Дания Еспаева: Қазақстанда кедейлер болмауы тиіс
«Ақ жол» әлеуметтік әділдік пен бизнесті қолдауды сайлауалды бағдарламасының өзегіне айналдырды.
Астанада «Ақ жол» демократиялық партиясының сайлауалды съезі өтіп жатыр. Жиында партия төрағасы Дания Еспаева партия бағдарламасының негізгі бағыттарына тоқталды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Дания Еспаеваның айтуынша, бағдарламаның маңызды бағыттарының бірі – әлеуметтік әділдік.
Бағдарламаның тағы бір маңызды бағыты – әлеуметтік әділдік. Қазақстанда кедейлер болмауы тиіс! Бұған еліміздің мүмкіндігі жетеді. Жеріміз бай, экономикамыз мықты, халқымыз талантты. Әрбір азамат сапалы білім мен лайықты медициналық қызмет алуы керек. Еңбегі адал бағаланып, ертеңгі күніне сеніммен қарауы қажет! – деді партия төрағасы.
Сондай-ақ ол «Ақ жол» партиясы үшін кәсіпкер экономиканың негізгі қозғаушы күші екенін айтты.
Біздің партия үшін, бизнес партиясы ретінде, кәсіпкер – экономиканың басты қозғаушы күші. Дәл кәсіпкер жұмыс орындарын құрады, салық төлейді, өндіріс пен қызмет көрсету саласын дамытады, тәуекел мен жауапкершілікті өз мойнына алады, – деді Дания Еспаева.
Оның айтуынша, сондықтан партия бағдарламасында нарықтық экономиканы дамыту мен кәсіпкерлікті қолдау дәстүрлі түрде басты орын алады.
Бізге адал бәсеке, мемлекеттің экономикаға шамадан тыс араласуын қысқарту, отандық өндірісті дамыту, инновацияларды, цифрлық экономиканы және заманауи технологияларды қолдау қажет, – деді ол.
Партия төрағасы алдағы уақытта да бизнеске түсетін әкімшілік қысымды азайту, адал бәсекені қамтамасыз ету және отандық өндірісті қолдау бағытындағы жұмысты жалғастыратынын жеткізді.
Сондықтан біз алдағы уақытта да бизнеске түсетін әкімшілік қысымды азайтуға, адал бәсекеге және отандық өндірісті қолдауға қол жеткізетін боламыз, – деді Дания Еспаева.
Ол шағын және орта бизнесті дамыту арқылы халықтың әл-ауқатын арттыру, өз еңбегімен табыс тауып отырған азаматтардың санын көбейту маңызды екенін атап өтті.
Шағын және орта бизнесті дамыту арқылы халықтың әл-ауқатын арттырып, өз еңбегімен табыс тауып отырған азаматтардың санын көбейту маңызды. Өйткені экономикасы мықты елдің негізі – азаматтар, – деді партия төрағасы.
Сөз соңында Дания Еспаева партияның алдағы мақсаттарына тоқталды.
Біз экономикасы мықты, мемлекеті әділетті, заңдары адал, мүмкіндіктері тең, қоғамы жауапты ел болуға ұмтыламыз. Алда атқаратын жұмыстар көп екенін және өзгерістер қажет екенін білеміз. Біз бұл өзгерістер арқылы әр азаматтың игілігіне жұмыс істеуіне қол жеткізуді мақсат етеміз. Бәріміз бірге бұл міндеттерді орындай алатынымызға сенемін, – деді Дания Еспаева.