Даниал Ахметов ШҚО медицина қызметкерлерін марапаттады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Аймақ басшысы Шығыс Қазақстан облысының медицина қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады. 

Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады. 

Медицина қызметкерлері күні қарсаңында ШҚО әкімі Өскемен қаласындағы Ана мен бала орталығына және облыстық Денсаулық сақтау басқармасына барды. Мекеме мамандарымен кездесу барысында Даниал Ахметов аймақтың медицина қызметкерлерін алдағы кәсіби мерекелерімен құттықтап, облыстың денсаулық сақтау саласының үздіктеріне құрмет грамоталарын табыс етті. Олардың қатарында ШҚО бас педиатры Гүл Құсайынова, Ана мен бала бөлімінің маманы Гүлжан Қасебаева, Ана мен бала орталығының педиатриялық қызмет басшысы Юлия Шершнева, ревматолог Гүлжан Әділханова, нейрохирург Дмитрий Недбайло бар.


Осы демалыс күндері медицина қызметкерлері кәсіби мерекелерін атап өтеді. Короновирус пандемиясымен күрес кезеңінде талмай еңбек еткен дәрігерлер мен медбикелерді бүгінгі күннің батырлары деп атауымыз керек. Тәулігіне 24 сағат, аптасына жеті күн, отбасына көңіл бөле алмағандарына қарамастан COVID-19 індетімен аянбай күресіп, қаншама азаматтың өміріне араша түсті, қоғамның амандығына қалтқысыз қызмет етті. Қазір азаматтар медицина қызметкерлерінің еңбектеріне ерекше құрметпен қарайтынын, тек ризашылық ниетте екенін айтқым келеді. Халықтың көзқарасы өзгерді, - деп атап өтті Даниал Ахметов.


Әкім облыстың барлық медицина қызметкеріне зор денсаулық, мұқалмас күш-жігер, мол табыс тіледі. Сонымен қатар Шығыс Қазақстан облысының халқы медицина қызметкерлерін мақтан тұтатынын және олардың қажырлы еңбектеріне ризашылық білдіретінін жеткізді.


Денсаулық сақтау басқармасындағы кездесуден кейін аймақ басшысы Ана мен бала орталығындағы жақында ғана орнатылған жаңа жабдықтармен танысты. Бұл заманауи медициналық техника диагнозды дер кезінде жылдам анықтап, балаларға қажетті ем жүргізуге мүмкіндік береді.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы