16 Қараша 2026, 13:13 Фото: видеодан скриншот

«Даму формуласы»: Ел дамуының өзекті мәселелері жаңа телевизиялық ток-шоуда талқыланады

Бүгіннен бастап «Хабар» телеарнасынан «Даму формуласы» атты жаңа қоғамдық-саяси ток-шоу эфирге шығады. Жоба Мемлекет басшысының бастамалары мен ел дамуының стратегиялық бағыттарын, Президент Жолдауында белгіленген басымдықтарды кеңінен талқылауға арналған.

Бағдарламаның басты мақсаты – қоғам үшін маңызды мәселелерді ашық талқылап, мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын сарапшылар мен қоғам өкілдерінің көзқарасы арқылы түсіндіру.

Бағдарламада мемлекеттік бастамалар баяндалып қана қоймай, олардың мазмұны, жүзеге асу тетіктері мен нақты нәтижелері жан-жақты сараланып, қоғам өкілдерінің ел дамуына қатысты пікірі мен ұсыныстарына кеңінен орын беріледі.

Алғашқы шығарылымда кәсіпкерлікті қолдау, шағын және орта бизнесті дамыту, халықты қажетті әлеуметтік инфрақұрылыммен қамту, сондай-ақ «Халықтық құрылыс» жобасының маңызы мен жүзеге асу перспективалары сөз болды.

Талқылауға Құрылтай депутаттары Ерлан Сайыр, Айдос Сарым және қоғам белсендісі Самат Нұртаза қатысты. Спикерлер елдегі реформалардың маңызын, экономиканың өсуіне серпін беретін бастамаларды және олардың халықтың тұрмыс сапасына ықпалын талқылады.

«Даму формуласы» жобасының жүргізушісі – белгілі журналист Мейрамгүл Мәдәлі. Бағдарлама «Хабар» телеарнасынан әр дүйсенбі күні сағат 23:00-де және әр сәрсенбіде сағат 14:00-де көрсетіледі.