Дариға Назарбаева: Азық-түлік өнімдері қол жетімді болуы керек

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының төрағасы Дариға Назарбаева Парламенттік тыңдауларға дайындық аясында еліміздің мемлекеттік органдарының өкілдерінің және ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілердің қатысуымен ет өндірісі саласының қазіргі жағдайына арналған кездесу өткізді.

Жүздесуге Сенат депутаттары, Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері мен мал шаруашылығы бойынша өнім өндірушілер қатысты, деп хабарлайды Сенаттың баспасөз қызметі.

Алдымен ауыл шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров Қазақстандағы мал шаруашылығының қазіргі күй-жайымен таныстырды.

Министрдің бірінші орынбасары ет өндірісі еліміздегі негізгі салалардың бірі екенін айта келіп, өткен жылы 1,1 млн тонна ет өндірілгенін жеткізді.

Отандық ет өнімдерінің экспорты айтарлықтай емес. 2019 жылы 372 тонна шұжық және 769 тонна консерві өнімдері экспортталды. Сонымен қатар Қазақстаннан 156 063 ірі қара және 263 737 ұсақ мал сыртқа жөнелтілді, – дейді А.Сапаров.
2019 жылдың қазан айында елімізден ірі қара мен саулықтарды сыртқа шығаруға тыйым салынғанына қарамастан 26 781 ірі қара және 22 272 бас ұсақ мал әкетілген.

Сенат төрағасы Дариға Назарбаева мал шығаруға тыйым салу және оның зардаптары мәселесін көтерді.

Бізге тек көлеммен ғана емес, сапамен де, бағасымен де алуымыз керек. Ет дәмді, сапалы және бағасы қолжетімді болуы тиіс. Бүгін біздің қолымызда не бар? Ет бағасы өте тез өседі. Бізде ет бар, бірақ біздің нарықта неге қымбат? Оның үстіне, біздің еліміз бен халқымыз етті бағдарға алады. Маңыздылығы жағынан наннан кейін екінші өнім – ет, – деді Д.Назарбаева.
Батыс Қазақстан облысындағы «Кублей» серіктестігінің бас директоры Талғат Берекешев қайта өңдеу өнеркәсіп орындарының басты мәселелеріне тоқталды. Оның пікірінше, біздің қайта өңдеу кәсіпорындарының мәселесі – қуаттардың толық іске қосылмай тұрғаны.
Ет комбинаттары 40-45% қуатында жұмыс істеп тұр. Ауыл шаруашылығы министрлігінің бүгінгі күні қолданыстағы өнімді мал шаруашылығы жөніндегі бағдарламасы басты себеп болуда. Оған сәйкес, барлық субсидиялар өндірістік кәсіпорындарда шикізатты қайта өңдеуге емес, бордақылау алаңдары арқылы жіберіледі. Сондықтан фермерлер малды ет комбинатына емес, бордақылау алаңына тапсырса ғана малға субсидия алады. Яғни, олар бізге ет беруге құштар емес. Ал бордақылаушыларға экспорт тиімді, сондықтан субсидиямен алынған мал сатып алушыларға кетеді, – деп атап өтті Т.Берекешев.
Сенат төрағасы жауап ретінде айтқан сөзінде егер әр зауыт ең болмағанда 90% қуатында жұмыс істеген болса, онда өнім көлемі мүлдем басқа әрі нарықтағы бөлшек баға да басқа болады, бұл ретте делдалдар азаяды.
Қазір біз халық тамағының тоқ болуын, негізгі азық-түліктің қолжетімді болуын ойластыруымыз керек. Бұл біздің басты міндетіміз. Ауыл шаруашылығының алдында сала ретінде басымдықтар бар. Қазақстандықтар туралы ұмытпайық. Олардың дастарқанында қолжетімді дәмді ет болуы керек. Алдымен азық-түлік қауіпсіздігін ойлау керек. Өз еліміздің тоқшылықта болуы маңызды, – деді Д.Назарбаева.
Сенат басшысы ет саласының қазіргі жағдайы туралы айта келіп, оның жеңіл өнеркәсіппен байланысын атап өтті.
Малды сою - бұл да маңызды мәселе. Себебі терінің сапасы бізде жеңіл өнеркәсіптің дамуына әсер етеді. Бұл мәселеге барлық жағынан кешенді түрде қарау керек, - деді ол.
Дариға Назарбаева кездесуді қорытындылай келіп, парламенттік тыңдаудан кейін де жұмыс жалғасатынын атап өтті.
2020 жылдың соңына - 2021 жылдың басына қарай Агроөнеркәсіпті дамытудың жол картасы дайын болады. Зерделі заңдар мен ережелер қабылдануы керек. Сіздермен мүддеміз ортақ – ауыл шаруашылығымызды көтеру, отандық өндірістің дәмді әрі арзан өнімдері дастарқанда мол болуы үшін бай ел болу керек. Оны қарапайым заттардың экономикасы дейміз, – деді Д.Назарбаева.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы