"Дамыған елдер деңгейінде". Министр интернет жылдамдығы бойынша рейтингті айтты
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жасұлан Мәдиев еліміздегі интернет сапасының жай-күйі туралы айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қазақстанда интернетті қолданатын халықтың үлесі дамыған елдер деңгейінде. Республикада трафиктің өсуі 2020 жылға қарағанда 61,5%-ға, ал абоненттер саны 12,9%-ға өсті. Speedtest Ookla-ның 2024 жылғы сәуірдегі деректеріне сәйкес, еліміз интернеттің орташа жылдамдығы бойынша – 43,6 Мбит/с, әлем бойынша 66-орында. Бұл Ресей, Қырғызстан және Өзбекстаннан жоғары көрсеткіш, – деді Мәдиев үкімет отырысында.
Ведомство басшысы ауылдардағы интернеттің жай-күйін айтты.
Қазақстанда 6 290 ауыл бар, оның ішінде сымды интернет арқылы оптика 2 606 ауылға жеткізілді. Ұлттық жоба шеңберінде МЖӘ тетігі арқылы 3010 ауылға оптикалық байланыс желілерін қосу көзделуде. «Соңғы» тұтынушы болмаған жағдайда шағын және орта байланыс операторларының күрделі шығындарының 50%-ын субсидиялау тетігі пайдаланылады. Нәтижесінде 2,4 млн адамның интернетке қолжетімділігін қамтамасыз етілмек, – деді Цифрлық даму министрі.
Мәдиевтің мәлімдеуінше, байланыс операторларынан 340 млрд теңгеден астам көлемде жеке инвестиция тарту көзделіп отыр.
Мобильді интернет бүгінде 4 866 ауылда қолжетімді. Салық жеңілдіктері аясында 2023 жылы 1 161 ауыл 4G технологиясына қосылды. Қалған 1 424 ауыл бойынша жұмыс жалғасуда, – деді министр.