен, бір саннан не мөлшерден, уақыт көрсетілімінен қате кетіп, олқылық орын алған жағдайда көптеген пациенттер зардап шегуі, денсаулықтарын одан әрі нашарлатып алуы, тіпті көз жұмып кетуі де мүмкін.
Дәрілік нұсқаулық негізінде пациент препаратты дұрыс қабылдаған жағдайда оң әсері болуы, денсаулық пен өмірге қауіп төндіретін жағымсыз әсерлердің алдын алуы, науқастың сауығуы, айығуы, қатарға қосылуы, тіршілігін жалғастыруы, өмірін сақтап қалуы кепілді. Осы денсаулық кредосының орындалуы үшін нұсқаулықтар мәтіндерінің медицина қызметкеріне ғана емес, пациентке де түсінікті болуы үшін оның түпнұсқалық аудармасының сапалы орындалуы маңызды. Осыдан-ақ біздің еңбегіміздің адамдардың салауатты өмір салтымен, халық денсаулығымен, ұлтымыздың қауіпсіздігімен тығыз байланысты гумандық мазмұны көрінеді. Денсаулық тақырыбымен айналысып жүріп, денсаулық ұранын көтеріп жүріп, өздерінің денсаулығына залал келетіндей ауыр жүктеме, тынымсыздықпен тер төгіп жүрген мамандарымызға Алладан қуат тілеймін.