Дания Еспаева: Қазақстандықтарды ел тарихындағы маңызды күннің сәтті өтуімен құттықтаймын

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. «Ақжол» партиясының атынан кезектен тыс президенттік сайлауға түскен Дания Еспаева саяси науқанның алдын ала қорытындысынан кейін өз пікірімен бөлісті.

«Алдымен, барша қазақстандықтарды еліміздің тарихында маңызды болып табылатын айтулы күннің сәтті өтуімен құттықтаймын. Оның ішінде, мені қолдап дауыс берген отандастарыма шексіз алғысымды айтамын. Бүгіндікке ұялы телефоныма қоңырау шалып, қолдау білдірушілердің санында шек болмады. Сондай-ақ, өз партияластарым - ақжолдықтарға ризашылығымды білдіремін. Сайлауға келсек, өте тартысты өтті. Соңғы нәтижені ертең білетін боламыз», - деді Д. Еспаева.

Сонымен қатар кандидат сайлауға қатысудан өмірлік және қызметтік тәжірибе жинағанын айтып өтті.

«Сайлау - мен үшін үлкен мектеп болды. Өз басыма керекті дүние жинадым. Әсіресе, өңірлердегі халықпен кездесу барысында көптеген мәліметтерге қол жеткіздім. Алдағы уақытта мағлұматтармен тереңінен танысатын боламын. Ал нәтижеге келсек, алдын ала қорытынды бойынша, 3-орындамын. Ол мен үшін үлкен көрсеткіш. Одан бөлек, тәуелсіз Қазақстан тарихында президенттікке кандидаттар арасында алғаш әйел болып қалдым. Бұл қуантады», - деді ол.

Кандидаттың сайлау штабында оның өкілдері мен қолдаушылары жиналды. Exit poll қорытындысына сәйкес, Д. Еспаеваның дауыс жинаудағы алдын ала нәтижесі 5,32 пайызды құрады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы