Бүгiн 2026, 07:14 Фото: freepik

Данияда Гренландия мәселесіне байланысты мерзімінен бұрын сайлау жарияланды

Соңғы айларда Дания саясатын АҚШ Президенті Дональд Трамптың Гренландияны қосып алуға бағытталған жоспары қыздырған еді.

Дания Премьер-министрі Метте Фредериксен 24 наурызда мерзімінен бұрын сайлау өткізілетінін жариялады. Ол алдағы төрт жыл ел үшін шешуші болатынын айтты және Дания мен АҚШ арасындағы қатынасты айқындау қажеттігін атап өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ ВВС-ге сілтеме жасап.

Соңғы айларда Дания саясатын АҚШ Президенті Дональд Трамптың Гренландияны қосып алуға бағытталған жоспары қыздырған еді. Трамп аралды Ресей мен Қытайдан қорғау үшін АҚШ бақылауына алу керек деп мәлімдегенімен, Дания мен Гренландия оған қарсы екенін көрсетіп, Еуропалық одақ тарапынан қолдау тапты.

Гренландияның стратегиялық орналасуы оны Арктикадағы зымыран шабуылдары кезінде ерте ескерту жүйесін орналастыруға ыңғайлы етеді. Қазір аралда АҚШ-тың 100-ден астам әскерісі бар, базаны Екінші дүниежүзілік соғыстан бері АҚШ басқарады.

Фредериксен парламентте: «Біз өз континентімізде бейбітшілікті қамтамасыз ету үшін қайта қарулануымыз керек. Дания, Гренландия және Фарер аралдарының болашағын бірге қамтамасыз етуіміз қажет», - деді.

Гренландия Премьер-министрі Дженс-Фредерик Нильсен Трамптың ұсынысын жоққа шығарып, аралдағы азаматтар үшін денсаулық сақтау тегін екенін еске салды.