Дана Нұржігіт: Педагог-психологтардың жұмысын ұйымдастыруда жүйелілік жоқ

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Парламенттің кезекті сессиясындағы Сенаттың алғашқы отырысында сенатор Дана Нұржігіт айтты. Ол еліміздің Білім және ғылым министрінің атына депутаттық сауал жолдап, осындай пікірін білдірді.

Депутаттың айтуынша, әсіресе пандемия кезінде оқушылардың психологиялық жағдайына ерекше назар аудару қажет. Бұл мәселеде кәсіби педагог-психологтардың қолдауынсыз жұмыс істеу мүмкін емес.

Қазіргі жағдай мынадай: мектептердегі психологтардың жұмысын ұйымдастыру деңгейі және ол жұмыстың сапасы әр өңірде әртүрлі. Бір сөзбен айтқанда, жүйе жоқ. Сондай-ақ білім беру жүйесіндегі психологтардың мәртебесін, орнын, психологиялық қызмет жұмысының әдісін, тапсырмаларын, міндеттерін, мақсаттарын анықтауда да бірізділік жоқ. Өйткені «Білім туралы» заңға сәйкес бұл жұмыс жергілікті органдарға жүктелген, - деді сенатор.

Сенатор алға тартқан тағы бір мәселе – мектеп психологтарының біліктілігін арттыру. Психологтар тиісті курстардан өту үшін өз қалтасынан төлеуге мәжбүр, бұл үшін бюджет ақшасы бөлінбейді.

Сенатор ел Президенті де өз Жолдауында осы мәселеге назар аударғанын ескере отырып, бұл проблема шешілуге тиіс екенін атап өтті.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы