Назарбаева реформалаудың соңы неге соққанын айтты
«Ауыл шаруашылығының Жалпы ішкі өнімінің үлесі 10 жыл ішінде 5 пайыздан асқан жоқ, ал соңғы жылдары тұрақты түрде төмендеп келеді. Көбіне, кестелер мен сандардың артында адамдардың нақты проблемалары тұрғанын көре бермейміз. Біз саланың әлеуметтік өлшеміне назар аударуымыз керек. Ауылдың тұрмыс салты мен өмір философиясы қаладағы өмірден мүлдем өзгеше. Статистика комитетінің мәліметтері бойынша, осы жылдың 1 қаңтарында экономика саласындағы ең төменгі жалақы ауыл шаруашылығында болған. Жүйесіз реформалар кезінде ауыл шаруашылығында жұмыс күші құнсызданып, ауылдарда жұмыс орындары азайды. Әлеуметтік инфрақұрылым нысандары мен әлеуметтік-тұрмыстық қызметтер қысқарды. Ауыл тұрғындарының саны азайып, біртіндеп бүтін елдімекендер жойылып кетіп жатыр. Осы реформалау кезінде адами фактор ең үлкен деформациялауға ұшырады», - деді Дариға Назарбаева.
Оның айтуынша, үкіметке алдымен мемлекеттік бағдарламалардың сәтті әрі нәтижелі жүзеге асырылуына не кедергі екенін түсіну керек.
«2010 жылдан бері Қазақстанда 3 мемлекеттік бағдарлама қабылданды. Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың қолданыстағы үшінші мемлекеттік бағдарламасы 2021 жылы аяқталады. Статистика комитетінің мәліметінше, 2017 жылдан бастап 2019 жылға дейін ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 4,5 триллион теңгеден аспаған. 2021 жылға қарай саланы дамыту бағдарламасы аясында оны 8,2 триллионға дейін өсіру жоспарланып отыр.Бағдарламаны жүзеге асырудың үш жылында 2 триллион теңгеге жуық қаражат тек агроөнеркәсіп кешенін субсидиялауға жұмсалған. Мемлекет бұл саланы белсенді дамытуға алғышарттар жасап, жағдайды жақсарту үшін үнемі шаралар қабылдап жүр деп білеміз. Ауыл тұрғындары жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік бағдарламалардан ең көп жеңілдіктер мен жәрдемақы алушылар қатарында деп есептейміз. Бірақ іс жүзінде бағдарламалар ауыл тұрғындарының әл-ауқатын жақсартып жатыр ма? Бізге мемлекеттік бағдарламалардың сәтті әрі нәтижелі жүзеге асырылуына не кедергі екенін түсіну керек", - деді Сенат спикері.