Данияр Қасқарауов Алматы облысындағы спорт саласының дамуына оң баға берді
Мәжіліс депутаты Данияр Қасқарауов Алматы облысына сапары барысында дене шынықтыру және спорт басқармасының жұмыстарымен танысты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Мәжіліс баспасөз қызметінің хабарлауынша, кездесу барысында спорт мамандары саланың жетістіктері мен кемшіліктерін талқылады. Облыстық спорт басқармасының басшысы Ерболат Сарабековтың айтуынша, Президенттің спорт саласын реформалау жөніндегі тапсырмасына сәйкес бірқатар шаралар жүзеге асырылуда. Бұқаралық, ұлттық және олимпиадалық спорт түрлерін дамыту бойынша нақты жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру және салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында шалғай ауылдарда спорт залдары ашылуда. Мәселен, былтыр Шелек, Нарынқол және Қаракастек ауылдарында төрт спорт кешені пайдалануға берілді. Алдағы уақытта халық тығыз қоныстанған елді мекендерде осындай нысандар салу жоспарланған. Тұрғындармен кездесуде “спорт кешендері қажет” деген мәселе жиі көтеріледі. Жалпы, Алматы облысындағы спорт саласының дамуына оң баға беруге болады. Өткен жылы Париж Олимпиадасында өңірден бес спортшы лицензия алып, Демеу Жадыраев грек-рим күресінен күміс медаль жеңіп алды. Бұл – өте жақсы көрсеткіш. Дегенмен, осы жетістіктермен тоқтап қалмай, болашақта 1,7 миллион халқы бар Алматы облысынан Олимпиада мен әлем чемпиондары шығатынына сенеміз, – деді Данияр Қасқарауов.
Сонымен қатар депутат Алматы облысы Қарасай ауданындағы мектеп мәселелеріне де назар аударды. Ауданда 2024 жылы "Жайлы мектеп" бағдарламасы аясында сегіз білім ошағының құрылысы жүргізілген. Елтай, Қошмамбет, Долан, Кемертоған, Көкөзек ауылдары мен Қаскелең қаласындағы мектептердің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді.
Президент тапсырмасымен салынған бұл білім беру мекемелері заманауи үлгіде салынып, толық жабдықталған. Оқушылардың сапалы білім алуына барлық жағдай жасалған. Сонымен қатар Алмалыбақ пен Бұлақты ауылдарында тағы екі мектептің құрылысы жүріп жатыр. Олар жаңа оқу жылына дейін пайдалануға беріледі деп күтілуде. Осындай ауқымды жұмыстардың арқасында аудандағы үш ауысыммен оқыту мәселесі толығымен шешіліп, 15 мың оқушы жаңа мектептермен қамтылады, - деп атап өтті депутат.