Былтыр "Даму" Қоры 23 мыңнан астам кәсіпкерге қолдау көрсеткен

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін ҚР президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз-мәслихатында "Даму" кәсіпкерлікті дамыту қорының" 2019 жылғы қызмет нәтижесі жария етілді. 

Былтыр "Даму" Қоры 23 мыңнан астам кәсіпкерге қолдау көрсеткен. Бұл туралы басқарма төрайымы Гаухар Бөрібаева мәлім етті. 

"Даму" Қоры 2019 жылы 23,5 мың кәсіпкерге қолдау көрсетті. Ал, Қор бағдарламалары бойынша қаржыландырылған несие сомасы 600 млрд теңгеден асты. 2019 жылы кепілдік беретін барлық бағдарлама бойынша қолдау алған жобалар саны 2 673-ге жетті. Бұл – 2018 жылмен салыстырғанда 38%-ға артық. Несие сомасы 102,7 млрд теңгені құрады, ал кепілдік сомасы 40,4 млрд теңге. Жалпы алғанда, бағдарлама жүзеге асырылған уақыт ішінде кепілдендіру құралы арқылы 8,6 мың жоба 302 млрд теңгеге қолдау алған, - дейді Гаухар Бөрібаева. 
Баршаңызға белгілі, бүгінде "Даму" Қоры – микро, шағын және орта кәсіпкерлікке мемлекет қолдауын ұсынатын негізгі ұлттық институт. Қор негізінен 4 қаржылық құрал бойынша, атап айтсақ: жеңілдікпен несиелендіру, сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау, несиеге кепіл болу және онлайн оқыту және клиентті қаржы иституттарына дейін жетелеу сынды тетіктер бойынша жұмыс істейді. 

Басқарма төрайымы Гаухар Бөрібаеваның айтуынша, осы аталған қаржы құралдарын пайдалана отырып, "Даму" қоры 85 мың жобаға 5,3 трлн теңге бөлген.

Өткен жылы Үкімет "Қарапайым заттар экономикасы" атты басымдық берілген жобаларды қолдау бағдарламасын іске қосты. "Бизнестің жол картасы 2020" бағдарламасы бекітілді. Шағын және орта кәсіпкерлікке қолдау көрсететін бірқатар мемлекеттік бағдарлама жетілдірілді. Қор осы бағдарламаларды жүзеге асырудағы негізгі қаржы операторларының бірі. 2019 жылы барлық бағдарлама бойынша сыйақы мөлшерлемесі субсидияланған жобалар саны 2 641-ге жетіп, несие сомасы 269,8 млрд теңге болып, өсім 80%-ға артты. Несие сомасы 36%-ға артқан. Жалпы алғанда, өткен жылы субсидияланған 15,5 мың жоба 2,8 трлн теңгеге қолдау алған, - деп хабарлады "Даму" қорының басшысы.

Спикердің сөзіне сүйенсек, Қор қазақстандықтардың бизнеспен айналысуына жағдай жасауға аса көңіл бөліп отыр. Дәл қазіргі кезде әлемдік экономиканың дамуында шағын және орта кәсіпкерлік – тұрақты жұмыс орындарының ашылып, көбейе беруінің негізі саналады.

Басқарма төрайымы бұл өз кезегінде халықтың әл-ауқатының көтерілуіне серпін береді деген сенімін білдірді. 

Айта кетейік, ұйым әкімдіктермен бірлескен және шағын және орта бизнес субъектілерін қолдаудың басқа да бағдарламаларын өз қаражаты немесе сырттан тартылған қаражат есебінен жүзеге асырып келеді. Жалпы алғанда микро-қаржы ұйымдары мен екінші деңгейлі банктер арқылы арқылы 61 мың борышкерге жалпы сомасы 2,2 трлн теңге несие берілген.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы