Дариға Назарбаева «Сырым» шекара өткізу бекетіне барды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Дариға Назарбаева Қазақстан мен Ресей шекарасындағы «Сырым» шекара өткізу бекетіне барды және Жайық өзенінің экологиялық жағдайымен танысты
Сенат төрағасы Дариға Назарбаева Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапары барысында Қазақстан мен Ресей шекарасындағы «Сырым» шекаралық өткізу бекетінде болып, ондағы жаңартылған инфрақұрылыммен танысты.
Шекара бекеті қызметкерлерінің мәліметтері бойынша, осы учаське арқылы орташа есеппен мыңнан астам автомобиль өтеді. Бірнеше ай бұрын шекара бекетінің мүмкіндігімен мұндай көлемдегі көлік өтіп үлгере алмаған болатын, алыс жолға тауар тасымалдайтын жүк машиналары кейде тәулік бойы кезекте тұруға мәжбүр болып, шұбатылған кептелістер туындады. Қазіргі кезде бекеттегі инфрақұрылым толығымен жаңартылды, бұрынғы екі жолаққа қосымша жабдықталған сегіз тексеру жолағы қосылды. Бұл Қазақстан мен Ресей шекарасындағы осы участокте кептеліс мәселесін шешуге мүмкіндік берді.
Сенат төрағасы Батыс Қазақстан облысындағы жұмыс сапары кезінде Оралдағы «Батыс Қазақстан машина жасау компаниясы» акционерлік қоғамында да болды. Сенаторлар Жайық өзенінің жағасына болып, оның экологиялық жағдайымен де танысты.
«Қазгидрометтің» мәліметінше, 2017 жылдан бастап өзендегі су 30-40 пайызға азайды. Жергілікті тұрғындар соңғы онжылдықта өзен су тасқыны кезеңінде де жағадан аспайтынын айтуда. Сапар барысында өзеннің кейбір жерлеріне өлшем жасалып, судың тереңдігі тек 50 см ғана болатыны Сенат төрағасына көрсетілді.