Дала және орман өрттерінен келген шығын 111 млн теңгені құрады

Ертіс өңірінде өрт қауіпті кезеңге дайындық басталды, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің Павлодардағы тілшісі.

Бұл мәселе төтенше жағдай жөніндегі облыстық комиссияның отырысында қаралды. Облыстық салалық департаменттің бастығы Жасұлан Жұмашевтың айтуынша, аймақта тіркелген орман өрттерінің негізгі себебі – найзағай разрядтары. Сақтық шараларын уақытында жүргізу де күн тәртібіндегі негізгі мәселе.

Найзағай жарқылы салдарынан 112 жағдай тіркелді. Ал оттың дала аумақтарынан келу жағдайлары 38-ге жетті.  Ал минералданған жолақтардың талапқа сай болмауы салдарынан 15 орман өрті болды. Екі жыл бұрын Риддер қаласының маңында қайғылы оқиға болғанын білеміз. Өрт салдарынан бір адам көз жұмып, екі азамат ауыр жарақат алды. Осындай жағдай орман массивіне жақын жатқан Шарбақты ауданында қайталануы мүмкін. Есілбай, Шалдай, Жаңаауыл, Садықашы елді мекендері орманға жақын орналасқан.  Осыған байланысты табиғи өрттерді ерте анықтай жүйесін енгізу қажеттілігі туындап отыр. Мәселен, Бурабай мемлекеттік паркінде 16 бейнебақылау мачтасы орнатылған. Құрылғылардың көмегімен табиғи өрттерді алдын алу жұмыстары күшейтіледі, - дейді Жасұлан Жұмашев.  

Облыстағы саяжай учаскелерінде де мәселе бар. Бұл аумақтарда жазғы су құбыр жүйелерінде өрт көліктеріне су алуға мүмкіндік беретін арнайы құрылғылар жоқ. Сол себепті өрт кезінде арнайы техника қала шетіндегі гидранттарға баруға мәжбүр. Өрт қауіпті кезең алдында наурыз-сәуір айларында табиғат қорғау мекемелерінің дайындығы тексеріледі.

Айта кетейік, бүгінгі таңда облыс аумағында 53 өрт бекеті бар. Олар 256 елді мекеннің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Бұл ауылдарда 111 мыңнан астам халық тұрады. 60 арнайы техника бар. Жұмыскерлер саны 100-ден асады. 

Өткен жылы 2021 жылға қарағанда орман өрттері 40%-ға артып, 111 млн теңгенің шығыны келтірілген.

Комиссия қорытындысы бойынша үстіміздегі жылдың 15 сәуіріне дейін өрт бекеттерінің жұмысы ұйымдастырылып, арнайы техника және материалдарымен қамтылатын болды. Сонымен қатар, Ақмола облысының тәжірибесі зерттеліп, Павлодар өңірінде де мачталарды орналастыру бойынша жоба әзірленбек.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: BAQ.KZ
Өзгелердің жаңалығы