Дания парламенті АҚШ-тың Гренландияға қатысты қорғаныс келісімін мақұлдады
Дания мен Гренландия парламенттік дауыс беру нәтижелері туралы АҚШ-қа ресми дипломатиялық хабарлама жолдауға дайындалып жатыр. Осы рәсімнен кейін келісім толық күшіне енеді. Құжат Арктикадағы стратегиялық маңызы зор аралға қатысты ұзақ жылдар бойы жалғасып келе жатқан келіспеушіліктерді реттеуге бағытталған.
Дания парламенті АҚШ-пен Гренландияға қатысты жасалған жаңа қауіпсіздік келісімін түпкілікті мақұлдады. Құжат Вашингтонға аралдағы қолданыстағы әскери базаны жаңғыртуға және тағы екі әскери нысан ашуға мүмкіндік береді. Бұл туралы BAQ.KZ DW-ге сілтеме жасап хабарлайды.
Дания мен Гренландия парламенттік дауыс беру нәтижелері туралы АҚШ-қа ресми дипломатиялық хабарлама жолдауға дайындалып жатыр. Осы рәсімнен кейін келісім толық күшіне енеді. Құжат Арктикадағы стратегиялық маңызы зор аралға қатысты ұзақ жылдар бойы жалғасып келе жатқан келіспеушіліктерді реттеуге бағытталған.
Келісімге қыркүйек айында Нью-Йоркте өткен БҰҰ Бас Ассамблеясы аясында АҚШ президенті Дональд Трамп, Дания премьер-министрі Метте Фредериксен және Гренландия үкіметінің басшысы Йенс-Фредерик Нильсен қол қойған.
Бұған дейін АҚШ президенті ұлттық қауіпсіздік мүдделерін алға тартып, қажет болған жағдайда Гренландияны күшпен басып алуға дайын екенін мәлімдеген болатын.
Келісімде не қарастырылған?
Құжат Гренландия мен Дания Корольдігінің егемендігіне қол сұқпайды. Алайда 1951 жылғы қорғаныс келісіміне бірқатар өзгеріс енгізіп, АҚШ-тың арал аумағындағы әскери қызметін кеңейтуіне жол ашады.
Қазіргі уақытта АҚШ-тың Гренландияның солтүстік-батысында Питуффик ғарыш базасы орналасқан. Бұл нысан зымыранға қарсы қорғаныс жүйесі мен радиолокациялық бақылау үшін стратегиялық маңызға ие.
Жаңа келісім аясында Вашингтонға аталған базаны жаңғыртып, оның қызмет аясын кеңейтуге, сондай-ақ аралдың оңтүстігіндегі Нарсарсуак пен шығысындағы Местервиг қалаларында тағы екі әскери база ашуға рұқсат беріледі.
Сонымен қатар келісімге сәйкес, НАТО-ға мүше емес ешбір мемлекет үш тараптың келісімінсіз Гренландия аумағында әскери нысандар орналастыра алмайды.
Құжат НАТО мен Еуропалық одаққа мүше емес немесе олардың серіктесі саналмайтын елдер мен инвесторлардың ықпалын да шектейді. Бұл АҚШ-тың Арктика аймағында Қытай мен Ресей ықпалының күшеюіне жол бермеу жөніндегі ұстанымымен үндеседі.