Дания Еспаева «Ақ жол» партиясының партиялық тізіміне кімдер енгенін айтты
Тізімде жастар, әйелдер және мүгедектігі бар азаматтар бар.
«Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы Дания Еспаева 2026 жылғы 23 тамызға белгіленген Құрылтай депутаттарының сайлауына «Ақ жол» Қазақстан демократиялық партиясының партиялық тізімінің тіркелуіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Партиялық тізімге 63 кандидат енгізілді. Дания Еспаеваның айтуынша, олардың қатарында 19 жас, 10 әйел және мүгедектігі бар 6 азамат бар.
Тізімге енген кандидаттар туралы айтатын болсақ, бұлар – партия құрамында көп жылдан бері жүрген әріптестеріміз. Олар партияға кеше ғана келген немесе екі күн бұрын тіркелген адамдар емес. Бізде ондай адамдар жоқ. Бұл азаматтардың өңірлерде жұмыс істеген тәжірибесі бар, – деді Дания Еспаева Орталық сайлау комиссиясында өткен брифингте.
Ол «Ақ жол» партиясының еліміздің барлық өңірінде өкілдігі бар екенін атап өтті. Сондай-ақ партиялық тізімге енгізілген барлық кандидат белгіленген талаптарға толық сәйкес келетінін мәлімдеді.