Далада жүрген жылқыны атып, етін сатқан күдіктілер қолға түсті
Ақтөбе облысының Шалқар ауданында жылқыны атып, содан кейін етін сатып жіберген күдіктілер ұсталды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Шалқар ауданында шаруа қожалығының басшысы бір бас жылқысының жоғалғаны туралы полицияға арыз жазған.
Жедел іздестіру шаралары барысында ауданнан 15 шақырым жерден малдың терісі, тұяқтары және басы табылған. Сондай-ақ оқиға орнында қалған іздер бойынша криминалист көліктің маркасын анықтап, оның «Нива» автокөлігі екенін анықтаған. Мәліметтер учаскелік инспекторларға жолданып, көліктің иесі табылды.
Күдікті жылқыны екі танысымен бірге атып, етін бөлшектеп, одан кейін белгісіз тұлғаға сатқандарын мойындады. Күдіктілердің бірінің үйінен балта мен пышақ тәркіленді. Аталған дерек бойынша мал ұрлығы фактісіне қатысты қылмыстық іс қозғалды. Екі күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды., - деп хабарлады Ақтөбе облысының ПД баспасөз қызметі.
Еске салайық, бұған дейін қарағандылық фермер 17 жылқыны атып тастағаны хабарланды.
Сондай-ақ, Астанада ұрланған малды сойып, етін сатып жіберген қылмыстық топ ұсталған болатын.