Бүгiн 2026, 15:21 Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі

Дания Еспаева «Ақ жол» партиясының төрағасы атанды

Партия басшылығында өзгеріс болып, төрағалық қызмет Дания Еспаеваға сеніп тапсырылды.

13 маусым күні өткен партия съезінде ұзақ жылдар бойы партияны басқарған Азат Перуашев өз өкілеттігін тоқтататынын мәлімдеді.

Ол бұл шешімін басшылық құрамды жаңарту қажеттілігімен және партиялық жүйеде биліктің мерзімді ауысып отыруының маңызымен түсіндірді.

Монополияға қарсы ең тиімді құрал – басшылықтың мерзімді түрде ауысып отыруы. Сондықтан өз ойыммен ғана шектеліп қалмау және жаңа идеялар мен тың серпіндерге жол ашу үшін партия төрағасы өкілеттігін тоқтату туралы шешім қабылдадым, – деді Перуашев.

Ол партияның жаңа көшбасшысы қызметіне Мәжіліс депутаты әрі Палата төрағасының орынбасары Дания Еспаеваның кандидатурасын ұсынды. Дауыс беру қорытындысы бойынша делегаттардың басым бөлігі оны қолдады.

Осылайша, Дания Еспаева «Ақ жол» партиясының төрағасы болып сайланып, Қазақстандағы саяси партияны басқарған алғашқы әйел атанды.

Азат Перуашев партияны ұзақ жылдар бойы басқарды және саяси бірлестіктің негізгі тұлғаларының бірі болып қала береді.