Дархан Қыдырәлі Баку жаһандық форумына қатысты

Әзербайжанда «Бүгінгі әлем: сындар мен үміттер» тақырыбындағы Х Баку жаһандық форумы басталды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Жаһандық форумға еліміздің Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі қатысты. 

Бакуде өтіп жатқан форум туралы министр әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.

Бүгін Әзербайжан Республикасының Президенті Илхам Әлиевтің қатысуымен басталған, көптеген елдердің мемлекет қайраткерлері мен интеллектуалдарының басын қосқан форумда сөз сөйледік. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясының 77-ші сессиясында “тәртіп пен жауапкершілікке негізделген халықаралық жүйенің хаос пен белгісіздік алдында есе жіберіп алғанын” айтқан еді. Осы ойды тарқата отырып, қазіргі жаһанның және аймақтың алдында тұрған сын-қатерлер, оның ішіндегі климат, азық-түлік және ядролық қауіпсіздікпен қатар, постшындық дәуірінде белең алған гибрид соғыстары ақпараттық қауіпсіздікке де ерекше назар аудару қажет екенін қаперге салдық, – деп жазды министр.

Сондай-ақ Дархан Қыдырәлі жаңа технологияның дамуы адам өміріне артықшылақтар берумен қатар, сын-қатерлермен де бетпе-бет келтіріп отығанын айтты. 

Мәселен, көптеген ғалымдар жасанды интеллект мемлекеттердің жұмысын жақсартады және ХХІ ғасырда қоғамның күрделі мәселелерін шешеді деп болжайды. Алайда медиа мен цифрландырудағы этика мәселесі алдан шығып отыр. Сондықтан жасанды интеллектіні дұрыс пайдалануды реттеу, сондай-ақ, оны қолдану құқығын қалыптастыру мәселелері зияткерлік ортада кеңінен талқылануы тиіс. Сонымен бірге бізді жалғап жатқан, бөлмейтін, керісінше біріктіретін Каспий теңізінің экологиялық жағдайына да назар аудару қажет екенін тілге тиек еттік, – деді министр Дархан Қыдырәлі.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: facebook.com/darhan.hidiral
Өзгелердің жаңалығы