18 Ақпан 2026, 15:24 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Артём Чурсинов

Дәретханаға бару үшін партаның үстінен секірген: Талғарда сот оқушыны ақтады

Анықталғандай, оқушының партасы қабырғаға тіреліп тұрған, ал жалғыз өту жолында отырған сыныптасы оны өткізбеген.

Талғар аудандық соты физика сабағында партаның үстінен секіріп, дәретханаға шыққан 11-сынып оқушысына қатысты «ұсақ бұзақылық» ісін тоқтатты. Сот құқық бұзушылық құрамы болмағанын және хаттама рәсімдеу кезінде заң талаптары сақталмағанын анықтады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Оқиға қалай болды?

2026 жылғы 23 қаңтарда шамамен сағат 12:00-де 11-сынып оқушысы физика сабағы кезінде дәретханаға шықпақ болған. Алайда оның партасы қабырғаға тіреліп тұрған, ал жалғыз өту жолында отырған сыныптасы оны өткізбеген.

Осы жағдайдан кейін оқушы партаның үстінен секіріп өтіп, сыныптан шығып кеткен. Біраз уақыттан соң сабаққа қайта оралып, мұғалімнен кешірім сұрап, партаны сүртіп қойған.

Полиция неге хаттама толтырды?

Мұғалімнің өтініші негізінде полиция инспекторы 2008 жылы туған кәмелетке толмаған оқушыға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 434-бабы 1-бөлігі («Ұсақ бұзақылық») бойынша әкімшілік хаттама жасаған.

Алайда сот барысында бейәдеп сөздер айтылмағаны анықталды. Оқиға бейнежазба арқылы да расталған. Мұғалім оқушыны дәретханаға жібермегенін түсіндірген.

Сот қандай шешім шығарды?

Талғар аудандық соты істі қарау барысында құқық бұзушылық құрамы жоқ екенін анықтады.

Сонымен қатар, әкімшілік хаттама толтыру кезінде кәмелетке толмаған тұлғаға қорғаушының қатысуы қамтамасыз етілмегені белгілі болды.

2026 жылғы 4 ақпандағы қаулымен іс құқық бұзушылық құрамы болмауына байланысты тоқтатылды. Қаулы заңды күшіне енді.

Полицияға қатысты жеке қаулы

Сот жол берілген процессуалдық заңбұзушылықтарға байланысты Алматы облысының Полиция департаменті мен Талғар аудандық полиция басқармасы басшылығының атына жеке қаулы шығарды.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Астанада ер адам 12 жасар қызға лифтіде тиіскені үшін 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.