Дала фольклорының антологиясы жарық көрді

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Алматыдағы Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында «Дала фольклоры мен музыкасының 1000 жылы» атты жоба аясында жарық көрген кітаптардың таныстырылымы өтті.

Жиын барысында «Дала фольклоры антологиясының» онтомдығы, «Ұлы даланың көне сарындары» үштомдығының 2-ші томы, сондай-ақ «Ежелгі дәуір әдебиетінің антологиясы» бестомдығының 2, 3-ші томдарының тұсаукесер рәсімі өтті.

Бұл кітаптардың барлығы Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында жүзеге асырылып жатқан «Дала фольклоры мен музыкасының мың жылы» жобасы бойынша дайындалған. 

Аталған институт директоры Кенжехан Матыжанов бұл кітапқа қазақ даласы фольклорының ең таңдаулысы жинақталғанын айтады.

Дала фольклоры антологиясына» ерте кездегі эпостар, жырлар, аңыздар, әдеп-ғұрып жырлары енді. Оған қоса аудио жазбалары да бар және кітаптың соңында сондағы көне сөздерге түсінік берілген. Кітап үш тілде жарық көріп отыр. Ал, «Ұлы даланың көне сарындары» үштомдығына Құрманғазының көп тартыла бермейтін күйлері жазбаша нұсқада беріліп отыр. Оның ішінде сыбызғы, қобыз және домбыра күйлері бар. Бұл кітапты біздің сайттан электронды нұсқасын кез келген адам оқи алады,-дейді Кенжехан Матыжанов.


Іс-шараға жобаның құрастырушылары, редакциялауға атсалысқан ғалымдар, редакторлар мен әдебиет саласының сарапшылары қатысты.



Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы