Дәмханадағы жарылыс: себеп пен салдар

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. 2020 жылдың 20 қарашасында елордалық дәмханада жарылыс болды. Анықталғандай, Шұбар шағын ауданындағы дәмхана ретінде қайта жабдықталған коттеджде газ баллон жарылған. Жарылыс салдарынан ас үйдің шатыры құлаған. Оқиғаны тізбектеп шығуды жөн көрдік.

Жарылыс болған күні оқиға орнында Нұр-Сұлтан қаласы ТЖД, Жедел-құтқару жасағы, Апаттар медицинасы орталығы күштері мен құралдары, жедел-медициналық жәрдем жұмыс істеді.


Елордалық құтқарушылар оқиға орнынан 35 газ баллон шығарды. Үйіндінің арасынан 1998 жылы туған  қызды құтқарды, ол жабық бас ми зақымын алған.

Өкіншке қарай, оқиға орнында дәмханада ыдыс жуушы болып қызмет атқарған 1968 жылы туған әйел адам қаза тапты. 52 жастағы әйелдің денесі туған жері Қызылорда облысына жеткізілді. Марқұмның артында жалғыз ұлы қалған.

Нұр-Cұлтан қаласы Есіл ауданы әкімінің орынбасары Дәрменияр Қыдырбекұлының айтуынша, марқұмның отбасына 1 млн теңге көлемінде көмек көрсетіледі.


Сондай-ақ оның денесін туған жеріне жеткізу үшін қажетті құжаттарды алуға әкімдік көмектеседі.

Газ баллон жарылған кезде бөлмеде болған қыздың отбасы мен туыстарына көңіл айтамын. Марқұмның отбасына көмек көрсетіледі. Төтенше жағдайды тергеу үшін арнайы комиссия құрылды. Жедел штаб құрылып, психологиялық және ақпараттық қолдау көрсету үшін жедел желі құрылды.Төтенше жағдайлар департаменті мен полиция департаментіне қаладағы басқа да қоғамдық тамақтану нысандарын өрт қауіпсіздігі ережелерінің сақталуын тексеруді тапсырдым, - деді Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов.

Аталған жарылыс бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Себебі бір ғимаратта 35 газ баллонының болуы қауіпсіздік шараларына қарама-қайшы келеді.


Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 292-бабы 2-тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Өрт-техикалық және сот сараптамалары тағайындалды. Тергеу амалдары полиция департаменті басшылығының бақылауында тұр, - деді полиция департаментінің баспасөз қызметі. 

Нұр-Сұлтан қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқарамасының баспасөз қызметі хабарлағандай, апатты жағдайдан барлығы 35 адам зардап шеккен.

Олар оқиға орнынан бірден қалалық стационарларға жеткізілді. Тексеруден кейін 23 адам ауруханаға жатқызылды. 11 адам үйге, амбулаториялық ем алуға жіберіліп, 3 адам жансақтау бөлімінде жатыр, - деген еді қоғамдық денсаулық сақтау басқарамасының баспасөз хатшысы Әйгерім Ардаққызы. 

Ал 26 қазанда жансақтау бөлімінде жатқан азамат көз жұмып, құрбандар саны екіге жетті.

Соңғы екі күнде ол ауыр халде жатқан.

Қаза болған жігіт ауыр ми жарақатын алған. Нұр-Сұлтан қаласының көпсалалы №2 ауруханасына түскен ол Ұлттық нейрохирургия орталығы мамандарының бақылауында болды. Алайда атқарылған шараларға қарамастан, пациентті құтқару мүмкін болмады, - деді Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әйгерім Ардаққызы. 

Осы оқиғадан кейін Төтенше жағдай министрлігі газ баллонын дұрыс пайдаланудың жолдарын түсіндіріп, ведомствоаралық комиссия газ баллондары қолданылатын тамақтану орындарын жоспардан тыс тексеру бойынша жұмысын бастады.


Елорда әкімі Алтай Көлгіновтің тапсырмасы бойынша жұмыс тобы құрылды, оның құрамына Төтенше жағдайлар департаменті, Ішкі істер министрлігі, тұрғын үй инспекциясы, әкімдік, өнеркәсіптік қауіпсіздік басқармасы кіреді.

Комиссияны әкім орынбасары Бақтияр Мәкен басқарады.

Мемлекет кәсіпкерлерді қолдау үшін барлық жағдайларды жасайды, тексерулерге мораторий жарияланды. Біз кәсіпкерлерімізге сенеміз. ШОБ нысандары өз кезегінде барлық қауіпсіздік ережелерін сақтауы керек. Адам өмірі мен денсаулығына ештеңе қауіп төндірмеуі керек. Өткен аптада болған оқиғаны ескере отырып, мобильді топ жоспардан тыс тексерулерге барып, қосымша нұсқаулар береді. Егер заң бұзушылықтар анықталса, меншік иелеріне айыппұл және одан да қатал жаза қолданылады, - деді жұмыс тобының мүшесі, инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы басшысы Ерлан Бекмырзаев.

Жиында қолданыстағы баллондарды кем дегенде 5 жылда бір рет қарап, куәландыру керек екені айтылды.

Коррозиялық газдармен толтыруға арналған баллондар (хлор, метилхлорид, фосген, күкіртті сутек, күкірт диоксиді, хлорсутек және басқалары), сондай-ақ автомобильдер мен басқа да көлік құралдары үшін отын ретінде қолданылатын сығылған және сұйытылған газдарға арналған баллондар кем дегенде 2 жылда бір рет тексерілуі тиіс.

«Газ және газбен жабдықтау туралы» Заңға сәйкес, сұйылтылған мұнай газын екі қабаттан жоғары көп қабатты тұрғын үйлердегі тұрмыстық баллондарда сақтауға және (немесе) пайдалануға тыйым салынады.

Газ тұтынатын жүйелер мен газ жабдықтарының иелері олардың тиісті техникалық жағдайы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге міндетті.

Жыл сайын газбаллонды қондырғылардың жарылысы мен тарсылының 30-ға жуық оқиға тіркеледі екен.

Ол оқиғалардан шамамен 10 адам қаза табады және 50-ге жуық адам жарақат алады.

Қаза болудың негізгі себептері: тұрмыстық газ құрылғыларын пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі талаптарының бұзылуы, түтін және желдету арналарының тартпауы, газ жабдығының түтін каналымен жалғастырушы құбырларының герметикалығының нашарлауы, жапқышты жабу, ақауы бар пештер мен газ қазандығын пайдалану, үй-жайларды жылыту үшін газ плиталарын пайдалану.

 

   

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы