Дамумедтің дерегі бойынша некеде екенмін - блогер

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Еліміздегі денсаулық сақтау саласы әлі де былықтан көз ашар емес. Ел тұрғындары, әсіресе, Медициналық сақтандыру саласындағы заңсыздықтардың көп екенін айтып, жиі шағымданып жатады. 

Мәселен, осыдан біраз бұрын аталмыш қорға жиналған қаражат ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетіп жатыр деген ақпарат тарап, артынша біраз зыңсыздықтың беті ашылды. Сол секілді Дамумед жүйесінен де көптеген небір сұмдық анықталып, дәрігерлердің қазақстандықтарды сырттай қабылдап, өтірік диагноз қою арқылы ақша жымқырып отырғаны анықталды. Артынша Денсауминнің өкілдері арнайы мәлімдеме жасап, мұндай заңсыздықтар енді болмайды деп ант-су ішкен болатын. 

Алайда, мұндай заңсыздықтар әлі де жалғасып жатқанға ұқсайды. «Сыртымыздан құжат толтырып, жалған диагноз қойылып жатыр» деп шағым айтушылар азаймай тұр деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы. 

Әлеуметтік желі бетінде Дәулет Серікбай есімді блогердің жазбасы пайда болды. Қоғам белсендісінің бұл жазбасында Дамумед жүйесінен өзінің тегін дәрілер алып жатқанын оқып білген. Бір қызығы, бұл дәрілер жүкті әйелдерге берілетін препараттар болып шыққан. 

Медсақтандыру енгізілгелі ауруханалар адам санын көбейту үшін түрлі нәрсе істеп жатыр ғой. Есігінен қарамасаң да, «емдедік» деп сыртыңнан қағаз толтыра салады. Арқалықтың бәлнісінен күн сайын тегін дәрі алып жатыр екенмін.

Гуглдан қарасам, жүкті әйелдерге берілетін бірдеңе екен. Жүкті әйелім жоқ қой, ол дәріні алып не істеймін. Екіншіден, ол емханада тіркеуде емеспін, - деп жазған ол Facebook-тегі парақшасында.

Сонымен қатар, ол Дамумед жүйесіндегі өзіне қатысты кейбір ақпараттардың қате толтырылғанын байқаған. 

Айтпақшы әйелім бар екен, Дамумедтің дерегі бойынша некеде екенмін. Бірақ ол қатынды өзім көрмедім. Сыртынан кредит алатындарды естуші едім, енді сыртынан байға тиіп алатындар шыққан ба? Жазда некеде едім, енді жүкті қылыппын. Келер жылы үшем ұлдарымды тіркейтін шығар. Көбейгеніміз, емделушілер санын көбейткеніміз жақсы ғой, - деп атап өткен жазба авторы.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы