Дариға Назарбаева Хорватия премьер-министрінің орынбасарымен кездесті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бұл туралы Парламент Сенатының баспасөз қызметі хабарлады.

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының төрағасы Дариға Назарбаева Хорватия Премьер-министрінің орынбасары, сыртқы және еуропалық істер министрі Мария Пейчинович-Буричпен кездесті.

Сенат төрағасы Дариға Назарбаева Мария Пейчинович-Буричтің Қазақстанға алғашқы ресми сапарымен екі жақты қарым-қатынастың жаңа парағы ашылатынына сенім білдірді.

«Біз Хорватияны Қазақстанның Балқандағы маңызды әрі келешегі зор серіктесі ретінде қарастырамыз және барлық салалар мен барлық деңгейлерде өзара іс-қимылды дамытуға мүдделіміз», - деді ол.

Тараптар парламентаралық байланыстарды нығайтудың келешегін талқылады. Сенат басшысы хорват депутаттарын Қазақстанға сапармен келуге шақырды. Парламент делегацияларының сапарлары біздің саяси үнқатысуымызды кеңейтумен қатар, өзара іс-қимылдың барлық салалары бойынша екіжақты қарым-қатынастарды ілгерілетуге мүмкіндік береді.

Жоғарғы палата басшысы ынтымақтастықтың ауыл шаруашылығы, туризм, ақпараттық технологиялар, денсаулық сақтау секілді болашағы зор бағыттарын атап өтті.

«Хорватияның озық технологиялар мен сервистік секторлармен қоса ауыл шаруашылығы тәжірибесі бізді ерекше қызықтырады», - деді Жоғарғы палата басшысы.

Сондай-ақ Қазақстандағы денсаулық сақтау саласындағы, атап айтқанда, мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған протездер жасау жөніндегі бірлескен кәсіпорындар санын ұлғайту қажеттігі атап өтілді. Сенат төрағасының тағы бір ұсынысы – Қазақстан азаматтарына Хорватияға визасыз бару мәселесін пысықтау болды.

Хорватия сыртқы саясат мекемесінің басшысы Тұңғыш Президент Н.Назарбаевтың басшылығымен Қазақстан және оның астанасының қарқынды дамуын атап өте келіп, Нұр-Сұлтан қаласында өз елі елшілігінің ашылғаны туралы хабардар етті. Ол Елбасының 2000-шы жылдардың басында Хорватияға сапары туралы жылы шырайлы естеліктерімен бөлісіп, Қазақстан-Хорват қатынастарын дамытуға және Қазақстанды өркендету және тұрақтылығын қамтамасыз етуге қосқан үлесін жоғары бағалады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы