Дархан Қыдырәлі: Жастар арасындағы қылмыс өсіп барады
Сенатор Дархан Қыдырәлі еліміздегі жастар арасындағы зорлық-зомбылық пен қылмыстың өсіп келе жатқаны туралы депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Депутаттың айтуынша, биылғы тоғыз айдың көрсеткіші бойынша кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыс Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Ұлытау, Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау облыстары мен Астана, Алматы, Шымкент қалаларында арта түскен. Сенатор елімізде орын алған зорлық-зомбылықты, Ақтаудағы жастар төбелесі мен Ақтөбедегі жасөспірімді аяусыз өлтіргенін және қоғамдық алаңдаушылық туғызатын басқа да оқиғаларды мысалға келтірді. Жастар арасындағы проблемалар бізде ғана емес, жалпы әлем жұртшылығының алаңдаушылығын туғызып отыр. Сондықтан дамыған елдерде жастар, жаңа ұрпақ туралы ауқымды зерттеулер жүргізіледі. Елімізде бұл тақырып ғалымдар назарынан тыс қалуда.
Масс-медиадағы басым күш культі, танымал сериалдар мен басқа да формалар арқылы агрессияның насихатталуы қатігездікті өршіте түсетіні аян. Әлеуметтік желілер арқылы кең таралған ойындар жастардың танымы мен талғамын қалыптастырады. Сонымен қатар ата-ананың мейрімін сезінбеу, отбасыдағы түрлі кикілжің мен травма, білім ошақтары мен тәрбие орындарында жастарға социализация моделін ұсына алмау сияқты себептерді де жоққа шығара алмаймыз. Тәлімгердің айлығы төмен, сынып жетекшілігіне төленетін ақы аз. Орташа 10 мектепке 1 испектордан ғана келеді, - деді сенатор.
Депутат сондай-ақ жастардың проблемасы әртүрлі министрліктер құзыретіне бөлініп кеткенін, бірақ салаға жауапты Жастар комитеттің өңірлерде тікелей құрылымы жоқ екенін атап өтті. Кейбір салаларда бірнеше адам ғана жастар саясатымен айналысады, бұл туындаған мәселені оң шешуге мүмкіндік бермейді. Жалақы төмен болғандықтан, Жастар ресурстық орталықтарында білікті кадрлар тұрақтамайды.
Заңдар мен бағдарламалар қабылдануда. Десек те атқарылып жатқан істер де аз емес, ұлт болып ойласатын өзекті тақырып. Жастар саясаты бойынша басқармаларды барлық өңірлерде қайта құру керек. Жастардың ресурстық орталықтарын жақсарту керек және аймақтарда Комьюнити орталықтарын ашу керек. Орталық және аймақтық атқарушы органдардың жұмысын жүйелеу үшін отбасы және жастар ісі жөніндегі комитеттің құзыретін күшейту керек, - деді Дархан Қыдырәлі.